Кино • Бүгін, 08:05

Ринг пен рух

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер қаласында «Unico Play» онлайн-кинотеатрының алғашқы спорттық драмасы – «Тренер аға» сериалының жабық көрсетілімі өтті. Бұл – кәсіпқой бокс тақырыбын арқау еткен отандық тұңғыш телехикая.

Ринг пен рух

Суреттерді түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Сериал сегіз бө­лім­нен тұрады. Қазақ тілінде түсі­рілген, орысша субтитрмен ұсынылады. Алғашқы сериялары көрерменге жол тартты. Сюжет желісі бокс­шы Дарханның тағдырына құрылған. Әкесінің қазасынан кейін туған қаласына оралған ол мұраға қалған ескі бокс залын қабылдап алады. Кәсіпкердің қомақты қар­жы ұсынып, залды сатып алуға табанды түрде кірісуі бастапқыда оңай шешімдей көрінеді. Алайда әкесінің өлімі кездейсоқ болмағанын сезген сәттен бастап, Дархан үшін бәрі өзгереді. Шындықты іздеу оны астыртын жекпе-жек әлеміне жетелейді. Сол жерде ол әкесінің бұрынғы шәкірті болған өрімдей жасты құтқарып қалады. Осы сәттен бастап Дархан көше балаларына тірек болар «тренер ағаға» айналады. Сериалдың өзегінде күш қолдану мен қылмыстық қысымға қарсы шынайы күш – өзін-өзі бақылау мен жауапкершілік идеясы жатыр.

с

Жобаның режиссері – көрерменге «Qarga» сериа­лы арқылы таныс Бей­біт Өнер. Бұған дейін де әлеу­меттік реңкі басым туындыларымен көзге түскен режиссер бұл жолы спорт арқылы қоғамды сөйлетуді шешіпті. «Сериалдың басты кейіпкері Дархан тек боксқа баулитын жаттықтырушы емес, ол жасөспірімдерді қиындықпен күресуге, шешім қабылдауға және күрделі жағдайларда өз болмысын сақтауға үйретеді. Біз спорт пен тәлімгерліктің өмірді қалай өзгертіп, жас буынға жаңа мүмкіндіктер ашатынын көрсеткіміз келді»,  дейді ол. Түсірілім Қарағанды мен Пришахтинскіде өтті. Жасанды декорациядан гөрі өмірдің өз тынысы таңдалған. Жекпе-жек көріністерін халық­аралық «Nomad Stunts» тобының мүшесі Қанат Құ­дияров сахналаған. Ал бас­ты рөлді сомдаған актер үш ай бойы арнайы бокс және физикалық дайындықтан өткен. Дархан бейнесін жас актер Қуаныш Құдайберген сомдады. «Бүгінде кино тек ойын-сауық емес, мәдени және идеологиялық ортаның маңызды бөлігіне айналды. Жастар экран арқылы спорт­қа деген сүйіспеншілікті сезініп, шабыт алса, еңбегі­міздің ақтал­ғаны», дейді ол.

Сериалға жас актерлермен қатар бокстан Олимпиада жеңімпаздары да тартылған. Жобаның премьералық көр­сетілімін ұйымдастыруға «Startkino» қоғамдық бірлестігі мен «Ortau» креа­тивті орталығы атсалысты. Олар Қарағанды өңірінде жастар шығармашылығын қолдауға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

 

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар

Жастар – өзгерістің тың күші

Жастар • Бүгін, 08:53

Табыс неге азайды?

Экономика • Бүгін, 08:48

Іскер болмай, ілгерілеу жоқ

Экономика • Бүгін, 08:40

ЖИ-ді оқу жүйесіне енгізу жеделдейді

Жасанды интеллект • Бүгін, 08:35