1936 жылы Мəскеуде өткен қазақ көркемөнерінің онкүндігіне қатысып, Калининнің қолынан орден алып келгеннен кейін Қазақстан үкіметі Жамбылға айрықша көңіл бөле бастады. Ақынға арнап ауылынан үлкен үй салып берді. Жаңа үйіне көшкен соң, 1938 жылы жыршыға ГАЗ-М1 автомобилін сыйға тартты. Сонымен қатар көлік жүргізушісі де бекітті.
Кеңес заманында М1, яғни «эмка» атақты автокөліктің бірі саналды. Бұл көлікке кез келген адамның қолы жетпейтін. Автокөлік Горьков автозауытында дайыналды. Әлбетте, ол кезде М1 көлігінің түсі негізінен қара болды. Алайда кейбір сала адамдарына әртүрлі түстегі «эмка» берілді. Мәселен, дәрігерлер мінген көліктің түсі ақ болса, әскерилер жасыл түстісіне мінді. Ал мәдениет қайраткерлері негізінен көк түсті көлікті тізгіндеді. Сол себепті Жамбыл да көк түсті «эмкаға» мінді. Осылайша автокөліктің түсі арқылы ішінде қандай саланың адамы отырғанын оңай білуге болатын.
Жамбыл өз автокөлігін сирек қолданды. Атқа мініп үйренген ақын көлікке мінгенді аса ұната қоймады. Дегенмен жиын-тойларға барғанда осы көлігімен қатынағаны жайлы деректер бар. Қазіргі уақытта бұл көлік ақынның бұрынғы үйі – қазіргі Жамбылдың музей-үйіне қарасты гаражда сақтаулы тұр.