Кездесу барысында Аида Балаева металлургия Қазақстан экономикасында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бұл негізгі сала елдің экспорттық әлеуетін қалыптастырады, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді және құрылыс, машина жасау мен энергетика дамуына үлес қосады. Сонымен қатар, жаңа Конституция нұсқасы ең алдымен еңбек, қауіпсіздік және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы мәселелеріне қатысты екенін ерекше айтты.
− «Қазцинк» жылдар бойы Қазақстанның түсті металдар әлемдік нарығында ең қатал бәсекеге төтеп бере алатынын дәлелдеді. Бұл сіздердің еңбектеріңіздің, тәртіп пен кәсібиліктің нәтижесі. Алайда өнеркәсіпті әрі қарай дамыту, білікті кадрларды сақтау және инвестиция тарту үшін ішкі-саяси тұрақтылық пен ойын ережелерінің болжамдылығы бұрынғыдан да маңызды. 2026 жылғы 15 наурызда жаңа Конституцияға референдум өтеді. Бұл тек формальдылық емес. Бұл әрбір азаматқа мемлекеттік маңызы бар мәселелер бойынша тікелей өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік. Соңғы алты айда негізгі заңның түбегейлі жаңартылған мәтіні дайындалды. Ел тарихында алғаш рет егемендік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық пен басқару формасы өзгермейтіні тікелей Конституцияда бекітілді, – деді министр.
Бұдан соң, Аида Балаева еңбек ұжымдарына тікелей қатысты нормаларды да жеке атап өтті.
«Негізгі заң еңбек ету құқығын, қауіпсіз жұмыс жағдайлары мен әділ төлем алуды дискриминациясыз қамтамасыз етеді. Бұл нормалар өндірістік жарақаттануды азайтуға және қызметкерлердің денсаулығын сақтауға бағытталған. Яғни, жұмыс беруші мен мемлекеттің еңбек жағдайлары үшін жауапкершілігі Конституцияда бекітілген. Заң үстемдігі принципі жұмыс істейтін елде болжамдылық жоғары, қауіп төмен, болашаққа сенім көп. Демек, кәсіпорындар мен қызметкерлердің отбасылары үшін даму мүмкіндіктері артады. Ең басты өзгеріс – Конституцияның төрінде адам және оның құқықтары, қауіпсіздігі, еңбегі тұр», деп атап өтті А. Балаева.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев кәсіпорын қызметкерлеріне сөйлеген сөзінде жаңа Конституция жобасының цифрлық дәуір талаптарын ескеретінін және онлайн ортадағы адамның құқықтарын күшейтетінін атап өтті.
«Енді Конституцияда интернеттегі хат-хабар және коммуникацияларды қорғау, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау сынды маңызды нормалар бекітіледі. Сондай-ақ, жеке деректерді қорғау мемлекет деңгейінде қамтамасыз етіледі. Бұл өте маңызды. Сіздің деректеріңіз желіде жарияланбауы, сатылмауы немесе адамға қарсы пайдаланылмауы тиіс. Мемлекет адамның құқықтарын тек офлайн ғана емес, онлайн да қорғайды», деді депутат.
Өнеркәсіп сектор өкілдері де алдағы референдумның ел экономикасының тұрақты дамуы және еңбек ұжымдарының болашағы үшін маңызды екенін атап өтті. Өскемен металлургиялық кешенінің директоры Тимур Тоқжігітов өз пікірін білдірді.
− «Қазцинкте шамамен 19 мың адам жұмыс істейді, оның ішінде 4 мыңға жуығы Өскемен металлургиялық алаңында қызмет етеді. Қызметкерлердің төрттен бірі – әйелдер, олар жалпы нәтижеге өз үлестерін қосады. Біздің ұжым үшін алдағы референдум – тек әлеуметтік-саяси оқиға ғана емес, елдің стратегиялық даму мәселесі. Біз міндетті түрде 2026 жылғы 15 наурыздағы референдумға қатысамыз, – деді Тимур Тоқжігітов.

Бибігүл Жексенбай: Жаңа Конституция – Ұлттық құрылтайда басталған реформалардың логикалық жалғасы
Қызметкерлердің көзқарасын мыс шығару цехының аға шебері Аслан Тұрғамбаев та жеткізді.
− «Қазцинк металлургтері – нағыз еңбек адамдары. Біз тәртіпке, жауапкершілікке және нақты нәтиже көрсетуге үйренгенбіз. Бүгін біз еңбектің рөлін күшейту бойынша жүйелі қадамдарды көріп отырмыз. Жаңартылған Конституция құқықтар мен әлеуметтік қорғау кепілдіктерін нығайтады, тұрақты әрі әділ жүйені қалыптастырады. 15 наурызда біздің ұжым сайлау учаскелеріне барады. Біз күшті, тұрақты және дамып келе жатқан Қазақстанды таңдаймыз, – деді А.Тұрғамбаев.