Ғылым • Бүгін, 08:20

Ғылым саласындағы жасанды интеллект

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда «AI SilkNet» Қазақстан-Корея жасанды интеллект орталығы ресми ашылды. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйым­дас­тырған «Қазақстан ғылымы мен технологияларының форсайты: деректерден – шешімдерге» атты стратегиялық сессия аясында іске қосылған жаңа орталық елдегі ғылыми-технологиялық саясатты деректер мен жа­санды интеллект негізінде басқаруға бағытталған алғашқы ұлттық платформа.

Ғылым саласындағы жасанды интеллект

Сурет: profit.kz

Салтанатты жиынға 400-ден астам отандық және шетелдік ғалымдар, са­ла­лық министрліктер мен жергілікті ат­қа­рушы органдардың, индустрия мен биз­нес салаларының өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институт­тары­ның басшылары қатысып, ғылымды болжау, технологиялық даму бағытта­рын айқындау және предиктивті аналитиканы енгізу мәселелерін талқылады. Іс-шараның басты тақырыбы – ғылымды басқарудың жаңа тәсілі мен жасанды интеллект мүмкіндігін ұлттық ғылыми инфрақұрылымға енгізу болды.

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев жаңа орталықтың ашылуын ғылымды ұйымдастырудағы сапалы өзгерістің бастамасы деп бағалады. Оның айтуынша, ғылым бұрынғы­дай жеке жобалардың жиынтығы емес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет ететін біртұтас жүйе болуға тиіс. «Біз ғылымды қаржыландыру­дың бытыраңқы моделінен бас тартып, ресурстарды стратегиялық басымдықтарға бағыттайтын жаңа архитектураға көшуіміз қажет. «AI SilkNet» осы үдерістің интел­лектуалдық өзегіне айналады», деді ол. Академия президенті ғылыми сая­сат нақты нәтижеге, ұлттық бәсекеге қабі­леттілікті арттыруға және болашақ технологиялық мүмкіндікті алдын ала анықтауға негізделуі керектігін атап өтті.

«AI SilkNet» орталығы Ұлттық ғылым ака­демиясы мен Корей ғылыми-техни­ка­­лық ақпарат институтының (KISTI) бір­лес­кен бастамасы ретінде құрылды. Ашылу рәсі­мі­не қатысқан KISTI президенті доктор Сик Ли қазіргі әлемде ғылыми жетістік де­ректерді тиімді талдау мен ұзақмерзімді бол­жауға тікелей байланысты екенін айтты. «Фор­сайт және предиктивті аналитика мем­лекеттерге технологиялық өзгерістер­ді алдын ала түсінуге мүмкіндік береді. Қазақстанмен бірлескен бұл орта­лық ғылыми ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, Орталық Азия үшін маңызды талдау алаңына айналады», деді Ғылым академиясының президенті.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун жаңа платформаның ұлттық ғылым үшін стратегиялық маңызына тоқталды. Оның сөзінше, «AI SilkNet» ғылыми ақпарат­тың ауқымды көлемін талдап, жаһандық технологиялық трендтерді анықтауға, патенттік және жарияланымдық анали­тика жүргізуге, сондай-ақ түрлі салалар­дың дамуына арналған предиктивті сценарийлер жасауға мүмкіндік береді. «Ғы­лым мен технология форсайты – стратегия­лық басқа­ру құралы. Ұлттық ЖИ плат­фор­масы ғы­лы­ми ақпарат көлемін талдау­ға, ға­лам­дық технологиялық трендтерді анық­тауға, патенттік және жарияланымдық ­ана­литиканы жүргізуге, салалардың да­­муына предиктивтік сценарийлер жа­­сауға және ғылыми әрі эксперттік тапсырма-
ларға арналған арнайы AI-агент­терді құ­руға мүмкіндік береді», деді вице-министр.

Жаңа орталық ғылыми, технологиялық және индустриялық деректерді біріктіріп, ғы­лыми зерттеу және тәжірибелік-конс­трук­­­тор­лық жұмыстардың басым бағыт­та­­рын негіздеуге бағытталады. Соны­мен қатар­ «AI SilkNet» академияға арнайы ЖИ-­агент­тер әзірлеуге, стратегиялық баян­­дамалар­ды жедел дайындауға және әлем­дегі тех­нологиялық өзгерістерді тұрақ­­ты сарап­тауға мүмкіндік береді. Сарап­шылар­дың пікірінше, бұл ғылым, мем­лекет және экономиканың нақты секторы ара­сындағы байланысты күшейтіп, ғылы­ми шешім қабылдауды жаңа деңгейге шығарады.

Стратегиялық сессия барысында өңір­лік ғылымды дамыту, форсайт же­лісін қалыптастыру және ғылыми басым­дықтарды айқындауға әкімдіктер мен индустрия өкілдерін тарту мәселелері де кеңі­нен талқыланды.