Фото: Ашық дереккөз
Зейнетақы активтерінің жекелеген қысқа кезеңдердегі табыстылығы ұзақ мерзімді басқару тиімділігін толық сипаттай алмайды. Кірістілік деңгейі қаржы құралдарының нарықтық құнына, валюта бағамдарының ауытқуына және өзге де сыртқы факторларға тәуелді. Сондықтан инвестициялық табысты ұзақ мерзімді тұрғыда бағалау орынды.
Осы ретте орта және ұзақ мерзімде зейнетақы жинақтарының оң нақты кірістілігі, яғни инфляциядан жоғары табыс қамтамасыз етіліп келеді. 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылғаннан бері 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жинақталған инвестициялық кірістілік 1 173,15% болса, осы кезеңдегі инфляция 952,32% деңгейінде қалыптасты.
2026 жылғы 1 ақпандағы дерекке сәйкес, 2014 жылы зейнетақы активтері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына біріктірілгеннен бері жинақталған таза инвестициялық кіріс 13,99 трлн теңгеге жетті. Бұл сома төлемдерді ескергендегі зейнетақы жинақтарының жалпы көлемінің 41,5%-ын құрайды. Яғни инвестициялық қызмет салымшылар қаражатын көбейтудің маңызды тетігіне айналып отыр.
Ел тұрғындары баспана мен емделу бағытында БЖЗҚ-дан қанша трлн теңге алды?
Салымшылар өз зейнетақы активтерінің бір бөлігін жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) сеніп тапсыруға құқылы. Атап айтқанда, міндетті зейнетақы жарналары есебінен жинақтардың 50%-на дейін, ал ерікті зейнетақы жарналары есебінен 100%-на дейін аударуға мүмкіндік бар.
Ұлттық банктің басқару тәсілі ұзақ мерзімді сақталым мен тұрақты табысқа бағытталған барынша консервативті саясатқа негізделсе, ИПБ-лардың инвестициялық декларациялары кірістілікті арттыруға арналған кеңірек мүмкіндіктер ұсынады. Алайда бұл бағыттағы тәуекел деңгейі де жоғары екенін ескерген жөн.
Айта кетейік, Қазақстанда Ұлттық банк басқаруындағы міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейін ескере отырып сақталуына бірегей мемлекеттік кепілдік берілген. Егер салымшының төлем алу құқығы басталған сәтте жекелеген кезеңдердегі табыстылық төмендеп, жинақталған кірістілікке кері әсер етсе, айырманы өтеу міндетін мемлекет өз мойнына алады.