Тұлға • Бүгін, 08:25

Текті әулеттен шыққан өр тұлға

10 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өткен ғасыр басында қазақ даласында сан ғасырға жалғасқан отар­шылдық бұғаудан босанудың қам-қарекеті басталды. Осы баянды істің басында қазақ оқығандары тұрды. Олар сол дәуірдің ең озық оқу орындарында білім алып, алаш идеясы маңына топтасты. Солардың бірі – озық ойлы азамат Ғазымбек Бірімжанов еді. Бұл тұлғаның туғанына биыл 130 жыл толып отыр.

Текті әулеттен шыққан өр тұлға

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Атам қазақта «тектіден тек­ті туар сараланып» дей­тін тіркес бар. Бұл сөз кейіп­керіміз Ғазымбек Қор­ған­бекұлының болмысына бап жарасып тұр. Өйт­кені бұл кісінің арғы атасы жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақтың қамы үшін күрескен атақты батыр тархан Жәнібек Қошқарұлы. Зерттеуші Данияр Ихсанның пайымдауынша, осы кісінің бір баласы Дәуітбай (кейбір деректерде Дүтбай) тарханнан Мұса батыр туады. Мұсадан – Шеген би.

Шеген атамыз өз заманында ресей­лік отарлау ісіне бет бермеген адам. Бидің замандасы үлкен ақын Әлмағамбет Оспанұлы

«Мұсадан туған Шеген би,

Патшадан келген сыйлықты,

Алдауыш деп алмаған,

Олжа деп көзін салмаған,

Алдауына көнбеген,

Айдауына жүрмеген...»

деп сипаттаған. Осы Шеген биден Бірімжан туады. Осы кісінің кіндігінен «қос зерен» атанған Қорғанбек пен Дәуренбек өрбиді.

Қазақтың асыл қызы Гүлнар Дулатова апамыз өз естелігінде: «Қор­ған­бек төрт әйел алған адам. Үлкен бәйбішесі Ханшадан: Ахмет пен Әбдікәрім, екінші әйелі Сахибидан – Ғазымбек, үшінші әйелі Мүгүлсімнен – Кәрім, төртінші жары Гүлмайданнан: Мұхтар, Батырхан, Нұрхан, Жұмахан және екі қыз Ғазима мен Шәкен туады» деп жазады (Дулатова Г.М. Алаштың сөнбес жұлдыздары. – Алматы: Мектеп, 2022. – 145-б).

Сондай-ақ алаштанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев айтқандай, аса өнегелі әулеттен шыққан Ғазымбек 1896 жылы 28 ақпан күні Торғай уезі, Тосын болысының №1 ауылында дүниеге келген. Ол жастайынан өзінен 15 жас үлкен ағасы, І және ІІ Мемлекеттік Дума депутаты, кейін Алашорда үкіметінің мүшесі болған Ахмет Бірімжановты үлгі тұтып, тәлімін үйренген, тәрбиесін көрген. Ағалы-інілі Бірімжановтарды жұрт «Қорғанбектің қос бөрісі» деп әспеттеген көрінеді. 

* * *

Ғазымбектің қоғамдық-саяси өмірге араласуы 1916 жылдан басталады. Оған себеп, осы жылы патша жарлығымен қазақ жігіттері тылдың қара жұмысына тартылды. Ауыл азаматтары қиналып қалмасын деп, Ғазымбек өз ықтияры­мен солармен бірге атанады. Ол бұл іске қазақ көсемі Ә.Бөкейханның тапсырмасымен барған еді, дейді академик М.Қойгелдиев.

Майдан даласынан оралған соң Ғазымбек Бірімжанов 1917 жылдың тамыз айында ұлт көсемі Әлихан Бөкей­ханның нұсқауымен Орынбор округтік сотына аудармашы-тілмаш қызметіне ұсынылады. Қызметке енді кірісе бергенде Қазан төңкерісі белең алып, осы аласапыранда елге оралады. Төңірегін бір барлап алып, «қазақ үшін жүрек майын шам қылған» (С.Торайғыров) Алаш зиялыларының қатарына қосылады.

Бұл тұлғаның ұлт тарихындағы зор ісі – 1917 жылғы Екінші жалпықазақ сиезіне қатысып, Ә.Бөкейхан баста­ған мықтылармен бірге «Алаш» пар­тиясының бағдарламалық жобасын жазысады. Одан кейін Алашорда үкіме­тінің тапсырмасы бойынша ел аралап, Торғай өңірінен әскер жинасады.

Тағы бір тамаша ісі – шамамен 1918 жылдың соңына қарай Алашорда үкіметі Ғазымбек Бірімжанов пен Асфендияр Кенжинді адмирал Кол­чак басқаратын Сібір Үкіметімен келіс­сөзге аттандырады. «Ондағы мақсат – Сібір үкіметіне өздерін мойындатып, мүмкіндік болса қару-жарақ һәм қаржылай көмек алу еді», дейді
М.Қой­гелдиев.

90-жылдары Ғазымбек Бірімжа­нов­тың тергеу ісімен танысқан алаш­танушы-ғалым Тұрсын Жұртбай мына бір деректі еске алады: «Мен Сібір үкі­метіне барып қаржы министрі Петров­пен сөйлесіп, одан қаржылай көмек сұрай келгенімізді айттым, онымен өзара тіптен қатты сөзге келдік. Одан соң Министрлер кеңесінің төрағасы Вологодскийдің қабылдауында болып, Петровтың үстінен шағым айттым. Осы сапардан сәл ертерек Алашорда Дутовпен байланыс орнатып, одан қару-жарақ және офицерлер алған болатын. Бірақ арада шатақ шығып, біз олардың офицерлерін тұтқындап, олар біздің жігіттерді қамауға алғаны бар. Міне, сол кезде біздің Алаш әскерінде завхоз болып бір офицер жұмыс атқарған, Омбыға келгенімізде сонымен кездесіп қалдық. Біз туралы сол біраз нәрсе жеткізген болу керек, қару-жарақ та, қар­жы да ала алмай кейін қайттық», дегенін келтіреді.

«Жазған құлда шаршау жоқ» дегендей Алашорда үкіметі Ғазымбекті 1920 жылы түркі халықтарының қайрат­кері Башқұртстан көсемі Зәки Уәлиди Тоғанмен кездесуге жібереді. Ол кісі бұл кезде қызылдардың екпінінен ығы­сып Бұхараға келіп, саялап жат­қан. Осы сапары жөнінде Ғ.Бірімжанов тергеу ісінде былай деп баяндапты: «Уәлидимен байланыс орнатуға мені жіберді. Менімен бірге Мұса Сейда­лин аттанды» десе, Зәки Уәлидидің 1997 жылы Уфада жарық көрген «Естеліктер» атты кітабында: «Біз Бұхараға Алашорда өкілдерін және түрікмен зиялыларын шақырдық. Ақпанда түрікмен адвокаты Қақаджан Бердиев, Алашорданың өкілдері ретінде Хайретдин Болғамбаев, Мұхтар Әуезов, Дінше және тағы екі кісі келді» (З. Валиди Тоган. Воспоминания М., 1997, с. 288) дейді. «Осында аты аталмаған екі кісі Ғ.Бірімжанов пен М.Сейдалин болса керек» деп жазады академик Мәмбет Қойгелдиев. 

* * *

Ғазымбек Бірімжановтың өмір тарихын зерттеушілер бұл тұлғаның жур­налистік қабілетін өте жоғары ба­ға­лайды. Осы тұрғыда атап өтер­лік оқиға: 1920 жылы Ташкент қала­сында Түркістан Республикасы Орта­лық Атқару комитетінің органы ұлттық-демократиялық «Ақ жол» газетінің жарық көруі. Осы басылымға қазақ оқығандары тартылады. Осылардың бірі – туған бажасы һәм жерлесі Міржақып Дулатұлының ықпалымен журналистік жұмысқа орналасқан Ғазымбек еді.

«Ғазымбек арнайы журналистік білім алмаған, тума талант, тума публицист ретінде қалыптасқан, өзінің зерделілігімен жазу-сызу өнерін жақ­сы игерген. Осы газетте қызмет атқарған 1921–1922 жылдары газеттегі мақа­лаларына «Ғ. Бірімжанов», «Шеген», «Ш-н», «Ғ» деп қол қойып жүрген. Өзі­нің жазғандарында ол ең алдымен, өмір­дің болмыс-құбылыстарына парасатты ой жіберуге, философиялық түйіндер жасауға тырысады. Бірде ол: «...надан, үлгісіз, азап шеккен, қорлық көрген, зұлымдарға құл, жем болған, қоян жүрек қорқақ, қорғалақ болған біздің қазақ емес пе?» деп егілсе, бірде «Россия тарихының отаршылдық тарихы болғандығы, біздің қазақ «халық түрмесінен» шыққаны өтірік пе?» (14.1.1921 ж.) деп зарлады. Тағы бірде «орыс отаршыларымен, өз арамыздан шық­қан соғылғандармен тартын­бай таласу, тартысу, аянбай алысу керек, иә өлім, иә азаттық» (7.6.1921 ж.) деп сіл­кінді. Ғазымбектің «халқым» деп соқ­қан жүрегінің дүрсілі 1921 жыл­ғы ашаршылықта мүлде қатты естіл­ді. Жұртты жұт пен індеттен аман алып қалуға жанын салды. Тек 1922 жы­лы «Қанына тартпағанның қары сын­сын» (21 қаңтар), «Елемесе, өлге­ні­міз» (14 қаңтар), «Қосшы ұйым­дары­ның жұмысы» (28 қаңтар), «Негізгі жұмыстардың бірі» (21 ақпан), «Ауруын жасырған өлер» (6 сәуір), «Нар жолында жүк қалмайды» (23 маусым) тағы басқа ондаған материалында ел-жұртты ашаршылықтан құтқарып қалу қамындағы қамқорлығы ерекше болды», деп жазады атақты профессор Темірбек Қожакеев 1995 жылы Алматыда «Санат» баспасынан жарық көрген «Сара сөздің сардарлары» атты кітабының 6-бетінде. 

* * *

Осы жылдардағы тағы бір елеулі оқиға – 1922 жылы сәуірде кеңес өкіметі мен Германия арасында өзара жастарды оқыту жөнінде шарт жасалады. Осы шарт бойынша әуелі Германияға оқуға Татарстан­нан 25 жас қабылданады. Одан кейін іле-шала Түркістан автономиялық советтік республикасы атынан 60 адам аттанады. Бұлардың ішінде қазақ жоқ. Осыған налыған Ғазымбек Қор­ғанбекұлы «Қазақты тарихи халық қылу керек. Қазақтың ілгері басып келе жатқандығын жұртқа көрсету керек. Сондықтан шетелдерден оқу үйрену – заман талабы. Біздің қазақтың баласы барса, Лондон, Париж, Берлиннің көшесі ойылып кетпейді» деп мәселе көтереді «Ақ жол» газетіне.

Нәтижесінде, Т.Рысқұловтың ұсы­нысымен Германияға оқуға өзбектермен бірге қазақ жастарын жіберу туралы шешім қабылданады. Сөйтіп, Ғазымбек Бірімжанов, Әбдірахман Мұңайтпасов, Дамулла Битілеуов, Темірбек Қазыбеков Германияға аттанады.

Бұл оқиға туралы 1920 жылдары Ілияс Жансүгіровтің тікелей қатысумен жарық көрген Жетісу өңірлік «Тілші» газетінің 1923 жылғы кезекті санында: «Берлинде Түркістаннан-12, Бұқардан 45 оқушы бар. Осылардың 5-еуі қазақ. Бұлардан Ғазымбек Бірімжанов, Темірбек Қазыбеков Берлин ел шаруасы академиясында оқып жатса, Дамолла Битілеуов, Абдрахман Мұңайтпасов һәм Сабыр Танашев Растенбургте тері өңдеу мамандығына әзірленіп жатыр», деп жазыпты. 

* * *

Бірақ тағдыр Ғазымбекке еліне келіп, еңбек етуді жазбады. Оқуын бітірген соң, Мәскеу қаласында қыз­мет істеп жүрген жерінен 1928 жылы тұтқындалады. Тағылған айып: «Гер­манияда оқып жүргенде Мұстафа Шоқаймен кездесіп, оның көзқарасын қолдап, пікірлес болдың және алаш­ордашыл Ахмет пен Міржақыптың ізбасары». Ақыры үштіктің шешімімен Ақ теңіз каналы құры­лы­сына 10 жылға жер аударылады.

Қуғын-сүргін мұнымен бітпейді. Қайраткер 1937 жылы 9 қазанда қайта­дан тұтқынға алынып, 1938 жылы
19 нау­рызда 41 жасында атылады. Мәйіті Мәскеу маңындағы «Ком­му­нарка» зиратына жерленіпті. Ғазым­бектің ісі 1988 жылы 4 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы сотының қылмысты істер жөніндегі алқа мәжілісінде қайта қаралып, қылмысты әрекеттер табыл­ма­ғандықтан, ақталды. 

Соңғы жаңалықтар

Елдік тұжырымдама

Пікір • Бүгін, 08:50

Ғасыр үні жаңғырған кеш

Руханият • Бүгін, 08:30

Тұрғындар түйткілін кім шешеді?

Аймақтар • Бүгін, 08:20

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:10