Көрменің ашылу салтанатында «Кәукен Кенжетаев» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Архивтік деректерге негізделген бұл еңбек өнер иесінің шығармашылық жолын, өмір белестерін және ұлттық мәдениетке қосқан үлесін жан-жақты саралайды.
Көрме аясында Меңтай Өтепбергеновтің жеке қорынан алынған, бұған дейін көпшілікке ұсынылмаған сирек жәдігерлер қойылды. Актер тек сахна мен экран шебері ғана емес, сонымен қатар коллекционер әрі филателист ретінде де танылған.
Экспозицияда 1931-1970 жылдар аралығында жарық көрген 200-ге жуық кино афишалар ұсынылды. Бұл плакаттар кеңестік кезеңдегі кино өнерінің көркемдік стилін, идеологиялық бағытын және графикалық дизайн ерекшеліктерін айқын көрсетеді.
Сонымен қатар 1932-1990 жылдары шығарылған кино және фотокамералардың бірегей үлгілері, кеңестік экран жұлдыздары бейнеленген ашық хаттар, кино журналдары мен фотоматериалдар да көрме мазмұнын толықтырды.

Іс-шараға Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Досхан Жолжақсынов, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ұлттық киностудиясы президентінің міндетін атқарушы Айдар Оразбекұлы, кинорежиссер, актер, сценарист Серікбол Меңтайұлы, сондай-ақ суретші-дизайнер Әсел Кенжетаева қатысып, қазақ кино өнерінің көркемдік әлемі мен эстетикалық құндылығы туралы ой бөлісті.
Кеш барысында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры әртістері өнер көрсетіп, рухани кештің мазмұнын айшықтай түсті.
Салтанатты кештің қорытындысында қазақ киносының алтын қорына енген, Кәукен Кенжетаев қатысқан «Гауһар тас» фильмінің өңдеуден өткен, жаңартылған нұсқасы алғаш рет көрерменге ұсынылды. Сонымен қатар Меңтай Өтепбергенов басты рөлді сомдаған «Странный мир желаний и надежд» фильмі көрсетілді.