Нью-Йорк қаласына жауған қардың қалыңдығы шамамен 60 сантиметрге жетті. Осы табиғат қыспағының салдарынан мектептер жабылып, көлік қозғалысы сиреп, қала көрінісі күрт өзгерді. Ал Central Park сырғанақ теуіп, аққала жасаған балалар мен отбасылар жиналған демалыс алаңына айналды.
Қаланың орталық саябағында соңғы он жылдан астам уақыттағы ең қалың қар тіркелді. Қауіпсіздік мақсатында жол жүруге уақытша шектеу қойылып, көліктердің басым бөлігінің қозғалысы тоқтады. Қоғамдық көлік пен жедел жәрдем қызметі ғана дөңгелектеріне тайғанаудан сақтайтын шынжыр байлап алып, баяу ғана қозғалып жүр.
Қала бойынша мектептер мен балабақшалардың жабылғаны айтпаса да түсінікті. Десе де балалар бос уақытын саябақтарда өткізіп жатыр. Central Park тұрғындардың шанамен сырғанап, аққала жасап, қыс қызығына бататын шағын қалашыққа айналып шыға келді.
Қала мэрі Зохран Мамдани ауа райының күрт нашарлауына қарамастан, далада жүрген үйсіз-күйсіз адамдар арасында қаза тапқандар тіркелмегенін айтты. Оның сөзінше, бұл төтенше қызметтердің жедел жұмысы мен уақытша баспаналардың көбейтілуінің нәтижесі.
80 жастағы қазақстандық спортшы Нью-Йорк марафонын бағындырды
Қалада метро пойыздары да кідіріп қалып жатыр. Ал мұз қатқан көшелер тұрғындардың да жүріп-тұруын қиындата түсті. Дегенмен кейбір қала тұрғындары бос қалған көшелерде шаңғы теуіп жүрсе, енді бірі еріген қардың көктайғаққа айналуынан қауіптеніп, аулаларын тазалауға кіріскен.
Осылайша, әдетте қарбаласқа толы болып жататын Times Square маңы бүгін ерекше тыныштық құшағына енді.