Облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева онкологиялық ауруханаға барып, жаңа аппараттың жұмысымен танысты. Мамандар мұндай қымбат әрі аса қажет құрылғының өңірге бірінші рет әкелінгенін айтады. Заманауи технологияның жемісі саналатын «Halcyon» желілік үдеткіші онкологиялық ауруларды жылдам, дәл әрі қауіпсіз қашықтықтан сәулемен емдейді. Басты артықшылығы – емдеу жүріп жатқанда науқастың жаны қиналмайды, жанама әсерлер азаяды, емдеу уақыты едәуір қысқарады. Құрылғы радиотерапияның халықаралық стандарттарына сәйкес келеді, емдеудің сапасын арттырады.
«Бізде бұған дейін мұндай «ақылды» аппарат болған жоқ. Сондықтан дертін асқындырып алған науқастарды Астана, Алматы тәрізді ірі орталықтарға жіберуші едік. Жаңа қондырғы мұндай науқастарды енді осы ауруханада емдеуге мүмкіндік береді. Мұның сыртында, бюджет қаражаты үнемделеді. Сондай-ақ жоғары технологиялық онкологиялық көмек қолжетімді бола түседі», дейді дәрігерлер.
Қостанай облысы