Әскерлердің практикалық іс-қимылын Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров бақылап, бағасын берді.
Дабылмен көтерілген Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелері қысқа мерзімде межелі аудандар мен полигондарға әскери техникамен жорыққа шықты. Ол жерде басқару пункттерін шұғыл орнатып, жеке құрам оқу-жауынгерлік міндеттерді ұрысқа барынша жақын жағдайда орындауға кірісті.
Тексерудің негізгі эпизодтарының бірі – қала ішінде заңсыз қаруланған топты жою болды. Әскердің бір бөлігі шартты қарсыластың тыл жағына қарай армия авиациясының тікұшақтарымен жіберілді. Бұл қарсыластың ту сыртынан орағытып өтіп, тосыннан әрекет етуге мүмкіндік берді.
Әуе қорғанысы күштерінің экипаждары десанттық-шабуылдау бөлімшелеріне авиациялық қорған болып, әуеден де, жерден де оқ атып, қолдап отырды. Авиация өзара іс-қимыл жасап, әскери қызметшілер елді мекен ішінде қарулы топты құрықтау мен жою тактикалық іс-қимылдарын пысықтады. Артынша басып алған шептерге шоғырланып, маңызды нысандарды тазартты.
Кешенді тексеру қарқынды түрде өтіп, жауынгерлік даярлықтың, атап айтқанда жедел әрекет ету мен әскерлерді басқару, сондай-ақ әскер түрлері арасындағы өзара іс-қимыл мен қару-жарақты іс жүзінде қолдануға дейінгі барлық негізгі элементтерді қамтыды.
Іс-шараға 5 мыңнан аса әскери қызметші, 200-ден астам қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды.