Өмірі шытырман оқиғаларға толы Элле Майларт кезінде біздің даламызға да ат басын бұрыпты. Ол Жерорта теңізінен Тибетке, Бейжіңнен Кашмирге дейін саяхат жасап, рухани ізденіс пен қиын жолдарды бастан өткереді. Өткен ғасырдың 30-жылдарының басында Орталық Азияға жасаған сапары оның өміріндегі ең елеулі оқиғаға айналды. Моңғолия өңірі, Өзбекстанның Ташкент, Самарқан, Бұхара қалаларын аралап жүргенде фотоаппарат нысанасына осы бір қазақ әйелі ілініпті. Оның көзіне ұлттық киім киіп, қамсыз күйде күліп тұрған бейне тым әдемі көрінген болар. Сол сапарында Майларт түйемен Арал теңізінің шығысындағы Қызылқұм шөлін кесіп өткенін де білдік.
«Жалғыз Түркістан» кітабында Майларт қазақ даласындағы көшпелі өмірді, қырғыз бүркітшілерін, кеңес одағының құпия органдарымен кездесулерін сипаттайды. Ол сапарында көзімен көрген халықтың тұрмысын, дәстүрін, көшпелі малшылардың күнделікті тіршілігін суреттейді. Мысалы, Қызылқұмдағы қазақ әйелдері шағын стансада самаурынмен су сатып, отбасы қамын ойлағанын Майларт қағазға түсірген.

Элла ханым түсірген осы бір суреттен кешегі күнгі ұлттық киімдеріміздің стилі қандай болғанын аңдай аламыз. Суреттегі ақжарқын бейне жинақылықтың, ибалылықтың үлгісін көрсетіп-ақ тұр.
Майларт аталған кітабында тарихи деректерді де келтіріп, қазақ жерінің төл атауын, жергілікті халықты, олардың дәстүрін қағазға түсіруден жалықпайды. Сырдарияның үлкен иірімдері мен жер бедерін, әрбір елді мекеннің ерекшелігін картадан қарап, нақты көрсетеді. Ол сапар барысында жергілікті адамдардан мәдени және тұрмыстық ақпарат жинап, қазақтардың күнделікті тіршілігін, сауда-саттық пен отбасы өмірін егжей-тегжейлі баяндайды. Майларттың сапарнамасы тек жеке зерттеу ғана емес, Батыс оқырманы үшін қазақ даласы мен Орталық Азияның мәдениетін таныстырушы еңбек болғаны анық.
Элле Майларт 1997 жылы 94 жасында қайтыс болды, артында көптеген ғылыми және көркем еңбектер қалдырды. «Жалғыз Түркістан» – оның Түркістан аймағындағы сапарын, халықтың тұрмысын, қазақ даласының бай табиғатын бейнелейтін еңбегі.