Дөңгелек үстелге мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Жиында Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Күміс Сейітова мен Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов құттықтау сөз сөйлесе, академик Кәрімбек Құрманәлиев «Академик Шора Сарыбаевтың 100 жылдығына орай атқарылған шаралардың қорытындылары», Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Анар Фазылжан «Шора Сарыбаев. Қазақ тілтанымының өзекті мәселелері» кітабы туралы, ал профессор Тыныштық Ермекова «Ғалым. Ғылым. Ғибрат» жинағы жайында баяндама жасады.

Сонымен қатар Тіл білімі институты дайындаған «Қазақ тілтанымының өзекті мәселелері» қос томдығы мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен жарық көрген «Ғалым. Ғылым. Ғибрат» жинағы, көпшілік назарына ұсынылып, кітапхана қорына тапсырылды. Аталған кітаптарда ғалымның диалектология, лексикология, тіл тарихы, грамматика, терминология, емле, стилистика, т.б. салалардағы ғылыми мұрасы жүйеленген. Сондай-ақ жиын соңында ғалымның ұлы, «Шам-Шырақ» ғылым, білім мен өнер мирасын қолдау қорының өкілі Қайрат Шораұлы академиктің жеке кітапханасында сақталған тіл біліміне арналған мыңға жуық сирек басылымды Ұлттық академиялық кітапхананың Шора Сарыбаев атындағы оқу залына тапсырды.