Сурет: todayinfo.kz
Партияның облыстық мәслихаттағы фракциясының жетекшісі, белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаев ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар жаңа жобада азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері нақтылана түскенін айтты.
Спикер сөзінде Конституциялық реформаның басты мақсаты – әділетті, ашық әрі халық мүддесіне қызмет ететін мемлекет қалыптастыру екені жобада адам құқықтарын қорғау кепілдіктерінің нақтыланып, заң үстемдігін қамтамасыз ету мен ашықтық қағидаттарын орнықтыру мәселелері көрініс тапқанынан анық байқалатынын айтып өтті.
«Қоғам мен заман өзгерген сайын заң да халықтың сұранысына сай жаңарып отыратыны анық. Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидаттың берік орныққаны әркімнің де көңілінен шығады деп ойлаймын. Әрбір нормасы қоғамның сұранысы мен ұсынысы негізінде әзірленген жоба әлеуметтік тұрақтылық пен орнықты дамуға берік негіз қалайды», деді кәсіпкер.
Кездесуде Конституция жобасы уақыт талабынан туған құжат екені баса айтылды. Ашық диалог форматында өткен кездесуде партия мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Ақмарал Төлегенова қоғамның әрбір мүшесі ел болашағы үшін жауапты науқаннан шет қалмауы керегін айтты.
Кездесуде партияның облыстық филиалының жетекшісі Бауыржан Сандыбаев жаңа жоба елімізде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатқан саяси жаңғырулардың жалғасы екеніне тоқталды.
Сауда орталығы ұжымы мен кәсіпкерлер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын нақтылай түсетін жоба туралы пікірлерін жеткізді.
Қызылорда