Сурет Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасынан алынды
– Ұшақ әуежайдан көтерілген соң, арада бір сағаттай уақыт өткенде жолаушының біріне медициналық көмек қажет екені туралы хабарланды. Мұны естіп, бірден науқастың жанына бардым. Жасы шамамен елулердегі әйел сұлқ түсіп, есінен танған. Қан қысымы төмендеп кеткен. Шұғыл түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, аяқтарын жоғары көтерткіздім. Қажетті ем-дом жасаған соң науқас есін жия бастады. Айтуынша, ешбір медициналық есепте тұрмаған, мұндай жағдайға бірінші рет кезігіп отыр. Науқастың жайын бір сағаттай қадағалап отырдым. Ақырында аман-есен келіп қондық, – дейді дәрігер.
Әуежайда науқас әйел өзін жақсы сезінетінін айтып, жедел жәрдем көмегінен бас тартқан. Мұндай жағдай Анар Күркебайқызының дәрігерлік тәжірибесінде алғаш рет кездескен. Ақ желеңді абзал жан бұған дейін клиникалық өлімге тап болған адамды құтқарып қалғанын айтады. Екібастұз медициналық колледжінің, Семей медициналық университетінің түлегі бүгінде Екібастұз қаласындағы №3 емханада жалпы тәжірибе дәрігері болып жұмыс істейді. Учаскесіндегі 1,5 мыңға жуық адамның денсаулығына жауапты. Чехия еліне, Прага қаласына гастроэнтерология бағытындағы білімін жетілдіру мақсатында іссапармен барыпты.
Павлодар облысы