Негізгі қаражат деректер орталықтарын салуға, жоғары өнімді чиптерді сатып алуға және компаниялардың өз ЖИ-модельдерін дамытуға бағытталып отыр. Алайда мұндай ауқымды инвестициялар корпорациялардың қаржылық көрсеткіштеріне салмақ түсіріп жатыр. Қаржылық есептерге сәйкес, Google компаниясының еркін ақшалай ағыны 90%-ға қысқарған. Ал Amazon капиталдық шығындарды өтеу үшін қосымша қаржы тартып, қарыз жүктемесін ұлғайтқан.
Сарапшылардың айтуынша, технологиялық алпауыттар қазіргі табысының басым бөлігін ЖИ бағытына қайта инвестициялап отыр. Компаниялар бұл стратегияны ұзақ мерзімді тиімділік береді деген есеппен таңдаған. Яғни бүгінгі қаржылық қысым болашақтағы өсім есебінен өтелуі тиіс.
Десе де, сарапшылар мұндай тәсілдің қатері жоғары екенін ескертеді. Егер шығындар қазіргі қарқынмен жалғаса берсе, корпорацияларға қосымша қаржыландыру тартуға немесе инвестициялық жоспарларын қайта қарауға тура келуі мүмкін.
Сонымен қатар сала өкілдері жасанды интеллектіні болашақ экономикалық өсімнің басты қозғаушы күші деп бағалайды. Олардың пікірінше, ЖИ уақыт өте келе бүгінгі шығындарды өтеп қана қоймай, табыстың жаңа көздерін қалыптастыруы ықтимал.
Қазір нарық ЖИ бағытындағы агрессивті кеңею мен ақшалай ағындардың тұрақтылығы арасындағы тепе-теңдікті жіті бақылап отыр. Алдағы жылдары технология секторындағы ірі ойыншылардың қаржылық тұрақтылығы дәл осы теңгерімге байланысты болмақ.