Қазақстан • Бүгін, 17:04

Бейжің тәжірибесі Қазақстанға көмектесе ме? 11 қаланың ауасы неге әлі де лас?

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда индустриялық даму қарқыны артқан сайын атмосфералық ауаның ластануы өзекті мәселеге айналып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазгидромет дерегіне сүйенсек, республиканың 11 қаласында ауаның ластануы тұрақты жоғары деңгейде тіркелген. Ең күрделі ахуал Алматы, Өскемен, Қарағанды, Теміртау, Ақтөбе секілді ірі өнеркәсіптік орталықтарда қалыптасқан. Ауа сапасын жақсарту бойынша әкімдіктерге нақты тапсырмалар берілді, деп жазады Egemen.kz.

Бейжің тәжірибесі Қазақстанға көмектесе ме? 11 қаланың ауасы неге әлі де лас?

Фото: istockphoto.com

Экология және табиғи ресурстар министрлігі қоршаған ортаға түсетін салмақты азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Үздік қолжетімді технологияларды (ҮҚТ) енгізу және өндіріс орындарын жаңғырту – негізгі басымдықтың бірі.

Қазіргі таңда 21 ірі кәсіпорында ҮҚТ қағидаттарына көшу басталды, тағы 22 өтінім қаралып жатыр. Сонымен қатар 22 энергия өндіруші нысан бойынша жылу энергетикасын жаңғыртудың кешенді жоспары бекітілді.

Ластанудың негізгі көзі – көлік пен жеке сектор

Дегенмен ластанудың басым бөлігі ірі өндірістерден емес, шағын көздерден – автокөлік, жеке сектор және шағын бизнес нысандарынан туындап отыр. Мәселен, Алматыда зиянды шығарындылардың 60%-ы көлікке, ал 12%-дан астамы жеке үйлер мен шағын қазандықтарға тиесілі. Осындай жағдай Өскемен мен өзге де қалаларда байқалады.

Болжамдар нақтылана түспек: «Қазгидромет» суперкомпьютерді пайдалана бастады

Тиімді шешімдерді зерделеу үшін министрлік өкілдері Қытайға барып, Бейжің қаласының тәжірибесімен танысты. Бейжің соңғы жылдары ауа сапасын басқарудың кешенді жүйесін енгізу арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген.

Экология және қоршаған орта министрлігімен өткен кездесулерде мынадай тетіктерге назар аударылды:

  • Көлікті электр тартқышына көшіру;
  • Өнеркәсіп пен көлікке қойылатын нормативтерді қатаңдату;
  • PM 2.5 бөлшектеріне қатысты ұлттық стандарттарды енгізу;
  • Экологиялық аймақтар құру және шаңды бақылау жүйесін күшейту.

Лас ауа ми ісігіне ұшыратуы мүмкін – зерттеу нәтижесі

Министрлік ұйымдастырған кеңесте Алматы және Өскемен қалалары әкімдіктерінің баяндамалары тыңдалды. Алматы әкімдігі әзірлеген атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының жобасы таныстырылды.

Бейжіңнің оң тәжірибесін ескере отырып, министрлік әкімдіктерге 2026-2028 жылдарға арналған атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын әзірлеуді тапсырды. Құжатта: 

  • Жеке секторды газдандыруды субсидиялау және ынталандыру;
  • Қоғамдық тамақтану орындары мен шағын қазандықтарда қатты отынды пайдалануға тыйым салу;
  • Нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуды ынталандыру,
  • Қоғамдық көлік пен таксиді электр және газға көшіру;
  • «Жұп-Тақ күн» жүйесі арқылы қозғалысты шектеу және экологиялық аймақтар құру;
  • Өнеркәсіптік аймақтардың айналасында жасыл белдеулер қалыптастыру көзделуі тиіс.

Сонымен қатар Экологиялық кодекстің 205 және 21-баптарына сәйкес әкімдіктерге ауаның ластануы бойынша жиынтық есептеулер әзірлеу, қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін айқындау және тиісті құжаттарды қалыптастыру тапсырылды. Талдау көрсеткендей, бұл стратегиялық құжаттарды барлық өңір әлі толық әзірлемеген. Осыған байланысты оларды жедел дайындау, келісу және бекіту жөнінде нақты міндеттер қойылды.

Министрлік өңірлік деңгейдегі үйлесімді іс-қимыл мен халықаралық тәжірибені тиімді енгізу атмосфералық ауаның сапасын жақсартудың және халықтың өмір сүру деңгейін арттырудың басты шарты екенін атап өтті.

Экологтар Қазақстандағы ауа сапасы лас қалаларды атады

Соңғы жаңалықтар