Ғылым • Бүгін, 08:00

Ғылым қарлығаштары

10 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

«Бір қолымен бесікті тербеген» дейтін теңеу отбасымен қоса ғылымды игерген әйелдерге дөп келетіндей. Олар – кешегі қазақ қыздарынан шыққан танымал журналист, педагогика ғылымында орны бар тұлға Нәзипа Құлжанова, отандық медицина ғылымының қалыптасуына үлес қосқан алғашқы дәрігерлер Гүлсім Асфендиярова мен Аққағаз Досжанова, кәсіби білім алған музыкатанушы Гүлжауһар Шомбалова, тұңғыш әйел-палентолог Балдырған Қожамқұлова, құқық пен медицина ғылымына үлес қосқан тіс дәрігері Мүбина Ниязова, тұңғыш биолог Нәйлә Базанова.
Бүгінде осындай көрнекті ғалымдардың ізін жалғаған зерттеушілер бар. Елімізде ғылыми дәрежеге ие 120 896 маман болса, соның 62 433-і, яғни 51,6 пайызы – әйелдер. Бұл сандар – соның дәлелі. Солардың бір парасын БҰҰ бекіткен, 11 ақпанда аталып өткен Ғылымдағы әйелдер мен қыздар күніне орай ұсынып отырмыз.

Ғылым қарлығаштары

Сынақтан сәтті өткен сенсор

Инженер. Бұл ерлерге тән мамандық дейтін көзқарас қалып қойған. Содан болар, елімізде жаратылыстану ғылымын кәсіп еткен әйелдер көп емес. Соның ішінде ғылыми жұмысын зертхана­ның ішінде ұстамай, өндіріске енгізіп, қомақ­ты инвестиция тарта алғаны, тіпті, саусақпен санарлық. Кезекті кейіпкеріміз сол санаулының қатарына кіреді.

Гүлнұр ҚАЛИМУЛДИНА – Жапонияның Токио технологиялық институты инженерия бағыты бойын­ша PhD, 2025 жылғы «Ғылымдағы ең үздік ЖИ жобасы» аталымын Президенттің қолынан алған. Қазір Назарбаев университетінде профессор ассистенті болып жұмыс істейді. Соған қоса өздігінен қуаттанатын жүйелерді жасаумен айналысып, бірнешеуін өндіріске сәтті енгізіп үлгерген инженер.

«Мен қазір ғылымды өнімге айналдыру жай ғалым болудан екі-үш есе қиын екенін түсіндім. Қатардағы профессор болып қалуыма болар еді. Бірақ бізде топ бар, мен жауап беретін мамандар бар. Бәріміз діттеген мақсатымызға жетуіміз керек. Бізде басқа нұсқа жоқ», дейді ғалым.

Осы ойымен ісі де қабысқан кейіп­керіміз өзінің шағын тобымен әлемге ортақ, соның ішінде елімізде өткір тұрған мәселені шешуге кіріскен. Қа­раңызшы, еліміз энергияны негізінен мұнай, газ, көмірден алады. Энергия алудың бұл жолдары эко­логияға орасан зиян. Енді энергияны үнемдеудің және зиянсыз алудың басқа қандай жолы бар?  Бұған жауап болатын идея 2019 жылы дүниеге келген. Сөйтіп, ол өзінің ізденушілерімен бірге наногенераторларды зерттей бастады. Олар наногенераторлардың механикалық қозғалыстан электр қуатын алуға болатынын дәлелдеді. Осылайша, машиналық үйрету әдісімен әртүрлі салада қолданылатын ақылды сенсор жасады. Сенсорлы жүйені қозғалыс арқылы қуат алуды қажет ететін бар­лық электронды құрылғыға қолдануға болады. Ғалым наногенератор арқылы кардиостимуляторды қуаттап, меха­никалық жүрек жасады, келешекте бұл адамға салынуы мүмкін. Сенсор­дан Г.Қалимулдинаның бір студенті мүмкіндігі шектеулі адамға нені ұста­ғанын білуге көмектесетін жасанды қол жасаса, екінші бір студенті ұлтарақ жасап шықты. Ал өздігінен қуат алатын батареялардың жөні бөлек. Адамның қозғалысынан қуат алатын батареялар заманауи қа­жет­тіліктен туған. Себебі бүгінде барлық жұмыс электронды форматқа өтті, телефон, теледидар, қарапайым ақылды қол сағаттар, планшет, ноутбук­тер, ком­пьютерлерге сәт сайын, сағат сайын қуат көзі керек, демек электр қуа­тының тапшылығы өткір мәселеге айналды. Осындайда жаяу жүріп қажет құралыңды қуаттап алсаң, керемет емес пе! Кейіпкеріміз Гүлнұрдың идеясы осы. Бірақ оны іске асыру оңай шаруа емес. Бұл жолда ол көп тер төкті. 

Бүгінде ғалым өз тобымен әзірле­ген жобаларды толыққанды «Mirai Tech» деп атап, стартап түрінде іске қосып, бірнеше патент алды. Олар осындай күрделі де тың тақырыппен айналысатын ТМД елдері арасында алғашқы топ болып отыр. Мирай жапон тілінен аударғанда «болашақ» дегенді білдіреді. Г.Қалимулдина бас­таған ғалымдар мұны жаңа нарық­ты қалыптастыратын технология ре­тінде қабылдайды. Жобалар біртін­деп ғылыми экспериментке ғана емес, халықаралық амбициясы бар коммерциялық өнімдерге айналып жатыр. Соның ішінде ұлтарақ жобасы өндіріске енгізілді. Ұлтарақты аяқ­киімге салып жүреді. Жүйе санаулы минуттарда адам аяғында ауытқулар бар-жоғын 82 пайыз дәлдікпен анықтайды. Қазір осы ұлтарақты өндіру мақсатында бірнеше отандық («Астана», «Тобыл») және шетелдік (Еуропа, Нидерланд, Жапония, Италия) футбол командаларымен келіссөздер жүргізген.

Біз әдетте адамның жетістігін ғана көреміз, шын мә­нінде көп нәрсе адамның үлкен ар­маны мен таудай талабынан туады. Мұндай ойға келуі­мізге кейіпкеріміздің кемі бір мү­шел уақытын ғылымға арнағаны түрткі бол­ды. Инемен құдық қазғандай ең­бекті талап ететін жолға Гүлнұр мек­теп кезінен-ақ бет бұрған. 9-сынып­­­та жүргенде ғылыми жарысқа қа­ты­сып, алабота өсімдігінен сабын ­жа­сап шығарған. Содан бері ғылымға қы­­зығушылығы артқан. Сөйтіп, Ал­ма­­тыдағы Қазақ-Британ техника­лық университетін «Органикалық зат­тар­дың химиялық технология­­сы» ма­мандығын, «Болашақ» бағдар­ламасымен Манчестер универ­ситетінде «инженерлік жобаларды басқару» бойынша білім алып, елге оралған. Кейін Назарбаев уни­вер­ситетінің инженерия мектебінде оқы­тушы көмекшісі болып жұмысқа тұрды. Сол уақытта Назарбаев уни­верситетінде литий-ион батареяларын зерттеуді енді бастаған профессор Жұмабай Бәкеновтен ақыл-кеңес алып, елімізде әлі таныла қой­маған тақырыпқа терең бойлады. Нәтижесінде энергия сақтау жүйе­лерінің математикалық моделін жасады. Сөйтіп, Токио технологиялық институтына докторантураға оқуға түсті. Жапонияны таңдау бекерден-бекер болмаса керек-ті, себебі бұл елде ба­тареяларды зерттеу саласы өте жақ­сы дамыған. Токио тех­но­логия­лық инс­титутындағы про­фессор Изуми Тани­гучидің жетек­ші­лігі­мен PhD жобасының аясында мыс сульфид­терін катод ретінде қол­дану жол­да­рын зерттеді. Беделді жур­нал­дарға ­4 ғылыми мақаласын шы­ғарып, ғы­­лы­ми дәрежесін қорғады. Туған жерге оралып, Назарбаев универ­­си­тетіне постдокторантураға түсіп, ­қо­сымша профессор ассистенті бола жү­ріп, елімізде әлі ешкім толық зерттемеген ғылыми бағытқа түбегейлі түсті. Мұның жемісін жоғарыда жаздық.

 

сс

Алманияға сыйлы нейрохирург

– Ол кім?

– Дәрігер.

– Оның ішінде қайсы?

– Хирург.

– Хирургтің қандайы?

– Ми мен жұлын жұмысын емдейтін нейрохирург.

Иә, мұндай маман болуға батылдық керек. Ал кезекті кейіпкеріміздің бойында нәзіктікпен қатар қайсарлық қасиет бар.

Әсел САРЫЕВА – дәрігер-нейрохирург, медицина саласынан PhD, Германияның Ганно­вер қаласындағы университет клиникасы бас дәрігерінің орынбасары.

Әселдің хирургияға қызығушылығы мектеп кезінен басталған. Жүрек қалауымен С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түсті. Ал интер­натурадағы шешуші кезеңде кейіпкеріміз сана­лы түрде әрі ішкі сеніммен нейро­хи­рур­гия мамандығына түбегейлі бет бұрды. Кәсіби, сұраныстағы дәрігер болу мақсатында көп ізденіп, білімін одан әрі ұштау керегін ұқты.

Университеттің алғашқы курстарында оқып жүрген кезінде-ақ Әсел әрдайым медицина саласында қандай зерттеулер жүргізіліп жатқанын, ауруларды емдеуде қандай жаңа тәсілдер қолданылатынын білгісі келді. Интер­натурада жүргенде оған немере ағасы жұмыс істейтін Мюнхендегі университет клиникасына бару бақыты бұйырды. Сол кезде оның ағасы асқазанның патогендік флорасын зерттейтін докторлық зерттеуін жүргізіп жүрген. Оның жұмысы мен ғылыми ортасын бақылай отырып, Әсел практикалық хирургияны зерттеу қызметімен біріктіріп, докторлық диссертация қорғағысы келетінін түсінді.

Оның докторлық диссертациясы паркинсон ауруындағы мидың белгілі бір құ­рылымдарының өзара әрекеттесуін зерттеуге арналған. Жұмыс эксперименттік сипатта болды және паркинсонизмнен туындаған егеу­құйрықтардың зертханалық модельдерінде жүргізілді. Негізгі ғылыми міндет әртүрлі ми құрылымдары арасындағы байланысты талдау, болашақта адамда клиникалық қолдану­ға бейімделуі мүмкін нейромодуляция мен емдеудің ықтимал жолдарын табудан туды. Тақырыпты таңдау көбіне уақыт сұранысы мен нейрохирургияның ерекшелігіне байланысты. Паркинсон ауруының емі әлі табылмаған, яғни зерттеуді қажет етеді. Ғалымның ғылыми еңбегі нәтижесіндегі мидың терең стимуляция­сы сияқты заманауи әдістер пациенттердің өмір сүру сапасын едәуір жақсартуға, симптомдарды бақылауға мүмкіндік береді. Сол себепті аурудың механизмдерін және оларды модуляциялау мүмкіндіктерін зерттеу кейіпкеріміз үшін өзекті де перспективалы бағыт болды.

Осылайша, Әсел ұлттық университет­тегі оқуын аяқтағаннан кейін Германияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғылымға бағыт алып, 2009 жылы докторлық диссертациясын қорғады. Ол мұнымен де шектелмей, бұдан әрі сол Германиядағы Ганно­вер қаласы­ның университеттік клиникасында ней­ро­хирургия бойынша профессор Йоахим Краусстың басшылығымен резидентурадан өтті. 2015–2024 жылдар аралығында осы клиниканың нейрохирургия бөлімшесін бас­қарды. Бұл кезең клиникалық практика мен ғылыми жұмысты бір тұста тоғыстыруға, яғни нейрохирургияда біріктіруге мүмкіндік берген кәсіби және ғылыми болмысын қалыптастыр­ған маңызды кезең болды. 10 жылға жуық уақыт өзінің біліктілігі мен кәсібилігін көрсетіп, өткен жылдан бастап сол университеттік клиника­да нейрохирургия бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарады.

Осыншама еңбек пен тынымсыз ізденіс­тің нәтижесі болар, ғылыми зерттеулері жө­нінде үнемі ғылыми журналдарда жария­ланып, Германия мен Еуропаның жетекші орталықтарымен бірлескен зерттеулерге қатысады. Ең маңыздысы тұрақты түрде еліміздегі зерттеушілерге танымдық лекциялар оқып, шетелдік әріптестермен ғылыми байланыс орнатуына септесіп жүр. Оның ғылыми жұмысының негізгі бағыттары ­нейромодуляциямен және сирек кездесетін қозға­лыс бұзылыстарымен байланысты. Өйткені оған жеке басы емес, бүкіл ғылыми бағытты дамытуға, пәнаралық ынтымақтастыққа қосқан үлесі маңызды.

«Бүгінде отандық ғылымның дамуында оң динамиканы көріп отырмын. Елімізде жастардың ғылымға, әсіресе медицина саласына деген қызығушылығы артып келеді. Жас мамандардың халықаралық конференция­ларға қатысуға, тәжірибе алмасуға, өз зерт­теу­лерімен сөйлесуге мүмкіндіктері молайды. Эксперименттік бағыттарды қаржыландыру кеңейіп, ғылыми инфрақұрылым қалыптасты. Жүйелі кедергілерді көріп жүрген жоқпын, жеке мотивация мен жаңа білімге деген шынайы қызығушылық негізгі факторлар болып қала береді», дейді ғалым Ә.Сарыева.

 

с

Ветеринарияның беделді ғалымы

Атакәсіптен ажырамаған адамсың. Саған, әлбетте, өрісіңдегі ашатұяқтының түрлі аурудан, әсі­ресе жұқпалы инфекциялардан амандығы аса маңызды. Ал сол жа­ныңның садағасыдай төрт түлікті сақтауға да ғылым керегін бі­лесің бе? Кейіпкеріміз осы бір елеусіз, алайда өте қажетті салада тер төгіп жүр. Өйткені оның өнімдері талай тіршілік иесін сақтап келеді.

Аида Әбдібекова – ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ветеринария ғылыми зерттеу институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары, бірнеше препараттың авторы.

Ғылымға ғұмырын арнаған ол бүгінде өзінің өндірістік алаңын ашқан. Онда ғалым өзінің ізденушілерімен бірге паразиттерге қарсы препараттар шығарады. Сол өндірістік алаңда жүргізіл­ген сынақтар мен зерттеулер­ден ­туған ғылыми әзірлемелері вете­ри­нарияда қолданысқа енген.­ Атап айтқанда, жануарларды құрт­тар­дан тазалау үшін бес дәрі жасады. Соның ішінде «ЦесТремФорте» деп аталатын препаратты Ауыл шаруашылығы министрлігі сатып алады, ел аумағында қолда­нылады. Қалған препараттар вете­ринарлық дәрі­ханалар арқылы сатылады. Соны­мен қатар ол жануарлардың гель­минтозын диагностикалау әдіс­терін, эхинококкозды материалды сақтауға және дезинвазиялауға арналған ерітіндіні, жалпақ құрттардың жалпы препараттарын, бояуға және ағартуға арналған препаратты, сондай-ақ басқа да бір­қатар тәжірибеге бағытталған шешім­дерді әзірледі әрі енгізді.

Отыз жылдан аса ғылыми қыз­метінде кейіпкеріміз паразитолог­тер мектебін қалыптастырды. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындары, ҒЗИ-да жұмыс істеп жүрген ормандай шәкірттері – отан­дық ғылымның дамуына қос­қан үлесі. Неге ол сапалы кадр даяр­лау ісіне де ыждағатпен қа­рады? Себебі оны отандық ветеринария ғылымының болашағы алаң­датады, бірақ келешекте қазіргіден әлдеқайда жақсы боларына сенеді.

«Мұндағы негізгі проблема – кадр­лардың, ең алдымен, ғы­лымды үйренуге, дамытуға және құруға дайын жас мамандардың жетіспеушілігі. Жаңа энергия мен идеялар ағыны болмайынша, ілгерілеу туралы айту мүмкін емес. Сол себепті жастарды қол­дау, оларға жағдай жасау –  менің­ше, ұлттық деңгейде басымдық бере­тін мәселе. Мен бір шетелдік профессордың сөздерін жиі есіме түсіремін: бүгінгі жастар бірінші кезекте келешекті экономика­лық тұрғыдан бағалайды. Мен бұған келісемін. Егер дарынды адамдардың ғылымға барғанын қаласақ, ғалым мәртебесін көтеріп, материалдық қолдаудың лайықты деңгейін, мансап мүмкіндіктерін қамтамасыз ету қажет. Сонда вете­ринария ғылымына да жас­тар көбірек бет бұрып, мықты зерттеу­шілердің жаңа буыны пайда болады», дейді Аида Мәкенқызы.

Кейіпкеріміздің кейінгі тол­қынға жанашырлықпен, шәкірт тәрбиелеуге жауапкершілік­пен қарауына үлкен ғалымдардан сабақ алғаны сеп болғандай. Се­бе­бі ол  Алматы зооветеринар­лық инс­титутында оқып жүрген­де Зұлқарнай Сейітов, Юрий Наза­ров, Александр Поломошнов, Өте­ген Иглманұлы сынды көрнекті қайрат­керлердің, кейінгі ғылыми ізде­нісінде Зейнолла Қожебе­ков, Николай  Иванов секілді академиктер мен Виссарион Рамазанов  сияқты профессорлардың  алдын көріп, үлгі алды. Әрі майталман ма­мандардан дәріс алған кейіп­кері­міздің білікті болмауға қақысы да жоқтай көрінетін. Аталған инс­тиутты үздік бітірген Аида көп­шілігі ала дорба арқалап саладан кетіп жатқан аумалы-төкпелі кезде Қазақ ветеринария ғылыми зерттеу институтының (ҚВҒЗИ) жанындағы аспирантурасына түсті. Бұл таңдауына ағасы Қайрат Түргенбаев ықпал етіпті. Өйткені ол сол ҚВҒЗИ-да жұмыс істейтін, институттың ғылыми атмос­ферасын, оның әлеуеті мен бо­лашағын жақсы білетін. Аида төрт жыл ыждағаттылықпен оқып, ғы­лымға тереңдей түсіп, 1997 жылы кандидаттық диссертацияны сәтті қорғап шықты. Осы институтта аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Ұзақ жылғы табанды ең­бегінен кейін докторантура­ға түсіп, 2007 жылы докторлық диссертациясын қорғап, паразитология мамандығы бойынша ветеринария ғылымдары­ның докторы атанды, тағы төрт жыл ғылымға еңбек сіңірген соң, 43 жасында оған профессор атағы берілді.

Стереотип­терді бұзған са­налы буынның санаулы өкілі атанған А.Мәкенқызы док­торлық дис­сертациясына тың тақырыпты таңда­ды. Ол зоонозды инвазия­лар ту­ралы зерттеді (зоонозды ин­вазия­лар – жануар­­лардан адамға жұғатын парази­тар­лық, инфекциялық аурулар­ тобы, бұлар негізінен үй және жабайы ит, қасқыр, түлкі, қар­сақ, етқоректілерде болады). Кейіп­керіміз ғылыми жұмысында зерт­теулерді әрі зертханада, әрі далада жүргізді. Альвеолярлы эхинококкозды, адамдарға қауіпті басқа­ гельминтоздарды жұқтыру қаупі жоғары еді. Сол себепті зерт­теу­лердің ғылыми және прак­тикалық маңызы зор. Мал аурудан сау болса, соны баққан жұрт та аман. Бұл тақырып бүгінге дейін өзекті, өйткені халықтың денсаулығын сақтау – кез келген мемлекеттің басым міндеттерінің бірі. Сондықтан да оның зерттеуі, соның нәтижесінен туған өнімдері өміршең бола бермек.

Соңғы жаңалықтар

Жетісудың бал қымызы

Өндіріс • Бүгін, 08:50

Дрон жасаған инженерлер

Технология • Бүгін, 08:45

Бірлікті көрсететін шақ

Пікір • Бүгін, 08:27

Бәйгесіз бесінші күн...

Олимпиада • Бүгін, 08:25