Таным • Бүгін, 08:43

Иманқара үңгірінің құпиясы

230 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырау облысында Иманқара аталатын тау бар. Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 60 шақырым қашықтықта орналасқан.

Иманқара үңгірінің құпиясы

Жергілікті жұрт Иманқара тауы деп атағанымен, көк зеңгірмен таласатындай емес. Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының мәліметіне сүйенсек, оның ұзындығы шамамен 2 шақырымға созылады. Ал биіктігі – 200 метр, ені 300 метрден асады.

Таудың батыс баурайында үңгір қазы­лыпты. Үңгірде үш дәліз бен қосалқы қуыс­тар бар. Бұл үңгірдің биіктігі – 2, ені – 2,5, тереңдігі 25 метрге жетеді. Бірақ аталған үңгір­дің дәл қай жылы қазылғаны жөнінде нақ­ты дерек болмағанымен, түрлі болжам айты­лады.

Сондай болжамның біріне тоқталсақ, үңгірді алғашқы қауым адамдары қазуы мүм­кін. Алайда бұл болжам әлі күнге дәлел­денбей келеді. Тағы бір болжамға тоқ­талсақ, үңгір орта ғасырларда қолдан қазы­лып, әулиеге табынатын орын болуы мүмкін.

Таудағы үңгірге қатысты зерттеушілер әрқилы пікір айтқанымен, ортақ тұжы­рым жасалмаған. Дегенмен, көп­шілігі үңгір 1911 жылы қазылған деп болжам жасайды. Жергілікті өлкетанушы Юрий Пастухов­тың естелі­гін­де «Ағылшын кәсіп­кері Нобель 1911 жылы Ембіде мұнай іздестіруге концессия алған. Сол кезде үңгірді қойма ретінде қазған болуы мүмкін. Өйткені мұнай қондырғысының орны бар», деп жазылған.

Аталған тау сілемінде бел­гілі археолог, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Зейнолла Самашев археологиялық топпен бірге 1989–1991 жылдары археологиялық қазба жұмысын жүргізіпті. Архео­ло­гия­лық зерттеудің қорытын­дысына қарағанда, Иман­қара тауында алты оба мен біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырға жататын қабірлер анықталыпты. Қабірлерден адам сүйектері, қанжар мен қола жебе, қола айна, шыны моншақ, қыш ыдыс­тар табылыпты. Қорғандардың биіктігі 0,5-1 метр аралығында болса, диаметрі 3-15 метр шамасында. Ал 2005 жылы жергілікті археологиялық экспедициясы 18 оба анықтапты.

Археологиялық зерттеуге сәйкес мұнда сарматтардың жерленгеніне тоқтам жасалыпты. Таудың батыс бөлігінде құлпытастар жатыр. Он зират топырақ пен тастан үйілген. Ал бір сағана там бор тасынан қаланған. Сағана тамның көлемі – 3х4 метр. Тақта тектес құлпытастарға салынған ру таңбалары жөнінде әлі толық зерттеу жоқ. Қабірлердің шамамен ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазылған болуы мүмкін екені жоққа шығарылмайды.

Бұл мекен неге Иманқара аталған? Бұл атауға қатыс­ты нақты дерек жоқ. Алайда тарихшылар мен өлкетану­шы­лар тау атауын адам есімімен бай­ланыстырады.

«Иманқара тауы әлі толық зерттелмей келеді. Адай көтерілісінің осы таудың маңынан басталғаны туралы деректі зерттеу қажет. Өйткені сол көтерілісте ерлігімен танымал болған батырдың есімімен аталуы мүмкін деген дерек бар. Бұл дерекке жан-жақты үңілген жөн. Таудың тарихын зерделегенде жан-жақты дәлелдерді саралау керек. Аталған мекендегі терең шыңырау қолмен қазылғаны даусыз», деген еді өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев.

Өмірден өткен өлкетану­шының есте­лі­гінде Иман­қа­радағы үңгірге 1911 жылы осы өңірден мұнай өн­діру­­ге кіріскен Альфред Нобель­дің инженерлер штабы орна­лас­қан деген пікір бар. Бұл – шындыққа жанасатындай пікір. Өйткені тау­дың жазық­қа ұласар шетінде ХХ ға­сыр­­­дағы бұрғылау қон­дыр­­ғы­сының қаңқа­сы қал­ған. Нобель­дің үңгірді едәуір кеңейт­­кені жөнінде болжам да жоқ емес.

Зерттеушілер бір нұсқаны Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы оқиғамен байланыстыра айтады. Сұрапыл соғыс өршіген 1944 жылы немістер жіберген Түркістан легио­нының сарбаздарынан құралған әуе десанты дәл осы үңгірді паналаған.

Қалай десек те, Иманқара тауы мен ондағы үңгірдің құпия­сы жыл өткен сайын көмес­кіленуі мүмкін. Өйткені түрлі болжам айтылғанымен, көне тарих көмбесінің кілті ашы­лар емес.

 

Атырау облысы

Соңғы жаңалықтар