Ғылым және жоғары білім министрлігі осы салада еңбек етіп жүрген әйелдер мен қыздарды кәсіби мерекемен құттықтады.
«Бұл күн – әйелдердің ғылыми ойдың дамуына, инновациялар мен адамзат өркениетінің ілгерілеуіне қосқан зор үлесін мойындаудың айқын белгісі. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен әйелдер мен қыздардың ғылымдағы халықаралық күні ғылым саласындағы тең мүмкіндіктердің маңызын айқындап, жас қыздарды зерттеушілік жолды таңдауға ынталандыруға бағытталған», делінген құттықтауда.
Бүгінде әйелдер Қазақстанның ғылыми әлеуетін қалыптастыруда шешуші рөл атқарып отыр. Ел бойынша магистр, PhD докторы, бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты немесе ғылым докторы дәрежесіне ие 120 896 маман бар. Соның 62 433-і, яғни 51,6%-ы – әйелдер. Бұл ғылым-білім беру кеңістігінде әйелдердің белсенді әрі ауқымды қатысуын айғақтайды.
Жоғары білім беру жүйесінде де әйелдердің салмағы басым. Профессор-оқытушылар құрамындағы әйелдердің үлесі 65,7%-ға жеткен. Оның ішінде:
- Магистрлер – 72,5%;
- Философия докторы (PhD) – 62,8%;
- Бейіні бойынша докторлар – 46,9%;
- Ғылым докторлары – 49,4%;
- Ғылым кандидаттары – 65,1%.
Бұл көрсеткіштер әйел ғалымдардың кәсіби деңгейі мен ғылыми кемелдігін айқын көрсетеді.
Елімізде ғылыми зерттеулермен айналысатын 12 893 әйел бар. Бұл – ғылыми қызметкерлердің 56%-ы. Әйел зерттеушілердің жалпы зерттеушілер санындағы үлесі 55,7%-ды құрайды. Олар іргелі зерттеулерден бастап қолданбалы және пәнаралық жобаларға дейінгі кең ауқымды бағыттарда нәтижелі еңбек етіп жүр.
Салалар бойынша алғанда, әйелдердің ең жоғары үлесі жаратылыстану ғылымдарында – 3 625 адам немесе 28%. Инженерлік әзірлемелер мен технологиялар саласында 2 625 әйел (20%), гуманитарлық ғылымдарда 2 471 әйел (19%) қызмет етеді. Жалпы, гуманитарлық ғылымдарда әйелдердің үлесі 66%-ға, әлеуметтік ғылымдарда 65%-ға жеткен.
Ғылыми біліктілік деңгейі тұрғысынан да әйел ғалымдардың көрсеткіші жоғары. Ғылым кандидаты дәрежесінде – 60%, бейіні бойынша доктор және магистр дәрежесінде – 58%, философия докторы (PhD) дәрежесінде – 54%. Әсіресе медицина мен гуманитарлық ғылымдар саласында әйел ғылым кандидаттарының үлесі 72%-ды құрап отыр.