Бизнес • Бүгін, 08:45

Кәсіп бастағандарға – 400 млн теңге

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының рейтингі бо­йынша Ұлытау облысы шағын бизнес пен орта кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы үш өңірдің қатарына кірді. Ұлытаулық 195 жас кәсіпкерге қайтарымсыз грант қаражаты берілді.

Кәсіп бастағандарға – 400 млн теңге

Қайтарымсыз грант көле­мі бизнес жобаның атқаратын қызметіне қарай 1 млн теңгеден – 7 млн теңге аралығын құрайды. Қаржы жас­тар­дың бизнес бастамаларын ынталандырып, жаңа кәсіп ашуға немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпті кеңейтуге бағытталады. Былтыр бөлінген қаржының жалпы көлемі 300 млн теңге болды.

Жақында Ұлытау облысы әкімі­нің орынбасары Нұртас Кәріпбаев­тың қатысуымен өткен кеңесте кәсіпкерлікті, соның ішінде жас бизнес иелерін қолдау шаралары талқыланып, инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері сөз болды.

Н.Кәріпбаевтың айтуынша, облыста мемлекет қолдауына ие болған жас кәсіпкерлер саны артып келеді. Олардың басым бөлігі ауылдық жерде тұрады. Грант иегерлері құрал-жабдықтар сатып алып, кәсіптерін кеңейтуге қам жасап жатыр.

Соның бірі – Жезді кентінің тұрғыны Гүлнұр Жаналинова. Ол тұратын кентте осыған дейін наубайхана болмай, жергілікті тұрғындар нан өнімдерін өздері қолдан жасайтын немесе Жезқазған қаласынан әкелетін еді.

Г.Жаналинова былтыр облыс­тық гранттан 2,5 млн теңге ұтып алып, шағын наубайхана ашты. Нан ашытатын аппарат, электр пеш сатып алды. Қазір ол күніне 500 бөлке нан пісіріп, мекемелерге, дүкендерге жеткізіп тұрады. Қарамағында алты адам жұмыс істейді.

«Биыл қайтарымсыз грант мөл­шері былтырғыдан жоғары бола­ды. Себебі облыста кәсіпкер­лік саласында тұрақты өсім байқалғандықтан 400 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант бөліну жоспарланып отыр. Бұл қаражат өңірдің кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға бағытталады», дейді Ұлытау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Нұржан Сағындық.

Мамандардың айтуынша, биыл грантқа өтініш беру кезінде ІТ және туризм салаларына басымдық беріледі.

 

Ұлытау облысы

Соңғы жаңалықтар