Келмеске кеткен кеңес өкіметі құлап, ұжымшар-кеңшарлар тарап жатқан уақытта бұл комбинаттың жұмысы керісінше, құлашын кеңге жайған. «Қос қолға күрек» таппай қалғандардың бірқатары осы жақтың жұмысына бел шеше кіріскен. Қазірдің өзінде жем тарту комбинаты аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның қызметі ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапалы өңделуіне, аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, экономикалық тұрақтылықты сақтауға тікелей ықпал етеді. Өндіріс үдерісі ең алдымен сапалы шикізаттан басталады. Күн сайын бас элеватордан жеткізілетін астық арнайы қабылдау аймағына түсіп, алғашқы өңдеу кезеңінен өтеді. Арпа, бидай, жүгері мен рапс сынды дақылдар қоймада сұрыпталып, өлшеніп, әрі қарай зертханаға жөнелтіледі. Барлығы талапқа сай болса, шикізат технологиялық желіге бағытталады. Аудандағы айтулы кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен біз де таныстық.
– Айына 1800–1700 тонна жем шығарамыз. Оның ішінен 400–450 тонна Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттеріне жөнелтіледі. 400 тоннасы Оңтүстік Қазақстанға, қалған 1 200 тонна ауданда қалады. Жергілікті шаруалар шикізатпен толық қамтылады. Былтыр 1 млрд теңге несие алып, шаруашылықтарға таратып бердік, – дейді «Шемонаиха ұн тарту және құрама жем комбинаты» ЖШС директорының орынбасары Берік Ізбасаров.

Мұндағы жұмыс жүйелі жолға қойылған. Өлшенген шикізат екінші қабатта орналасқан миксерге жеткізіледі. Барлық компонент белгіленген технология бойынша мұқият араластырылады. Миксерден шыққан жем конвейер арқылы түйіршіктеу аппаратына бағытталады. Бұл жерде қоспа ұнтақталып, жоғары қысыммен өңделеді. Байқағанымыздай, термиялық өңдеу жемнің ұнтақ күйінде шашырап кетпеуі үшін керек екен. Гранулаға айналған жем ары қарай салқындатуға жіберіліп, температурасы төмендетіледі. Содан соң ғана қапталып, сақталады.
2013 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алған серіктестік басшылығы автоматтандырылған, соңғы үлгіде жасалған, жемнің бірнеше түрін өңдеуге қауқарлы құрылғы сатып алған. Былтыр құрылғыларын жаңартып, өндіріс технологиясын оңтайландырған. Қазір кәсіпорын 65 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Былтыр кәсіпорын өндірістік желілер мен логистикалық инфрақұрылымды жаңартуға және қойма қуаттарын кеңейтуге бағытталған 1,5 млрд теңгенің инвестициясын тартты. Бұл бағдарлама арқылы зауыттың технологиялық шығынын едәуір азайтып, құрама жем өндірісін арттыруға мүмкіндік берді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс 11 660 тоннаны құрады, – дейді Шемонаиха аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мадина Шекеева.
Ал заманауи құрылғының тілін білетін түрік азаматы Юсуф Ақын жем тартып, оны түйіршіктеу жұмысының басы-қасында 10 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бала жастан ауыл шаруашылығының қыр-сырын көріп өскен ол бұл саланы ұршықша иіріп әкеткен.
– Зауыттың монтажы мен барлық жабдығы Түркиядан әкелінді. Жоба толықтай сол елдің технологиясына негізделген. Өзім бұл салада көп жылдан бері еңбек етіп келемін. Біздің өндіріп отырған өнімнің сапасы өте жоғары. Қазір зауыт тәулігіне 100 тонна жем шығарады. Тапсырыс көп болғандықтан алдағы уақытта өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Елімізде жем өндіруге барлық мүмкіндік бар. Сондықтан да өндірілетін жем құнарлы, – дейді «Шемонаиха ұн тарту және құрама жем комбинаты» ЖШС бас технологі Юсуф Акын.

Тілін қатардағы маман түсіне бермейтін басқару бөлмесіне бас сұқтық. Жалт-жұлт еткен экран, түрлі-түсті түймеше. Кәсіпорынның кәдімгі «миы» дерсіз. Мұнда шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі әр кезең алдын ала жоспарланып, нақты есепке алынады. Комбинаттың жұмыс схемасы көрсетілген сызбалар мен электронды басқару жүйелері өндірістің үздіксіз әрі дәл орындалуын қамтамасыз етеді. Бұл жерде қоректік көрсеткіштер, ақуыз бен энергия мөлшері, мал түрінің физиологиялық ерекшеліктері ескеріліп, жеке технологиялық шешім қабылданады. Өндірістің автоматтандырылған басқару жүйесі де осы кабинеттен қадағаланады. Барлық рецептура электронды түрде бекітіліп, жабдықтардың жұмыс тәртібі қашықтан реттеледі.
– Қараңыз, әр бункерде қандай дән түрі салынғаны жазылып тұр. Бидай, арпа, сұлы, жүгері, тағы басқалары бар. Осы шикізаттардың негізінде біз әр тұтынушының сұранысына қарай жемнің құрамын жасаймыз. Яғни ақуыз мөлшеріне, энергиясына және малдың түріне қарай арнайы рецепт құрастырамыз. Рецепт компьютерде бекітілгеннен кейін процесс толықтай автоматты түрде іске қосылады. Бұл бункерлер астында арнайы өлшеуіш тұр. Ыдысқа салынған шикізат 1 тоннаға жеткенде автоматты түрде қақпағы ашылып, ұсақтағыш машинаға салады. Ол жұмыс аяқталған соң миксерге келеді. Ол жерде дайындалатын жем түріне қарай дәрумендер қоспасы салынып, 3-4 минут араластырады. Ары қарай дайын болған өнім арнайы суытқыш камерасына түсіріледі. Сол жерден қаптарға салу құрылғысына жіберіледі, – деп, Юсуф Ақын жұмыстың жүйесімен таныстырды.
Мұнда қабылданған әр шешім жем сапасына, өндіріс көлеміне және кәсіпорынның жалпы нәтижесіне тікелей әсер етеді. Алда-жалда жарық сөніп қалса, қолмен басқарылатын құрылғы көмекке келеді.
Айта кетейік, жемді тұтынушының қалауына қарай 10 кг, 25 кг, 40 кг, 50 кг немесе 100 кг деп сата береді. Ұзын саны 15 түрлі жем тартылады. Айырмашылығы сол, майлылығында, құнарында, иісінде... Дайын жем вагондармен де, жүк көліктерімен де жөнелтіледі.
Шығыс Қазақстан облысы,
Шемонаиха ауданы