Туризм • Бүгін, 08:30

Жетісудың тың тынысы

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі кезде жер жәннаты Жетісуға келген туристер саны 11%-ға артса, шетелдік қонақтар легі бірден 60%-ға ұлғайған. Бұл облысқа халықаралық деңгейде қызығушылық өсіп келе жатқанын көрсетеді. Туристік қызмет көлемі 17%-ға көбейіп, өңірдегі нөмірлік қор 23 мың төсектік орынға дейін жеткен. Яғни инфрақұрылым мен сервис сапасы да қатар дамып келеді.

Жетісудың тың тынысы

Суреттерді түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК

Балқаш жағалауы жаңарады

Жетісу облысында туризм саласында жаңа жобалар қолға алынбақшы. Қазір өңірдің табиғи байлықтарын тиімді игеруге бағытталған нақты қадамдар жасалып жатыр. Соның ішінде туристік мүмкіндігі аса жоғары Балқаш көлінің жағалауын дамыту ісі басты назарда. Бұл жөнінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында баяндады.

Өңір басшысының айтуынша, Жетісу­дың туристік даму стратегиясында бес ірі дестинация айқындалған болса, соның маңыз­дысының бірі – Балқаш көлі. Был­тырғы жазғы маусымда көл жағалауына баратын автомобиль жолдары заман талабына сай жасақталды. Жаңа бағыт турис­тер­дің ерекше қызығушылығын тудырды.

«Инфрақұрылымдық жобалар да кезең-кезеңімен жүзеге асады. Лепсі стансасындағы жаңа теміржол вокза­лы­ның құрылысы биыл аяқталады. Былтыр Лепсі ауылынан Балқаш көліне дейін электр, ауызсу желілері тартылып, жағалау аумағындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы 90%-ға орындалған. Жобаны толық аяқтауға жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінген. Сонымен қатар алдағы жаз маусымына дейін жағалауда екі коммуналдық жағажай пайдалануға беріледі», деді Б.Исабаев.

Демалушылардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, су көліктерінің қозға­лысын реттеу мақсатында облыс көлемінде жалпы су пайдаланудың арнайы қағидалары да бекітілген. Осы мақсатта Балқаш жаға­лауын ұзақмерзімді әрі тиімді дамы­туға арналған Бас жоспар мен жаға­лау аймағын егжей-тегжей жос­парлау жобасы әзірленді. Осы құжаттар негі­зін­де кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Ин­же­нерлік инфрақұрылым толық аяқтал­ған соң, өңір әкімдігі заманауи демалыс аймақтарын салуға инвестор тартуды жоспарлап отыр.

Жалпы, өңірдің туристік даму моделі 5 басым бағытқа ие. Олар – табиғи сұлулығы мен шипалы климаты арқылы танымал Алакөл, Балқаш көлдері, біре­гей табиғи-тарихи мұра саналатын «Алтынемел», «Жоңғар Алатауы» ұлттық парктері, сондай-ақ Жоңғар Алатауының көркем тау жоталары. Бұл аумақтар эко­ло­гиялық, жағажайлық, белсенді, таным­дық туризмді қатар дамытуға мүм­кіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде туризм саласын жүйелі басқару мақсатында дербес Туризм басқармасы құрылып, 5 ауданда арнайы туризм бөлімдері ашылған. Бұл шешім жергілікті жерлерде жобаларды жедел іске асыруға, туристік инфрақұрылымды үйлесімді дамытуға жол ашты.

«Туристік аймақтардың тазалығы мен тәртібін қамтамасыз ету де басты назарда. Алакөл, Балқаш көлдері маңындағы тазалық пен тәртіпті жүйелі түрде сақтау мақсатында «Алакөл Тазалық», «Балқаш Тазалық» коммуналдық кәсіпорындары құрылған. Олардың материалдық-техни­калық базасын ны­­ғай­ту мақсатында жергілікті бюджет есебінен 41 арнайы техника сатып алынды. Бұл жағалаулардың сани­тарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, туристерге жайлы орта қалып­­тастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар демалушылардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету шаралары да күшейтілген. Бұл қадам жазғы маусымдағы қауіпсіздік деңгейін арттырып, ұйымдасқан демалыс мәдениетін қалыптастыруға негіз болады», дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Сәкен Түкібаев.

Оның айтуынша, инфрақұрылымды дамыту бағдарламалары аясында Алакөл, Балқаш жағалауларында жол, ин­­­женер­лік желілер, абаттандыру жұ­­мыс­­тары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Демалыс аймақтары заман талабына сай жабдықталып, сер­вистік нысандар саны артып келеді. Бұл өз кезегінде туристердің жайлылығын қам­тамасыз етіп, өңір экономикасына қосымша серпін береді. 

а

Экологиялық туризм дамиды

Бір айта кетерлігі, облыста экология­лық туризмді дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Ұлттық парктер мен тау аймақтарында табиғатты сақтай отырып туризмді өркендету, экологиялық маршрут­тар ашу, жауапты демалыс мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бүгінде экологиялық туризмді дамытуда басым­­дық берілетін бағыттың бірі – «Алтынемел», «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи парктері мен Жоңғар Алатауы жоталары. Бұл ретте инфрақұрылымды дамытуға қатысты қолға алынған іс-шаралар нәтижесінде аталған екі паркке келушілер саны 2024 жылы 27 мың болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 39,5 мыңға жеткен.

«Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын, Жетісу өңірі шын мәнінде таңғал­дырды. Әсіресе табиғатының алуан түрлілігі ерекше әсер етті. Бір жағында – шексіз көл айдындары, екінші жағында – асқақ таулар мен ұлттық парктер. Алакөл жаға­лауындағы таза ауа мен судың мөл­дірлігі демалысқа тамаша жағ­дай жасайды», дейді шетелдік қонақ Артур Сайгаков.

Туристерді тарту мақсатында 2023 жылы «Алтынемел» ұлттық паркінде жеке инвестициялар есебінен визит-орталық салынды. Былтыр туристік бағыттардағы ақпараттық белгілер жаңартылды. «Бесшатыр» сақ қорғандарының шатырына жөндеу жүргізілді. «Жаңатоғай», «Таңбалытас» кордондарында алау жағуға арналған арнайы орындар жабдықталды. Одан бөлек, Сарқан ауданының Тополевка ауылында визит-орталық ашылды. «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркі аума­ғын­да 4 демалыс аймағы, 2 автотұрақ орнатылып, 22 ақпараттық стенд, 113 ақпараттық тақтайша, 2 кіреберіс қақпа, сондай-ақ қоқыс жинауға арналған контейнерлер мен санитарлық тораптар қойылды.

Жасылкөлге көлікпен қатынауды қамтамасыз ету мақсатында «Тополевка – Жалаңаш кордоны» автомобиль жо­лының 20 шақырымына орташа жөндеу жүргізілді. Көлге апаратын жол құрылысы биыл аяқталады. Еліміздегі ең биік Бұрқанбұлақ сарқырамасына дейінгі 31 шақырым автомобиль жолын қайта жаңарту жүргізіліп жатыр.

«Ішкі туризмді насихаттау, өңірге келетін туристер санын арттыру мақса­тында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірде жыл сайын имидждік бұқаралық іс-шаралар өткізіп келеміз. Біздің облыс­та ұйымдастырылатын «Сиверс алма ағашының гүлденуі», «Алакөл толқыны», «Алтынемел – құлан­дар мекені» фестивальдары Туризм және спорт министрлігінің 2026 жылға арналған мәдени-туристік оқиғалар күнтізбесіне енгізілді», дейді С.Түкібаев.

Жалпы, алдағы уақытта облыс туризмді экономиканың жетекші драйверлеріне айналдыруды көздеп отыр. Өңірде туризм саласына бөлінген қаржы даму бюджетінің шамамен 30%-ына жуықтады. Бұл саланың стратегиялық маңызын айқын аңғартады. Осындай қолдаудың нәтижесінде ішкі, сыртқы туристерге тартымды аймаққа айналып, туристік индустрия тұрақты өсім көрсетіп отыр. Облыс аумағында екі ұлттық паркпен қатар, Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы орналасқан. Оның да маңызы зор.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар