26 Наурыз, 2015

Түрікменстанда Гара Сейтлиевтің 100 жылдығы атап өтіледі

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

25-03-15-seitliev-1

АСТАНА. 26 наурыз. Түрікменнің көрнекті жазушысы Гара Сейтлиевтің туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Бұл туралы «Хроника Туркменистана» хабарлады. Белгілі ақын және драматург Гара Сейтлиев қазіргі заманғы түрікмен поэзиясының негізін қалаушылардың бірі болып табылады. Үстіміздегі жылы оның туғанына жүз жыл толады. Оның поэзиясының жанашырлары мен жерлестері ақынның бұл мерейтойлық кезеңін атап өтуге дайындалып жатыр. Сейтлиев 1915 жылы Бахарден ауданындағы Гараган қышлағында туған. Ол бастауыш білімді ауыл мектебінен алады. Сосын Ашхабадтағы педагогикалық техникумды бітіреді. Оны аяқтағаннан кейін Ашхабад пен Кизил-Арватта мұғалім болып істейді. Кейінірек Бакуге барып, Ленин атындағы педагогикалық институтының филология факультетіне түседі. Ал 1941 жылы оқуды бітіріп, Ашхабадқа оралады. Соғыс жылдарында өнер саласындағы репертуар комиссиясының бастығы болып қызмет етеді. Соғыстан кейін Жазушылар одағына кеңесші болады. Кейін одақтың төрағасы болып сайланады. Бұдан кейінгі жылдары ол өмірінің соңына дейін мәдениет министрі болады. Сейтлиев ең алғашқы өлеңдерін 1938 жылы «Совет әдебияты» журналында жариялайды. Сосын алғашқы жыр жинағы шығады. Ақынның лирикалық өлеңдері 1941 жылы басылады. Оның қаламынан «Халқым», «Сұлу Москвам», «Қаһарман Май» деп аталатын белгілі өлеңдері туады. Гара Сейтлиев тек ақын ғана емес, драматург ретінде танылды. Оның пьесасы бойынша Молланепес атындағы театр сахнасында көптеген спектакльдер қойылды. Жазушы 1971 жылы 2 мамырда өмірден өтті. Өкінішке орай, тәуелсіздік жылдарында Сейтлиевтің шығармашылығы ұмыт қалды, кітаптары қайта басылған емес. Мұрат Айтқожа. Мәнбе, сурет: Хроника Туркменистана.