Саясат • Бүгін, 08:48

Ұлт мәдениетінің Қатар еліндегі салтанаты

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қатар астанасы Доха қаласында Қазақстанның мәдениет күндері салтанатты түрде ашылды. Ауқымды мәдени іс-шараның өтуі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатар Мемлекетіне жасаған мемлекеттік сапары барысында екі ел басшылары қол жеткізген уағдаластықтардың нәтижесінде жүзеге асырылды.

Ұлт мәдениетінің Қатар еліндегі салтанаты

Қазақстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барды. Мәдениет күндері аясында Вице-премьер Қатар Мем­лекетінің Мәдениет министрі шейх Әбдірахман бен Хамад бен Джасим Әл Тәнимен екіжақты кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тарап­тар мәдениет пен өнер сала­сындағы екіжақты ынтымақ­тастықты кеңейту келешегін талқылап, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушы­лық білдірді.

«Қазақстан Республикасының Мәде­ниет күндерінің Қатар Мем­ле­кетінде өтуі біз үшін зор мәр­тебе. Қазақстан мен Қатар халық­тарын жақындастыра­тын ортақ тарихи және рухани құнды­лықтар бар. Екі ел де бай көшпелі өркениет мұрасын сақтап, дәс­түр­лі мәдениетті қадірлеуге айрық­ша мән береді. Осы ортақ құндылықтар алдағы уақытта да халықтарымызды одан әрі жақындастырып, жаңа бірлескен мәдени жобаларды іске асыруға берік негіз болады деп сенемін», деді Аида Балаева.

Өз кезегінде Қатар Мемлекетінің Мәдениет министрі шейх Әбдірахман бен Хамад бен Джасим Әл Тәни екі ел қарым-қатынастарының даму әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, бірлескен мәдени жобалар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің берік негізіне айналатынына сенім білдірді.

Кездесу барысында креативті сек­тордағы өзара ықпалдастыққа ерекше назар аударылды. Аида Балаева Қатар Мемлекетінде креативті индус­триялардың қарқынды дамып келе жатқанын, елімізде де бұл бағыттың басымдыққа ие екенін атап өтті. Респуб­ликада Креативті индустрия­ларды дамыту қоры құрылған. Осыған бай­ланысты біздің тарап бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және аталған салада практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар өзара ықпалдас­тықтың өзге де келешегі зор бағыттары айқындалды. Атап айтқанда, бірлес­кен кітаптар шығару, екі ел автор­ла­рының шығармаларын қазақ және араб тілдеріне аудару, сондай-ақ
суретшілерді қолдау тетіктері бойынша тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

Практикалық қадам ретінде аталған бағыттардың барлығын қамтитын Ведомствоаралық іс-шаралар жоспарына қол қою ұсынылды.

Кездесу соңында делегация басшылары еліміздің өнер шеберлерінің мерекелік гала-концертін тамашалады. Концерт бағдарламасында қазақ халқының классикалық мұраларынан бастап, халық күйлері мен әндері, симфониялық өңдеудегі заманауи туындылар, сондай-ақ араб әндері орындалды.

Сондай-ақ делегация басшылары Мәдениет күндерінің негізгі іс-шаралары өтіп жатқан Доха қаласындағы «Дарб әл-Сағи» мәдени-тарихи орталығына барды. Мұнда тақырыптық концерттер, сәндік-қолданбалы өнер көрмелері, ұлттық нақышты заманауи үлгіде танытатын дизайнерлердің туындылары ұсынылған.

Бағдарламада еліміздің Ұлттық музейі дайындаған экспозицияға ерекше орын берілді. Сонымен қатар ұлттық дәстүрлер мен спорт түрлерін кеңінен насихаттауға айрықша мән беріліп, оның ішінде дәстүрлі садақ ату өнері, саятшылық, сондай-ақ тазы итпен аң аулау түрлері таныстырылды.

Айта кетейік, еліміздің мәде­ниет күн­­дерінің төрт күндік бағдарла­ма­сы Қазақстан – Қатар мәдени-
гумани­тар­­­лық ынтымақтасты­ғын одан әрі ны­ғайтуға және елдің ұлт­тық мәдениетін халықаралық деңгей­де кеңі­нен таны­туға бағытталған. Сондай-ақ алда­ғы уақытта біздің елде Қатар Мемлекетінің мәдениет күндері өтеді. 

Соңғы жаңалықтар

Несие алу неге қиындады?

Қоғам • Бүгін, 17:38