Тағзым • Бүгін, 08:18

Дүниені күй тілімен әрлеген

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ күй өнерінің шамшырағы, ұлы композитор, халық күйшісі Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына орай Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда «Күй анасы – Дина» атты өнер кеші өтті. Филармонияның камералық залы лық толды. Халықтың тағдырын домбыраның қос ішегіне сыйдырған күй анасына деген өзгеше құрметін осыдан-ақ аңғарғандаймыз.

Дүниені күй тілімен әрлеген

Күй шалқыған қоңыр кеш

Аты аңызға айналған күйші­нің шөбересі Төлеген Қуанышов бұл күннің ерекшелігіне тоқталды.

«Әулетіміз үшін бүгін өзге­ше күн. Халық әртісі, «күй анасы» атанған Дина шешеміз осыдан 71 жыл бұрын, 1955 жылы 31 қаңтарда дүниеден озған. Осы кештің басталар алдында күйші Дина көшесінде орна­ласқан анамыздың ескерткіші­не ұрпақтары атынан гүл шоқ­тарын қойдық. Елорда әкімдігі жанындағы Е.Рахмадиев атын­дағы филармонияның ұлт ас­пап­тар оркестрі осы еске алу кешін ұйымдастырып отыр, ана­мыздың шығармашылығын алдағы уақытта да насихаттауына тілекшіміз», деді Төлеген Шаңғытбайұлы.

Күй кеші аталған филар­мо­нияның ұлт-аспаптар оркестрі­нің орындауында Дина Нұр­пейісованың «Тойбастар» шығар­масымен ашылды. Кеш барысында оркестр Д.Нұрпейісова­ның «Кербез», «16-шы жыл», «8 Март», «Жеңіс», «Қазақстанға 30 жыл», «Науысқы», «Әсем­қоңыр» күйлерін және Түр­кеш­тің «Байжұма», Құрман­ғазының «Қайран шешем», «Сарыарқа» күйле­рін орындап, көрерменнің ыстық ықы­ла­­сы­на бөленді. Оркестрдің сүйе­мелдеуі­мен орындалған аталған шығармаларға Қазақстанның Халық әртісі, профессор Айт­қали Жайымов пен Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов дирижерлік етті.

Ұлы композитордың күйлері жекелей де орындалды. Атап айтқанда, Мұхит Салыбеков «Шы­нар», мәдениет саласының үздігі Әмина Бошымова «Дома­латпай», республикалық бай­қау­лардың лауреаты Сағи Баймұхат «Ана бұйрығы», Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова «Байжұма», республикалық бай­қау­лардың лауреаты Дарын Құдайбер­ген «Жігер», Айтолқын Тоқтаған «Жаңа бозшолақ» күйлерін нақышына кел­тіре орындап, күй­сүйер қауымды ұлы өнер­мен сусындатты. Осы тұста айта кетейік, Phd доктор Айтолқын Тоқтағанның жуырда Дина Нұрпейісова туралы монографиясы жарық көрді.

Сонымен қоса республикалық байқаулардың лауреаты Айым Бекбаева айтулы кеште Дина Нұрпейісоваға арнап жазыл­ған Айтқали Жайымовтың «Күй ана» шығармасын орындаса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, про­фессор Тұрар Әліп­баев Д.Нұр­пейі­сова­ның «Бұл­бұл» және «Қара қасқа ат» күй­­ле­рін тыңдарман қауыммен тағы бір мәр­те қауыштырды. 

Әр туындысы – қазына

«Дина Нұрпейісова Құр­ман­­ғазы Сағырбайұлының қолы­нан күй үйренген бірегей күй­ші. Алматы сахнасында Құр­­манғазының күйлерін ал­ғаш­қы насихаттаушы. XIX ға­сыр­да өмір сүрген халық композиторларының күйлерін бірден-бір жеткізушісі.

Дина апамыздың үнтаспаға жазылған күйлерін Қаршыға Ахмедияровқа әкеп берген Сағым Жалмышев деген домбыра­шы. Бірқатар шығармасын күй­ші Уақап Қабиғожин жеткізген. Сағым Жалмышевтың қасында 10 жыл жүрдім. Көптеген шығар­маны үнтаспаға жазған ол кісінің дыбыс салу мәнері, орын­дауындағы техникалық шебер­лігі қайталанбайды. Дина Нұр­пейісова өз алдына бір мектеп. Қазақ қыздарының арасында есімі алтын әріппен жазылған алғашқы күйші» дейді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Тұрар Әліпбаев.

Кеш соңында сөз алған Қазақ­стан­ның Халық әртісі, профессор Айтқали Жайымовтың айтуынша, күйді 3 мың көрермен сыятын залда тыңдау бір бөлек, жа­қынырақ отырып тың­да­ған тіп­тен әсерлі. Ал филар­мо­нияның камералық залында сахна мен көрермендер аралығы өте жақын.

«Күйді киіз үйде тыңдаған ха­лықпыз ғой. Сондықтан осылай жақынырақ отырып құлақ тос­қан өте жақсы. Дина анамыз­дың өзі де кілемге отырып, жанына жастық қойып тартқан ғой домбыраны. Құрылымы өзгеше болғандықтан, домбыраны малдас құрып отырып шерткен. Күй тартқанда домбырашының қолы бос болу керек, ал орындықта отырғанда орындаушыға оңай емес. Келешекте баяғы қазақы дәстүрдегідей кеш өткізсек деген ойымыз бар», деді Айтқали Жайымов.

К.Байсейітова атындағы Өнер уни­верситеті домбыра кафедрасының профессоры Айт­жан Тоқтағанның айтуынша, Дина Нұрпейісованың бір ерекше­лігі – импровизаторлығы.

«Куә болған үлкен кісілер Дина шешеміз бір күйді екінші күні басқаша құбылтып, ал үшін­ші күні тағы басқа нұсқасын тартады екен. Бұл дегеніміз – төгіліп жатқан ішкі байлықтың молдығы ғой», деді ол.

Айтуынша, Динаның өз жанынан шығарған күйлерін домбырашылар жақсы орындап жүр, алайда мазмұны байи түссе, нұр үстіне нұр. Дина Нұр­пе­йі­сова­ның «Домалатпай» күйі дөңгеле­н­ген дүниені, яғни «бәрі қозғалыс­та» деген көшпелі дүниетаным­ды бейнелеген. Дина анамыздың музыкалық мұрасы өте бай, күй­лері терең ой мен нәзік сезімге толы. Ұлы күйшінің әрбір туын­­дысы – ұлт руханиятының мәңгілік мұрасы, алтын қазынасы. 

Соңғы жаңалықтар