Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Ұлттық мүдде» диалог алаңында «Саяси жаңғыру: Әділетті Қазақстанның конституциялық моделі» тақырыбында өткен отырыс қатысушыларына ілтипат білдіріп, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ауқымды конституциялық өзгерістер мемлекеттілікті дамытудың жаңа кезеңіне өту үшін жасалған қадам әрі қоғамның саяси жүйені жаңартуға қатысты сұранысына берілген жауап екенін атап өтті. Сондай-ақ ол бұл белгілі бір салалардағы өзгерістер емес, мемлекеттік модельдің мазмұны мен жұмыс істеу қағидаттарын түбегейлі қайта қарау екенін тілге тиек етті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың жуырда өткен отырысында ауқымды конституциялық реформалар туралы айтты. Мемлекет басшысы еліміздің мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталатынын жеткізді. Бұл – саяси жүйемізге түзетулер мен толықтырулар енгізу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл әлемдегі қазіргі сын-қатерлерге бейімделу арқылы түбегейлі жаңғыруға қадам басу екені анық. Сондықтан осындай маңызды сәтте бірлігімізді бекемдеп, Мемлекет басшысы ұсынған өзгерістерді жүзеге асыруда жұдырықтай жұмылу айрықша мәнге ие», деді М.Әшімбаев.
Палата спикері елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформа кешенді әрі жүйелі сипатқа ие екенін айтты. Алдағы өзгерістер парламенттік реформалар аясынан шығып, Ата заңымызды тұтастай қамтып отыр. Оның айтуынша, қазірдің өзінде Конституцияның 80-ге жуық нормасына өзгеріс енетіні белгілі болды. Бұл басты құқықтық құжатымыздың 84 пайызын құрайды. М.Әшімбаев реформаның маңызды бағыты еліміздің жоғарғы заң шығарушы органының өкілеттіктерін кеңейту мен рөлін күшейтуді көздейтінін де атап өтті. Сондай-ақ заңнамалық үдерісті оңтайландыру, депутаттардың дербестігін арттыру, партиялық жүйені дамыту мен саяси бәсекелестікті күшейту бағытына да баса мән беріліп отырғанына тоқталды.
Сенат төрағасы реформа аясында мемлекет пен қоғам арасындағы келісім мен диалог институты ретінде Халық кеңесін құру туралы Мемлекет басшысының ұсынысына да тоқталды. Сондай-ақ аталған алаңда идеология, құндылықтар мен ұлттық бірлік мәселелері талқыланатыны, кеңеске заң шығаруға бастамашы болу құқығын беру оны мазмұнды институтқа айналдыратыны сөз болды. Ұсынылған өзгерістердің қатарында вице-президент лауазымын енгізу мен Конституцияның преамбуласын жаңарту туралы бастамалар да бар. Сол арқылы мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығын көрсетіп, Әділетті Қазақстан құруды ең жоғары мақсат ретінде белгілеу көзделіп отыр.
«Еліміз ұлттық жаңғыру кезеңіне қадам басып жатыр. Осы тарихи сәтте зиялы қауым өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшылары ерекше рөл атқарады. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы ұсынған ауқымды өзгерістердің мәнін қоғамға дұрыс жеткізу аса маңызды. Қазіргідей жауапты кезеңде ұлттық бірлікті одан әрі бекемдеу өте өзекті. Қоғамды ортақ мүддеге жұмылдыру ісінде де сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Саяси жаңғырудың түпкі мақсаты – мемлекеттілік пен тәуелсіздікті нығайту. Бұл – Әділетті Қазақстан құру жолындағы жаңа конституциялық модельге көшу кезеңі. Алдағы уақытта конституциялық реформаларды табысты іске асыруға зиялы қауым мен сарапшылар қоғамдастығы белсенді үлес қосады деп сенемін», деді М.Әшімбаев.
Отырысқа қатысқан жазушы, қоғам қайраткері Қойшығара Салғараұлы қазақ тілінің мәселесіне тоқталса, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы қоғамның жаңаруға деген ұмтылысы мемлекетшілдік мүддемен үйлескенде зор нәтиже беретінін айтты.
«Бүгінгі әділеттілік қағидатын осы аяда қарауға болады. Конституциялық реформа – соның жүзеге асу үдерісі. Бүгін сана мен елдік мүддеге қатысты біраз орайлы ой айтылды. Рас, өзгеріс – даму белгісі. Тәуелсіздік елең-алаңы 90-жылдардағы жағдай мен отыз жыл арадағы таным-түсінікті салыстыруға келмейді. Саясаттану, қоғамтану тұрғысынан да кейбір үдерістің жылдамдығы мен оқыс сипатын байыптау оңайға түспейді. Қаншама терминология, талап жаңарды.
Міне, сондықтан да Ата заңға қайта оралу және жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізу – маңызды елдік іс. Сынау үшін сынау – дәйексіз нәрсе. Комиссия құрамында жүріп байқағанымыз: білікті заңгерлер, мемлекетшіл қайраткерлер, түрлі саланың тәжірибелі мамандары Конституцияның әр бабын терең байыптап, замана мен әділетті арқау еткен мемлекет үні, ұстанымы, парасаты, қағидаты тұрғысынан сараптап жатқаны ақиқат.
Біз ақпарат, білім, мәдениет маманы болғандықтан, жаңа Ата заңда өркениет пен ұлт құндылығы, ғылым мен инновация қағидаты, рухани саламаттылық жөні заңдық тұжырым ретінде енгелі жатқанын айтуды парыз санаймын. Сондай-ақ бұрын ескерілмеген Ұлы дала мемлекеттілігінің тарихы мен тәжірибесі, егемендікті көздің қарашығындай сақтауға мүмкіндік беретін қағидаттар да қамтылды», деді Д.Қамзабекұлы.
Ал Назарбаев университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің доценті, PhD, Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшесі Серік Оразғалиев отырыста меритократия қағидатына тоқталды. Оның айтуынша, меритократия ұғымы жиі айтылып, ол мемлекеттік қызметті дамытуға арналған стратегиялық құжаттарда кәсібилік, біліктілік, адалдық мемлекеттік басқарудың маңызды бағыты ретінде көрсетілгенімен, Конституцияда бекітілмеген. Ол стратегиялық құжаттар мен салалық заңдар деңгейінде бар, бірақ конституциялық норма ретінде орнықпаған.
«Бұл – маңызды мәселе, себебі халықаралық салыстырмалы зерттеулер көрсеткендей, меритке негізделген мемлекеттік қызмет жүйелері конституциялық деңгейде қорғалмаған жағдайда, олар саяси циклдер барысында әлсірейді, ал кейде толықтай формалдылыққа айналады. Басқаша айтқанда, меритократия басқарушылық ұстаным ретінде ғана емес, құқықтық тұрғыда да тұрақты институционалдық негізге ие болуға тиіс. Мұндай қадам билік тармақтарының құрылымын өзгертпейді. Алайда ол мемлекеттік аппараттың сапасына қатысты баршаға ортақ, міндетті, ұзақмерзімді стандартты белгілейді. Ұлттық мүдде тұрғысынан алғанда, меритократияны Конституцияда бекіту мемлекеттік басқаруда сабақтастықты, кәсібилікті, институционалдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған шешім болар еді. Бұл тәсіл тиімді басқаруды уақытша саяси таңдау емес, мемлекеттің тікелей конституциялық міндеті ретінде бекітеді», деді С.Оразғалиев.
Парламентаризм институтының орталық басшысы, PhD, Талдау мектебінің түлегі Шолпан Саймова саяси жаңғыру цифрлық трансформациямен тығыз байланысты деген пікір білдірді. Өйткені кейінгі жылдары жасанды интеллект пен цифрландыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Оның айтуынша, бүгінде цифрлық технологиялар қосалқы құрал емес, басқарудың жүйеқұраушы факторы ретінде қалыптасып отыр. Мемлекеттік қызметтер, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, білім салалары біртіндеп онлайн форматқа көшіп жатыр. Алайда цифрландыру дәуірінде, әсіресе онлайн ортада адамның құқықтық қорғалу деңгейі бірқатар елеулі сын қатерлерге тап болып отыр.
«Осы орайда цифрлық ортада да адамның жеке өмірі мен дербес деректері Конституциямен бірдей деңгейде қорғалуға тиіс. Ол үшін Конституцияның 18-бабын қазіргі цифрлық шындыққа сай кеңінен түсіндіріп, қолдану қажет. Екіншіден, интернетке қолжетімділікті жай техникалық мүмкіндік емес, азаматтардың тең құқықтарын іске асырудың негізгі шарты ретінде қарауымыз керек. Үшіншіден, цифрлық кеңістікке қолжетімділікті арттыра отырып, азаматтардың дербес деректері мен цифрлық қауіпсіздігін қорғау мемлекеттің ажырамас конституциялық міндеті ретінде қатар жүргізілуге тиіс», деді спикер.
«Ел тарихы» ғылыми зерттеу орталығының директоры Ерлан Сайлаубай Ата заңның тарихи даму кезеңдерін айтып берді.
«1993 жылы қабылданған Конституция «Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы» декларация мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңын қабылдаудан басталған тәуелсіз мемлекеттің конституциялық құрылысы үдерісін нақтылады. Бірінші демократиялық Конституцияның қабылдануы еліміз үшін тарихи және ауқымды оқиға болды. 1993 жылғы Конституция шын мәнінде демократиялық құндылықтарды қоғамдық санаға сіңдіру, одан әрі дамыту, мемлекеттілікті қалыптастыру үшін негіз құрды. Ал 1995 жылғы 30 тамыздағы бүкілхалықтық референдумда мақұлданған еліміздің қолданыстағы Конституциясы мемлекеттілігіміздің дамуының кезекті кезеңі ретінде тарихқа енбек», деді Е.Сайлаубай.
«Ұлттық мүдде» диалог алаңында өзге де сарапшылар пікірлерін білдірді.