Сенат • Кеше

Конституцияның 80-ге жуық нормасына өзгерістер енгізіледі

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Сенатта «Ұлттық мүдде» диалог алаңының «Саяси жаңғыру: Әділетті Қазақстанның конституциялық моделі» тақырыбындағы отырысы өтті. Жиында мемлекеттілікті дамытудың жаңа кезеңіне өту жағдайындағы конституциялық реформаның мәні, оның саяси жүйені жаңғыртудағы және мемлекеттік құрылымның жаңа моделін қалыптастырудағы рөлі кеңінен сөз болды, деп жазады Egemen.kz.

Конституцияның 80-ге жуық нормасына өзгерістер енгізіледі

Фото: Н.Байбулин

Отырысты ашқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ауқымды конституциялық өзгерістер қоғамның саяси жүйені жаңартуға деген сұранысына берілген жауап екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жекелеген салаларға қатысты түзетулер емес, мемлекеттік модельдің мазмұны мен жұмыс істеу қағидаттарын түбегейлі қайта қарауға бағытталған жүйелі қадам.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың жуырда өткен отырысында ауқымды конституциялық реформалар туралы айтты. Мемлекет басшысы Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталатынын жеткізді. Бұл саяси жүйемізге тек түзетулер мен толықтырулар енгізу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл әлемдегі қазіргі сын-қатерлерге бейімделу арқылы түбегейлі жаңғыруға қадам басу екені анық. Сондықтан, осындай маңызды сәтте бірлігімізді бекемдеп, Мемлекет басшысы ұсынған өзгерістерді жүзеге асыруда жұдырықтай жұмылу айрықша мәнге ие», деді Палата Спикері.

Мәулен Әшімбаев конституциялық реформаның кешенді әрі жүйелі сипатқа ие екенін айтты. Алдағы өзгерістер тек парламенттік реформалар шеңберімен шектелмей, Ата Заңды тұтастай қамтып отыр. Қазірдің өзінде Конституцияның 80-ге жуық нормасына өзгерістер енгізілетіні белгілі, бұл негізгі заңның шамамен 84 пайызына тең.

Сенат Төрағасының сөзінше, реформаның маңызды бағыттарының бірі – жоғарғы заң шығарушы органның өкілеттіктерін кеңейтіп, оның рөлін күшейту. Сонымен қатар заңнамалық үдерісті оңтайландыру, депутаттардың дербестігін арттыру, партиялық жүйені дамыту және саяси бәсекелестікті күшейту мәселелеріне басымдық беріліп отыр.

Мәулен Әшімбаев: Президент реформаларының мақсаты – мемлекеттілік пен тәуелсіздікті нығайту

Отырыста мемлекет пен қоғам арасындағы келісім мен диалог институты ретінде Халық кеңесін құру ұсынысына да ерекше назар аударылды. Бұл алаңда идеология, ұлттық құндылықтар мен бірлік мәселелері талқыланып, Кеңеске заң шығару бастамасы құқығын беру оны мазмұнды әрі пәрменді институтқа айналдыруға мүмкіндік беретіні айтылды.

Ұсынылған өзгерістер қатарында вице-президент лауазымын енгізу және Конституцияның преамбуласын жаңарту бастамалары да бар. Бұл мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығын айқындап, Әділетті Қазақстан құруды басты мақсат ретінде бекітуге бағытталған.

«Қазақстан ұлттық жаңғыру кезеңіне қадам басуда. Осы тарихи сәтте зиялы қауым өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшылары ерекше рөл атқарады. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы ұсынған ауқымды өзгерістердің мәнін қоғамға дұрыс жеткізу аса маңызды. Қазіргідей жауапты кезеңде ұлттық бірлікті одан әрі бекемдеу өте өзекті. Қоғамды ортақ мүддеге жұмылдыру ісінде де сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Саяси жаңғыудың түпкі мақсаты – мемлекеттілік пен Тәуелсіздікті нығайту. Бұл – Әділетті Қазақстан құру жолындағы жаңа конституциялық модельге көшу кезеңі», деді Мәулен Әшімбаев.

«Ұлттық мүдде» диалог алаңында сенаторлармен бірге белгілі филолог, қоғам қайраткері Қойшығара Салғараұлы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жамаладен Ибрагимов, «Ел тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ерлан Сайлаубай, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Парламентаризм институты орталығының басшысы Шолпан Саймова, Nazarbayev University Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің доценті Серік Оразғалиев және басқа да сарапшылар сөз сөйлеп, конституциялық реформаның мазмұны мен маңызына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиын барысында айтылған ұсыныстар мен тұжырымдар саяси жаңғырудың қоғам үшін ашық әрі түсінікті жүзеге асуына, жаңа конституциялық модельдің мазмұнын терең ұғындыруға бағытталғаны атап өтілді. 

Сенат төрағасы: Конституциялық реформа – мемлекет құрылысын дамытудың жаңа кезеңі

Соңғы жаңалықтар