Саясат • Кеше

Әскери теміржол күзетінің мәртебесі бекітілді

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында сенаторлар ел үкіметі мен OPEC халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектор операцияларын ұйымдастыру туралы негіздемелік келісімді ратификациялады. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының қауіпсіздік қызметін, қару-жарақ саудасы мен тұрғын үй төлемдерін жақсартуға бағытталған заң мақұлданды.

Әскери теміржол күзетінің мәртебесі бекітілді

OPEC қорымен ынтымақтастық кеңейеді

Алдымен сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен OPEC Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады. Бұл келісім ұзақмерзімді қаржыландыруға, инвестицияларды қорғауға және ынтымақтастықтың икемді шарттарына кепілдік береді.

«Қаралған заң еліміз бен OPEC халықаралық даму қорының арасында ынтымақтастықты дамыту үшін әзірленді. Келісім еліміздің мүддесіне сай келетін жобаларды Халықаралық қор­дың қаражаты есебінен қаржы­лан­ды­руға мүмкіндік береді. Осыған байланысты қаржыландыру тетіктері жан-жақты реттеліп отыр. Жалпы, заңның мақұлдануы еліміздің инвестициялық ахуалына оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.

Заң нормаларына сәйкес, ОРЕС қоры әрбір жобаны қаржыландырмас бұрын Үкіметке нақты сома көрсетілген жазбаша жобалық ұсыныс жібереді. Қаржыландыру мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан 5 пайызға дейін, жеңілдік кезеңі 6 айдан 24 айға дейін қарастырылып отыр. Қарыз алу мерзімі 22 жылға дейін болуы мүмкін.

Депутат Сәкен Арубаевтың айтуын­ша, ОРЕС қорынан бөлінген қаржы инвестициялық бағдарламаларға жұм­салып, қатаң бақыланады.

«Бұл заң қаржы тарту көздерінің кеңеюіне, қаржы ұйымдары арасын­дағы бәсекелестіктің артуына, жеке секторға инвестициялар мен тех­ноло­гиялардың келуіне, жаңа кәсіп­орындар мен жұмыс орындарының құры­луына, араб елдерінің халықара­лық қаржы институттарымен ынтымақ­тастықтың нығаюына, инвестициялық ахуал мен елдің халықаралық беделінің артуына мүмкіндік береді», деп түсіндірді сенатор.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне күзет қызметі, тұрғын үй қатынастары және құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Оның нормалары күзет қызметі мен қару айналымы саласындағы мемлекеттік бақылауды кү­шей­туге, күзет қызметтерін ұсыну сапа­­сын арттыруға бағытталған. Заң­ның не­гізгі міндеттерінің қатарында құқық қор­ғау органдарының, арнаулы мем­лекет­тік органдардың, азаматтық қор­ғау орган­дарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерді тұрғын үй­мен қамта­масыз ету және тұрғын үй төлем­­дерін жүзеге асыру тәртібін же­тіл­діру, сондай-ақ құқық қорғау ор­ган­­дарын­дағы кадр саясатының тиім­ді­лігін арттыру сияқты нақты бағыттар бар.

«Бұл заңда күзет қызметін реттеу мен қару иелеріне қойылатын талаптарды күшейтуді көздейтін нормалар бар. Сонымен бірге құжатта әскери қызметшілердің, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұр­ғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәр­тібін жетілдіруге арналған түзетулер қарастырылған. Жаңа нормалар аталған салада мемлекеттік реттеу және бақылау жүргізу тиімділігін арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді мақұлданған заң туралы пікір білдірген М.Әшімбаев.

Сондай-ақ сенатор Советбек Меде­баев­тың мәлімдеуінше, «Теміржол көлігі туралы» заңында «әскери­лен­діріл­ген теміржол күзеті» деген ұғым енгізі­ліп, оның құқықтық мәртебесі бекітіледі.

«Бұдан басқа оған транзиттік темір­жол жүк тасымалдарын жүзеге асыруға тартылған терминалдар аумақтарында үшінші тұлғаларға жүктерді және теміржол көлігі объектілерін күзету жөніндегі қызметтерді көрсету құқығы беріледі», деді депутат.

Отырыс барысында айтылғандай, аталған өзгерістермен қатар заңда кадр жұмысында анықталған бұзушы­лықтар үшін құқық қорғау органдары басшыларының жауаптылығын күшейту көзделген. Сондай-ақ Үкімет­ке тұрғын үй төлемдерін беру, есеп­теу, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау тәртібін айқындау жөнін­дегі өкілеттіктерді беру бөлігінде түзетулер енгізілді. Бұдан басқа, азаматтық және қызметтік қару иелеріне, сондай-ақ жеке күзет ұйымдарына қатысты қосымша міндеттер бекітілді. 

Инвесторлар құқы қорғалуға тиіс

Сенатор Андрей Лукин Үкіметке жол­даған сауалында инвесторлар құқы­ғы бұзылып, инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде әкімшілік кедергілерге тап болып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті жобаларды «жоспарлау жобаларына немесе жер санатына сәйкес келмейді» деген сылтаумен инвестициялық келісімшарттарды келісуден бас тартады. Ал мұндай шешімдер қала құры­лысы заңнамасына қайшы келеді. Заң бойынша негізгі құжат бас жос­пар болып саналады, ал ЕЖЖ-ға түзету­лерді инвестициялық келісімшарт жасалғаннан кейін де енгізуге болады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы заңда көзделмеген талаптар қойып отыр, ал бұл нысандарды пайдалануға беру актілерін тіркеуден бас тартуға әкеліп соғады. Сондай-ақ табиғи монополия субъектілерінің инженерлік желілерге қосудан негізсіз бас тартып, инвесторларды заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тарту жағдайлары тіркелген», деді А.Лукин.

Сонымен қатар сенатор келісім­шарт­тарды бұзу туралы шешімдер көбіне біржақты қабылданатынын алға тартты. Осы орайда, депутат ин­вес­тициялық жобалардың орында­луына бақылауды күшейтіп, келісім­шарт­тарды жасасу кезінде инфрақұры­лымды нақтылап алуды ұсынды. 

Балет және цирк өнері қолдауға зәру

Ал Бибігүл Жексенбай еліміздің мә­дениет саласындағы проблема­лар­ға тоқталды. Оның айтуынша, мәде­­ниет елдің рухани, зияткерлік және ха­лықаралық беделін қалыптас­тыру­­да шешуші рөл атқаратынына қа­ра­­мас­тан, заманауи мамандықтар мен тех­­никалық стандарттарды енгізу­ден бастап, инклюзия мен жекелеген шы­­ғар­машылық мамандық иелері­не арналған әлеуметтік кепілдік­терге дейінгі бір­қатар бағыт институционалдық дең­гейде жеткілікті реттелмей отыр.

«Мемлекет басшысы V Ұлттық құрылтайда өнер мен мәдениет ұлт­тың рухани коды екенін, ал мемлекет­тің өркениеттілік деңгейі оның мәдениетке деген көзқарасымен айқындалатынын атап өтті. Осыған байланысты мәдениет саласын қосалқы бағыт емес, орнықты мемлекеттік дамудың өзегі ретінде қарастыру қажет. Сала өкілдерімен кездесулерде бірқатар мәселе анықталды. Қазіргі уақытта мәдениет саласында цифрлық контент продюсерлері, сахналық цифрлық технологиялар инженерлері, инклюзивті мәдениет мамандары, мәдени деректер талдаушылары сияқты жаңа заманауи мамандықтар заңнамалық деңгейде бекітілмеген. Астана қаласындағы бірқатар театрда, концерттік ұйымдар мен филармонияларда сахналық жарықтандыру және дыбыс жүйелері ескірген, цифр­лық трансляция мен мұрағаттау мүмкіндіктері шектеулі, халықаралық гастрольдер мен копродукцияларға техникалық дайындық деңгейі төмен»,  деді Б.Жексенбай.

Сондай-ақ депутат мүгедектігі бар азамат­тардың өнерге қатысуы, инклюзивті театрлар мен шығарма­шылық студиялар мемлекеттік саясатпен, тұрақты қаржыландырумен қам­тамасыз етілмегенін жеткізді. Мәселен, балет және цирк өнерінің өкіл­дері әлеуметтік, кәсіби тұрғыдан қорғал­маған күйде қалып отыр. Сондай-ақ дирижерлердің құқықтық мәртебесі, әлеуметтік кепілдіктері мен кәсіби даму мәселелері де толық реттелмеген.

Осыған байланысты сенатор зама­науи мәдени және цифрлық маман­дықтарды заңнамалық тұрғыда бекітіп, дирижерлер үшін құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер орнатуды, мәдениет ұйымдарына арналған ең тө­менгі ұлттық техникалық стандарттарды енгізуді ұсынды. Сондай-ақ сенатордың айтуынша, тұрақты қаржыландыру негізінде инклюзивті мәдени ортаны дамытып, балет және цирк өнерінің өкілдеріне арнайы әлеуметтік қорғау шараларын қабылдау қажет. 

Дәрі-дәрмек уақытында жеткізілмей отыр

Сенатор Айнұр Арғынбекова науқас­тарды дәрі-дәрмекпен қамтама­сыз ету мен Денсаулық сақтау министр­лігінің қызметін жетілдіруге байла­нысты мә­селелерді алға тартты. Оның айтуын­ша, дәрі-дәрмектерді жеткізу­де кедергілер өте көп. Әсіресе созылма­лы және сирек кездесетін дертке шал­дыққан пациенттер өмірлік м­аңызы бар дәрі-дәрмектерді уақтылы ала алмай отыр. Ал бұл мәселелер азамат­тардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сеніміне кері әсерін тигізеді.

А.Арғынбекованың пікірінше, мұндай олқылықтар дәрі-дәрмек сая­­сатының жүйелі мәселелерін – импорт­қа жоғары тәуелділік, тіркеу, баға бел­гілеу мен сатып алуда кездесіп отыр. Бұл дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында ұзақмерзімді әрі жүйелі стратегияның жоқтығын көрсетеді.

«Дәрі-дәрмектердің уақытында жеткізілмеуі немесе жекелеген пре­па­рат­тардың болмауы медицина­лық ұйымдар мен дәрігерлер жұмыс режімінің бұзылуына әкеледі. Мысалы, созылмалы ауруы бар пациент жоспарлы қабылдауға келеді. Ем-дом тағайын­далған, алайда қажетті препарат жоқ. Сондықтан дәрігер емдеуге көңіл бөле алмай, ұйымдастырушылық қызметке алаңдап кетеді. Нәтижесінде, «болары болып, бояуы сіңген» жағдайға душар боламыз», деді депутат.

Сенатор дәрі-дәрмекпен қамтама­сыз етуді мемлекеттің стратегиялық жоспарлау жүйесіне қосып, өмірлік маңызы бар препараттардың кешікті­ріл­мей жеткізілуін қадағалайтын нақ­ты алгоритмдерді әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ ТМККК және МӘМС шең­берінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қаржы тұрақты бөлініп, мемлекет­тік сатып алу мәселесінде Денсаулық сақтау министрлігінің рөлін күшейтуді ұсынды. 

Соңғы жаңалықтар