Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мектептегі тәжірибе
Қазір мектептерде жасанды интеллект арқылы оқыту әдістері қарқынды жүріп жатыр. «Келешек мектептері» осы тәжірибені алғашқылардың бірі болып іске асырды. Астана қаласындағы №107, №101, №99, №104 мектептер базасында сынақтан өтіп жатқан жобада жасанды интеллект мұғалімдердің күнделікті жұмысын оңтайландыруға пайдаланылады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл мектептердегі педагогтер «Roqed AI», «Kashgari», «Stem-solutions» секілді отандық шешімдерді, сондай-ақ «Kahoot» сияқты интерактивті платформаларды пайдаланып жүр.
Сонымен қатар «RobotAI» мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, бақылау жұмысын және тест нәтижелерін автоматты түрде бағалауға көмектеседі. Ал «Google Past» жүйесі оқушылардың материалды өз бетімен әзірлегенін немесе жасанды интеллектіні пайдаланғанын анықтайды. Аталған технологиялар мұғалімдердің сенімді көмекшісіне айналып отыр.
«Білім жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуді педагог рөлін күшейтудің стратегиялық қадамы ретінде қарастырамыз. Жасанды интеллект мұғалімге тән емес бірқатар міндетті өз мойнына алып, оның көмекшісіне айналады. «ChatGPT Edu» сияқты құралдар педагогтердің интеллектуалдық көмекшісі болып, мүмкіндіктерін кеңейтеді және әрбір білім алушының жеке қажеттілігіне сай жұмыс істеуіне мүмкіндік береді», деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Демек, ендігі кезеңде жасанды интеллектіні мектепке енгізу жұмысы жекелеген тәжірибемен шектелмей, нақты іріктеу мен жүйелеу арқылы жүргізіледі.
«Біз қазір «Qazaq Digital Mektebi» жобасы аясында жасанды интеллект саласындағы жобаларды сұрыптап жатырмыз. Сондықтан түрлі отандық озық платформа жасаушылардың ұсыныстарын қарастыруға дайынбыз», деді Жұлдыз Сүлейменова.
Айтпақшы, қанатқақты жоба ретінде мектептерде «Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндерінің мазмұнына жасанды интеллект тақырыптары енгізілген еді. Сабақтар оқушылардың жас ерекшелігіне сай құрылып, бастауышта – қарапайым ұғымдар ойын арқылы түсіндірілсе, жоғары сыныптарда чат-бот құрастыру, деректерді талдау секілді тапсырмалар қамтылған.
Сабаққа керек стартаптар
Сонымен, жасанды интеллект дұрыс қолданылса, оқу үдерісін жүйелеп, мұғалімнің едәуір уақытын үнемдейді екен. Осы мақсатта жұмыс істейтін отандық «EdTech» жобалар да аз емес. Қазір олардың бір бөлігі мектептерде қолданылып жүр.
Мәселен, мұндай жарқын жобалардың бірі – «CodiPlay» экожүйесі. Бұл мектеп оқушыларына цифрлық дағдыларды ойын арқылы үйретеді. Стартап көмегімен оқушылар 2021 жылдан бері «ақылды үйлер», дрондар мен IoT құрылғылар жасап, бағдарламалау негіздерін меңгеріп келеді. Бұл платформа елімізден бөлек, Өзбекстан, Әзербайжан, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Индонезия, Сауд Арабиясы және Қатарда белсенді қолданылады.
Жасанды интеллектіні оқушының деңгейіне қарай бейімдеп оқыту бағытына келсек, бұл салада «BeyimTech» жобасы көзге түседі. Бұл – оқуға арналған әлеуметтік желі. Атауы айтып тұрғандай, бұл жүйе білім алушының деңгейіне бейімделіп отырады. Ал «Beyim Synaq» қосымшасы оқушының емтиханға дайындалуына көмектеседі.
Кеңейтілген және виртуалды шындық технологияларын білімге енгізіп жүрген отандық компанияның бірі – «Big Dream Lab». Олар «Digital Lab» платформасы арқылы физика, химия, биология пәндерінен виртуалды зертханалар ұсынып, тәжірибені қауіпсіз әрі көрнекі форматта жасауға мүмкіндік береді. Бұған қоса өрт кезіндегі әрекет, алғашқы көмек көрсету секілді дағдыларды үйрететін виртуалды тренажерлер әзірлейді.
Еліміздегі ең ауқымды цифрлық білім экожүйелерінің бірі – «BILIMLAND». Платформада түрлі деңгейдегі бейнесабақтар, конспектілер мен тапсырмалар жинақталған. Оқушы тақырыпты өз қарқынымен қайталап оқи алады. Контентті мұғалімдер мен әдіскерлер әзірлеп, оны дизайнерлер мен аниматорлар тартымды форматқа келтіріп отырады.
Халықаралық білімге бағытталған «Smartestprep» шетелдік университеттерге түсу үдерісін бір жүйеге келтіреді. Платформада эссе жазуға көмек, менторлық қолдау, тестілеу және грант іздеу секілді қызметтер бір жерде ұсынылады. Жоба ТМД елдеріндегі мыңдаған талапкерге шетелде оқу мүмкіндігін нақты жоспарлауға жол ашып отыр.
Ал «Zero Education» – мектептің ішкі басқару жұмысын жеңілдетуге арналған платформа. Ол оқу үдерісін басқару, келісімшарт жүргізу, қаржы және кадр есебі, сондай-ақ ата-ана мен мұғалімге арналған порталдарды бір жүйеге біріктіреді. Нәтижесінде, әкімшілік жұмыс қысқарып, мектеп негізгі мақсатқа, яғни білім сапасына көбірек көңіл бөле алады.
Білім кеңістігі енді жаңа кезеңге аяқ басты. Бұрын цифрландыру электронды журнал мен онлайн сабақпен ғана шектелсе, бүгінгі шешімдер оқушының оқу қарқынын анықтап, мұғалімге талдау ұсынып, сабақтың мазмұнын байытуға дейін жетті.