Сурет: prosports.kz
Жамбыл футболы десе, ә дегенде аты аңызға айналған тұлғалар ойға оралады. Кеңестік кезеңде алмас қылыштай жарқылдаған Сейілда Байшақов Жамбыл футболының мерейін асырғаны жұрт жадынан өшпейтіні даусыз. Әулиеата жерінен түлеп ұшқан саңлақ Алматының «Қайраты» сапында 300-ге жуық матчқа қатысып, Алатау баурайындағы ұжымның намысын абыроймен қорғағанын байырғы жанкүйерлер әлі күнге дейін тамсана айтады.
Аңыз футболшылардың мекені еді...
Қаратаудан қанатын қомдап ұшып, Алатауда жұлдызы жанған тас қамал қорғаушының қазақ футболына сіңірген еңбегі орасан зор. Уақытында «Қайраттың» капитаны, талай клубтың бапкері, Футбол федерациясының вице-президенті ретінде де өз жолын салған, қайраткерлік қырымен дараланған Байшақовтың қазақ футболының аңызы екені даусыз.
Тараздан шыққан дарабоздар өңір футболының ғана емес, ел футболының өркендеуіне де сүбелі үлес қосты. Ваит Талғаев, Вахид Масудов бастаған сайыпқырандардың ізін жалғаған Евгений Яровенконың да дара жолы бар. Кеңес өкіметі кезінде атағы дүркіреген бұл үштіктің қайсысы болсын жасыл алаңда айрықша шеберлігімен, техникасымен толайым табысқа жетті.
Евгений Яровенко десе, жұрт жадына 1988 жылғы Сеул Олимпиадасы оралатыны анық. Алғашқы ойында КСРО құрамасы алаң қожайындарымен 0:0 есебімен тең түскен соң, бұл ұжымның Олимпиадада толайым табысқа жететініне күмәнмен қарағандар жеткілікті еді. Тіпті топтық кезеңнен өте алмайды деп долбарлағандар да болды.
Әйтсе де, Женя Яровенко жұрттың-гу-гу әңгімесіне құлақ асқан жоқ. Кәсіби футболшы ретінле жасыл алаңда өз міндетін мүлтіксіз орындады. Келесі кездесулерде КСРО жігіттері Аргентина елінің саңлақтарын 2:1 есебімен, АҚШ құрамасын 4:0 есебімен талқандап, жанкүйерлерді бір желпінтіп тастады.
Топтық кезеңнен мүдірмей өткен КСРО құрамасы ширек финалда Аустралияны 3:0 есебімен еңсерді. Жартылай финалда Италия құрамасы мен КСРО жігіттері жанкүйерлерге жан алысып, жан беріскен тартысты кездесуді тарту етті. Екінші кезеңде ескерту қағазын алған Алексей Чередниктің орнына шыққан Евгений Яровенко өзін дәлелдейтін мүмкіндікті барынша ұтымды пайдаланды. Сол қапталдағы қорғаушы ретінде өз міндетін абыройлы атқарды. Ақыры КСРО құрамасы қарсыласынан 2:0 есебімен айласын асырып, финалға шықты.
Бразилия құрамасына қарсы ойын Яровенконың жұлдызын жақты. Доданың үздік сұрмергені Фариасты (Ромарио) тұсап ұстап, өзін шын мәнінде тас қамал қорғаушы екенін көрсетті. Қосымша уақытта Юрий Савичев соққан голдың арқасында КСРО командасы Олимпиада чемпионы атанды. Осы нәтиженің арқасында Евгений Яровенко КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атағын алды.
Жаңа буын атойлаған шақ
Жамбыл футболының жеңісті жорығы тәуелсіздік жылдарының бастапқы кезеңімен тұспа-тұс келді. Әуелі «Фосфорит» атауымен топқа түскен жамбылдық команда 1992–1993 жылдары ел кубогінің финалына шықса, 1994 жылы сары құрлықтың үздік сегіз ұжымының қатарынан көрінді.
Иә, ала допқа аңсары ауған жамбылдық жанкүйерлер «Тараз» футбол клубының отыз жыл бұрынғы айрықша қарқынын сағынатыны рас. 1995 жылы әулиеаталық клуб ел чемпионатында күмістен алқа тағынса, араға жыл салып сол кездегі суперлига чемпионы болды. Келесі маусымда екінші рет күміс медаль иеленген команда футболшыларының жанкештілігі кімнің жадынан шықсын? Сол жылдары өңірді басқарған әкім Амалбек Тшановтың «Таразға» зор қолдау көрсеткенін жанкүйерлер әлі күнге дейін майын тамызып әңгімелейді.
Кәсіби мансабында оннан астам футбол командасының сапында жасыл алаңға шыққан марқұм Олег Литвиненконың да техникалық шеберлігі мен шабуылдағы тамаша ойын үлгісі ешқашан жанкүйерлер жадынан шықпайтын шығар. Ол кәсіби мансабының соңында да туған жеріне келді. Өз командасының намысын абыроймен қорғады.
Ел чемпионатындағы үздік шабуылшылардың бірі болған Олег Литвиненко жасыл алаңда қай кезде де кәсібилігімен дараланған еді. Одан бөлек ел чемпионатында 142 гол соққан Нүркен Мәзбаев, қарсыластың қақпасын 131 мәрте дәл көздеген Мұрат Тілешев секілді сұрмерген ойыншылардың да есімдері клуб тарихында алтын әріптермен жазылды.
Клубты жаттықтырған мамандар ұжым өрлеген кезде де, нәтижесі құлдыраған шақта да талантты футболшылардың тынысын ашудан танған жоқ. Ұлан Қонысбаев, Бауыржан Исламхан, Бақтияр Зайнутдинов, Еркебұлан Сейдахмет секілді талантты футболшылардың есім сойын тізе беруге болады. Осылардың ішінде ерекше талантымен көзге түскен Бақтияр Зайнутдиновтің жөні тіпті бөлек.
Сол Бақтияр Зайнутдинов ұлттық құрама сапында да өзінің шын шебер екенін дәлелдеп жүр. Үздік сұрмерген де атанды. Бір сөзбен айтқанда, «Тараз» футбол клубын таланттарды даярлайтын академия десек те болады. Ал Бақтияр Зайнутдинов «Тараз» футбол клубында доп теуіп жүрген кезде, яғни 2017 жылы «Қазақстанның ең үздік жас футболшысы»» аталымы бойынша жыл қорытындысында жеңімпаз атанғанын жұртшылық жадынан шығарған жоқ.
Өнеге болатын кезең
Сағымға айналған 1997 жылдан кейін «Тараз» футбол клубының жанкүйерлері команданың табысты нәтижесін аңсаумен жүр. Ұжымның ойдағыдай ойын өрнегін көрсете алмағанына ренжігендер де жеткілікті еді. Олардың реакциясын орталық стадиондағы ойындардан да байқайтынбыз. Әйткенмен, клубтың шын жанкүйерлері «Тараздың» әйтеуір бір күні жеңісті жорықты бастайтынына сенді. 2004 жылы олардың сенімі ақталды.
Сол маусымда көпшілік «Тараз» футбол клубы қандай да бір табысқа қол жеткізеді деп ойламағаны анық. Алайда команданың жейдесін киген жампоздар жеңіске деген ерекше талпыныстың арқасында ел кубогін ұтып алуға барынша тырысып бақты. Дәл осы жылы Қазақстан кубогі жолындағы аламан ешқандай ұжымға оңай соққан жоқ. Өйткені додада 45 команда топқа түсіп, кубок жеңімпазы атанудан үмітті болған еді. Барлық ұжым жігіттері жеңімпаз атану жолында барын салды. Әр жұптың жеңімпазы ширек финалға дейін бір ғана ойынның нәтижесімен анықталды. Ширек финалға жеткен командалар ғана екі кездесу өткізуге мүмкіндік алды.
Қазақстан кубогін жеңу жолындағы «Тараздың» жорығы басталмай жатып аяқталуы мүмкін еді. 1/16 финалдық бәсекеде «Тараз» футболшылары Павлодардың «Ертіс» футбол клубына қарсы жасыл алаңға шықты. Дәл сол жылдары «Ертістің» «Таразға» қарағанда бәсі де, десі де басым болатын. Бұл кездесу негізгі уақытта да, қосымша уақытта да 0:0 есебімен тең аяқталды. Пенальти сериясы жанкүйерлердің жүйкесіне ши жүгірткені анық. Бірақ бұл күні дәлдік жағынан «Ертіс» футболшыларына қарағанда басымдыққа ие болған «Тараз» футболшылары 6:5 есебімен жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантып тастады.
Ал 1/8 финалда «Тараз» футбол клубы Ақтөбенің «Ақтөбе Жас» командасын бұйым құрлы көрген жоқ. Жас футболшылардан жасақталған ұжымды 9:1 есебімен тас-талқан етіп ұтып, ширек финалдың жолдамасын иеленді. Ширек финалда «Ақтөбе-ленто» (қазіргі «Ақтөбе»), жартылай финалда «Атырау» клубтарынан айласын асырған «Тараз» финалда Алматының «Қайратына» қарсы жасыл алаңға шықты. Шешуші ойын Таразда өтті.
Орталық алаңдағы біз көрген соңғы аншлаг осы ойында тіркелді. Тұңғыш рет Тараз төрінде өткен Қазақстан кубогі финалында «Тараз» жеңісті жұлып алды. Кездесудің 44-минутында Нүркен Мәзбаев соққан жеңісті гол жанкүйерлерді желпінтті. Енді, міне, жүлденің маңына жуымағалы 20 жылдан асты.
Жамбыл түлектерінің қарқыны күшті
Таяуда ғана «Тараз» футбол клубының президенті қызметіне тағайындалған Дидар Сыдықбектің айтуынша, алдағы уақытта клубтың жеңісті жорығын қайта жалғау мақсатында маңызды стратегиялық шешімдер қабылданған.
«Тараз» футбол клубын жергілікті жанкүйерлер премьер-лигадан көргісі келетінін білеміз. Сол үшін нақты стратегиялық қадамдарды қолға алып отырмыз. Көңіл қуантарлық жайт, клубтан түлеп ұшқан көптеген футболшы туған жерге оралып жатыр. Олардың қатарында Бауыржан Байтана, Жақып Қожамберді, Берік Айтбаев, Нұрлан Дайыров, Әлішер Сүлей секілді саңлақтар бар.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес футболды коммерцияландыру маңызды болып тұр. Сол бағыттағы жұмысты жандандырып жатырмыз. Алдағы уақытта нақты нәтижесін көреміз деген ойдамыз», дейді клуб басшысы.
Ал клубтың бас менеджері Мұрат Ағыбаевтың айтуынша, өткен маусымда ұжым легионерсіз топқа түскен. 18–33 жас аралығындағы аяқдоп шеберлерінің бәрі отандық футбол мектебінің түлектері екен.
«Клуб басшылығы осы маусымда бірінші лигада үздіктер қатарынан көрініп, 2027 жылы премьер-лигаға оралуды мақсат етіп отыр. Қазіргі кезде сол бағытта нақты жұмыс атқарылып жатыр. Клуб ойыншылары да мұны түсінеді», дейді Мұрат Жұмақожаұлы.
Таяуда ұжымға әйгілі футболшы Ұлан Қонысбаев келіп қосылды. Өзге де ойыншылар команда сапын толықтырып жатыр. Соған қарағанда ұжым басшылығы «Тараз» футбол клубын премьер-лигаға шығаруға шындап бекінген секілді. Әзірге сөз жүзінде бәрі керемет болып тұр. Іс жүзінде қандай нәтиже боларын уақыт көрсете жатар.