Инвесторларды «Higgsfield»-тің қарқынды қаржылық өсімі ерекше қызықтырды. Компания жылдық табысын 200 миллион долларға жеткізгенін мәлімдеді. «GFT Ventures» басқарушы серіктесі Джефф Хербст әлеуметтік желілермен жұмыс істейтін мамандар арасында жасанды интеллект құралдарына сұраныс күн санап артып келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл нарық алдағы уақытта тіпті Голливуд индустриясынан да ауқымды болмақ. Стартаптың небәрі бірнеше апта ішінде 10 миллион доллар тұрақты табысқа қол жеткізуі инвесторлардың сенімін күшейткен.
Сарапшылар «Higgsfield»-тің стратегиялық бағытын да жоғары бағалап отыр. Компания «OpenAI» немесе «Google» сияқты ірі ойыншылармен тікелей бәсекеге түспей, дайын базалық модельдерді өз экожүйесіне біріктіріп, нақты бағыттарға — әсіресе маркетинг пен бейне өндірісіне арналған тиімді шешімдер ұсынады. Бұл әдіс пайдаланушыларға жылдам әрі сапалы нәтиже алуға мүмкіндік береді.
Тартылған қаражат халықаралық нарыққа шығу, сондай-ақ ғылыми зерттеу жұмыстарына бағытталады. Сонымен қатар компания жыл соңына дейін қызметкерлер санын 70 адамнан 300-ге дейін арттыруды көздеп отыр. Айта кетейік, «Higgsfield» стартапын 29 жастағы отандық инженер Ерзат Дулат пен оның серіктесі Алекс Машрабов құрған. Ерзат жасанды интеллект саласындағы кәсіби зерттеуші ретінде жобаның идеялық негізін қалап, оны сәтті іске асырды. Қазіргі таңда платформа мәтін арқылы бейне жасау мүмкіндігін ұсынып, креативті индустрия өкілдерінің жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп отыр.