Бүгінде Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне 30 қалалық кітапхана кіреді. Кітапханалардағы жалпы кітап қоры 1 372 423 дана. Қалалық кітапханалар заманауи талаптарға сай жаңарып, тұрғындар үшін қолжетімді мәдени әрі зияткерлік кеңістікке айналып келеді. 2025 жылы кітапханаларға келушілер саны шамамен 3,1 миллион болса, ал тұрақты оқырмандар саны 300 мыңнан асқан.
Қазір Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы, «Alatau Creative Hub» және Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана тәулік бойы қызмет көрсетеді. Жұмыс режімі өзгергеннен кейін бұл үш филиалға келушілер саны 70 пайызға артқан. Осы тәжірибені ескере отырып, ақпан айында Жазушылар кітапханасы мен Розыбакиев көшесі, 247 мекенжайында орналасқан кітапхана 24/7 режімінде жұмыс істеуге көшеді.
Қатар қалада кітапхана қызметінің қолжетімділігін арттыру мақсатында сауда орталықтарында, метро бекеттерінде, мектептерде, коворкингтер мен коммуналдық орталықтарда 32 дербес өзіне-өзі қызмет көрсету кітапханасы орнатылған. Бұл нүктелерді 300-ге жуық тұрақты оқырман пайдаланып, ай сайын 500-ден астам кітап беріледі.
Биыл жыл соңына дейін аз қамтылған аудандарда тағы 3 жаңа кітапхана ашу жоспарланып отыр. 2025 жылы сканерлеу техникасының көмегімен 70 пайыз кітап қоры сандық форматқа көшірілген. Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде сирек кітаптарды қалпына келтіру зертханасы жұмыс істейді. Бүгінге дейін 335 кітап реставрациядан өтсе, оның 65-і сирек басылымдар қатарына жатады.
«Инклюзивті орта қалыптастыру мақсатында Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің 8 филиалында көру қабілеті төмен азаматтарға арналған аудио дыбыс және Брайль дисплейі арқылы ақпарат алуға мүмкіндік беретін арнайы жұмыс орындары жабдықталған. Сондай-ақ Яндекс Қазақстан компаниясымен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін кітап жеткізу қызметі іске қосылды. Кітапханалар заманауи форматта дамып, тұрғындардың білім мен ақпаратқа тәулік бойы қол жеткізуіне қолайлы жағдай жасалған», дейді Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев.
АЛМАТЫ