Сурет: astanatv.kz
Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының таратқан ақпаратына сүйенсек, алғашқы аптада тестілеуден өткен 36 мың талапкердің 64%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 36%-ы орыс тілінде, 52 адам ағылшын тілінде тапсырды. Олардың қатарында 156 ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер де бар.
Бірінші аптадағы тестілеу кезінде 94 ереже бұзушылық анықталды. 56 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды, басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 38 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ.
Ал қаңтар айындағы ҰБТ-ны өткізудің екінші аптасында 24 мың адам тест тапсырған. Олардың 72%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 28%-ы орыс тілінде, 71 адам ағылшын тілін таңдады. Олардың қатарында 104 ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер де бар.
ҰБТ-ны өткізудің екінші аптасында 79 ереже бұзушылық анықталды. 52 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 27 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ.
Екі аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 65%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 61 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 138 балл.
Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.
Еске сала кетсек, тестілеуге қатысуға 187 мыңға жуық өтініш келіп түсті.