Былтыр оқу кабинеттері мен шеберханалары, су, кәріз, жылыту желілері түгел жаңартылып, материалдық-техникалық базасы күшейтілді. Колледж директоры Гүлден Есенғалиеваның айтуынша, студенттер электрмеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, дәнекерлеу ісі, ғимараттар құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының инженерік жүйелерін монтаждау және пайдалану мамандықтары бойынша білім алады.
Оқу орнында 680 студент оқыса, олардың тең жартысы дуалды оқыту жүйесіне көшірілген. Түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші – 88 %-ға тең.
Өңір басшысы Асхат Шахаров күрделі жөндеуден өткен құрылыс-техникалық колледжінің оқу кабинеттерін, шеберханалары мен зертханаларын аралап, сатып алынған құрал-жабдықтарды қалай пайдаланып отырғанын бақылап, түлектердің кәсіби даярлық деңгейін сұрады. Бұл жерде 34 жыл үзіліссіз еңбек етіп келе жатқан Күлхан Ешманова кейінгі жылдары орта және кәсіптік-техникалық оқу орындарының материалдық-техникалық базасын күшейтуде қыруар іс атқарылып жатқанына ризашылығын білдірді. Тәжірибелі педагог студенттердің болашақ мамандығының қыр-сырын меңгеруіне құрал-жабдықтармен жұмыс істей білу маңызды екенін айтты. Өйткені түлек өндіріске барар алдында құрылыс қоспаларының құрамын, оларды қалай жасай білу сырын шеберханада үйреніп, электр және газбен дәнекерлеу жабдықтарымен жұмыс істей білуі шарт. «Шәкірт өз мамандығының негізгі бағыттарын жақсы меңгерсе, жұмысқа төселуі де тез», дейді тәжірибелі ұстаз. Сол үшін колледждерге өндірістен келген шеберлерді көптеп тарту керек.
Облыс орталығында 90 жылға жуық уақыт үздіксіз білім беріп келе жатқан мектептер бар. Солардың бірі – қаланың ескі бөлігінде орналасқан І.Есенберлин атындағы №15 мектеп. 1939 жылы салынған ғимаратта бүгінде 574 бала оқиды. Былтыр қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың қасбеті мен шатыры түгелдей жаңартылып, едені мен жылу және кәріз жүйелері түгел алмастырылды. Сондай-ақ оқу кабинеттері, кітапханасы мен спортзалы, асханасы жаңартылып, заманауи жабдықтар сатып алынды. Кірпіштен салынған мектеп әлі де ұзақ жылға шыдас беретін түрі бар. Ақтөбе қаласында 70–80 жылдың тарихы бар ескі білім беру ұйымдарын жаңарту биыл да жалғасады. Оқу жылы аяқталысымен қаладағы №5, №17, №22,№37 мектептерін күрделі жөндеу басталады. Сондай-ақ биыл Әйтеке би, Байғанин, Темір, Шалқар аудандарының бірқатар ескі мектептері ғимараттарына да қайта жаңарту жұмыстары жүргізілмекші.
Ақтөбе облысы