Білім • 29 Қаңтар, 2026

Жеке мектеп: бүгіні мен болашағы

30 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елімізде жеке мектептер саны кейінгі жылдары күрт көбейді. Бұған олардың мемлекеттен әр балаға қаржы алатыны түрткі болған-ды. Ақша жүрген жерде кілтипан қоса килігетіні бар ғой, бұл қолдаудан да шикілік шықты.

Жеке мектеп: бүгіні мен болашағы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қаржыландырудың қазіргі тәртібі бұрмаланған

Әуел баста орын жетіспеушілігін шешу мақсатында ашылған ұйымдардың кейбірі аты бар, заты жоқ оқушыларға қаржы тартқан. Одан қалды ата-аналардан бір перзентін оқытуға жылына 10 млн теңгеден аса қаражат алатын оқу ошақтары да үкіметтің қолдауын иемденген. Енді жүйеге өзгеріс енгізіліп, қаржыландыру тәртібі қайта қаралмақ. Аталған түйткілді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында көтеріп, Үкіметке тапсырған еді. Артынша кешегі өткен құрылтайда да мәселеге тереңірек тоқталып, елеусіз қалдыруға болмайтынын шегелеп айтты.

«Кейінгі кезде маған жекеменшік мек­тептерді қаржыландыру тәсіліне қатысты шағымдар жиі келіп түсетін болды. Жуырда «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда мен бұған қатысты өз ұстанымымды айт­тым. Білім саласын мемлекет тарапы­нан қаржы­лан­дыру­дың қазіргі тәртібі бұрма­­ланған. Бұл олқы­лықты уақыт оздырмай түзету қажет. Жеке­меншік мектептерге жүр­­гізілген аудит нәтижесінде заңсыз және негізсіз шы­ғындарға байланысты құ­қық бұзу­шылықтар анықталды. Бұл түйт­кіл жан басына сәйкес қаржыландыру жүйе­сі­нің осалдығынан туындап отыр. Үкі­метке білім беру саласындағы мем­ле­кеттік қаржы­лан­дыру жүйесін шұғыл түрде реформалау жүктелді. Қаржылан­дырудың нақты критерий­лерін әзірлеу керек. Осы орайда, орта білім беру жүйесін да­мыту ісінде бизнес саласы маңызды рөл ат­қаратынын ескерген жөн», деді Президент.

Осыған орай өткен аптада Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева Үкімет жекеменшік ұйым­дар­ға бе­ріле­тін мемлекеттік тапсырыс тетік­теріне жан-жақты талдау жүр­гізі­ліп, бірқатар көкей­кесті мәселе­лер анық­талғанын айтты. Оның мәлім­деуін­ше, жекеменшік мектептерге бюджеттен бөлінетін шығын 2020 жылы
13 млрд болса, 2025 жылы 242 млрд-қа дейін өскен. 2020–2025 жылдар ара­лы­ғын­дағы инвестиция­лық шы­ғын 111 мл­­рд теңгені құрады. Соған қарамастан, бас­ты мақсат – орын тап­шылығы мәселесі әлі де шеші­леді. Ал кеткен қаржыға ша­мамен 35 жаңа мектеп салуға болады.

«Жекеменшік мектептердің көбеюі білім сапасының төмендеуіне алып келді. Көптеген білім ошағы нақты өңірлік қажеттілікті ескермей, ретсіз ашылды. Мәсе­лен, олардың 80 пайызға жуығы жал­ға алынған ғимараттарда жұмыс істей­ді. Директорлардың біліктілігі де сын көтермейді. Мектеп ғимараттары бизнес меншігінде қалып отыр. Жиырма жылдан кейін олардың түпкі мақсаты өзгеріп кетуі мүмкін. Бұл жүйеге деген сенімді азайтып, бюджет қаржатының тиімділігіне күмән ту­дырады. Сондықтан қазір жағдайды түбе­­гейлі өзгерту бо­йынша жүйелі жұ­мыс басталды. Жаңа қаржыландыру тетігі қанатқақты режімде іске қосылды. Мектептер толық цифрландырылып, бюджетке сәй­кес реттелді. Бірақ бұл – биылғы оқу жылы­ның соңы­на дейінгі уақытша шара. Негіз­гі міндет – жүйені толық қайта қарау. Ең ал­ды­мен, мемлекеттік тапсырыс нақты өңір­лік қажеттілікке сай болуға тиіс. Жаңа мектеп­­терге мемлекеттік тапсырыс беруге мора­торий енгізу ұсынылып отыр», деді А.Балаева.

Оның сөзіне қарағанда, 2026 жылдан бастап еліміздегі жекеменшік мектептерді қазынадан қаржыландыру шектеледі. Мемлекет жылдық төлемі 2,5 млн теңгеден төмен мектептерді ғана қаржыландырады. 

Мәселені жан-жақты қараған жөн

Елордалық Әсел Серікқызы жеке­мен­шік мектептер керісінше сапаны арт­тыруға ықпал еткенін айтады. «Қан­дай практикада болсын, сапа саннан шығады. Иә, дұрыс жұмыс істемейтін оқу ошақ­тары бар шығар. Бірақ бәріне бірдей топы­рақ шашуға болмайды. Мысалы, мен үлкен баламды жекеменшік білім ұясына бердім. Соның нәтижесінде, ол ешбір қосымша оқытатын орталықтарға бармай, өз күші­мен Назарбаев зияткер­лік мектебіне оқуға түсті. Біз қара­пайым мемлекеттік мектептен сапалырақ бол­ғандықтан, жеке мектепке бердік және оның нәтижесін көріп отырмыз. Балам барған жеке оқу ошағында бір сыныпта 15 баладан аспайды», дейді
ата-ана.

Әлбетте оқушыны талаптандырып, талантын ашып жіберетін жекемен­шік мектептер елімізде бұрыннан қалыптас­қан. Дегенмен кейінгі кезде бюджетке әжептәуір шығын келтіріп жатқандар да жоқ емес. Сол себепті жылдық оқу ақысы 2,5 млн теңгеден аспайтын жеке мектептерді ғана қаржыландыру дұрыс шешім бе дерсіз. Қазақстанда ата-аналарынан әр балаға жылдық төлеміне 10 млн теңгеден алатын жекеменшік оқу ошақтары бар, олардың мемлекет қаржысына алақан жайып отырғаны жараспайтындай. Хош, мұндағы мәселе тек қаржыға тіреліп тұр ма? Сапаны қайда қоямыз? Одан да бұрын жемқор­лықтың тамырын түбірімен қайтіп
үземіз?

«Жекеменшік білім ұйымдары» рес­пуб­ликалық қауымдастығының төрайы­мы Роза Шәріпқызы жекеменшік білім беру секторы негізсіз жалпылама сын­ға ұшырап отырғанын, алайда жеке­мен­шік мектептердің басым көпшілігі адал әрі жауап­кершілікпен жұмыс істеп, сапалы білім беруді, қосымша үйірмелер мен секцияларды, бес уақыт тамақтануды және балалар үшін қауіпсіз ортаны ұйымдастырып келе жатқанын жеткізді.

«Ақшаның тиімді жұмсалуына күмән туса, қазір жұмыс істеп жатқан жеке­меншік мектептер ашылуына, қызмет көрсетуіне мемлекеттің өзінен рұқсат алып, аккредитациядан өтті ғой. Әрине, салада заңсыз әрекеттерге баратын жекелеген кәсіпкерлер бар болар. Егер заңсыздықтар жылдар бойы жалғасып келе жатса, демек тек бизнесті ғана емес, бақылау механизмдерінің тиімділігі де адал талдауды талап етеді. Білім саласын­дағы бақылау – мемлекет пен бизнеске ор­тақ жауапкершілік. Маңыздысы – заң бұз­ғандарды анықтап, балалар мен ел мүддесі үшін адал еңбек етіп жүр­ген ұйым­дарды қолдау. Шын мәнінде, отандық алғашқы жеке мектептердің тарихы мұғалімдер ала дорба арқалап кеткен, сонау қиын-қыстау кезеңде қаражатын қалтасына басып, шетке кетпей, осы туған жерге туын тігіп, педагогтерге жұмыс, балаларға білім бер­ген уақыттан басталады. Мұны естен шығар­мау керек», дейді қауымдастық төрайымы.

Р.Шәріпқызының айтуынша, жеке білім беру секторы – біртұтас модель емес, әртүрлі модельдерден, жағ­дай­лар мен нәтижелерден тұратын көпқырлы сала. Әрбір ұйымның артында нақты нәтижелер, жауапкершілік пен білім саласының дамуына қосқан үлесі тұр. Жеке ұйымдар білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруда айрықша белсенділік танытып келеді. Сондықтан бұл жерде мәселенің шешімі кәсіби және қоғамдық диалог нақты фактілерге, талдауға және жауапкершілікке негізделуі керек. Соны­мен қатар білім жүйесіндегі әртүрлі форма мен тәсілдерді, қоғамдастықтың кәсіби пікірін ескеру маңызды.

«Шын мәнінде, мектеп ашу сонша­лық­ты табысты кәсіп емес. Сол себепті субсидия – байлық, сән-салтанат емес, жай ғана қажеттілік. Жеке мектеп иелерін кәсіпкер деуге келмейді, қайырымдылық, әлеуметтік маңызы бар жобаға жатқызған жөн. Осы жағдайда күрделісі Қызылорда облысында болып тұр. Аталған өңірде 37 жеке орта білім беру ұйымының тек 2-еуі ғана мемлекеттік тапсырыс алған. Қалған 35 білім беру ұйымы қаржыландыруға жіберілмеген. Ал дәл осы облыста туу көрсеткіші жоғары екенін білесіздер, яғни оқушы орнының тапшылығы да өзекті. Енді көмек ала алмаған мектептердің бәрі жабылса, мәселе одан сайын шиеленісе беретін түрі бар. Мұндайда балалар қайта­дан мемлекеттік мектептерге барады. Ал үкімет мемлекеттік оқу ошақтарына жеке білім ұйымдарына қарағанда әлдеқайда көп қаражат бөлуі керек», дейді Р.Шәріпқызы. 

Секторға сапа мен тазалық қажет

Жекеменшік оқу ошақтарының өкіл­дері осы жағдайға қатысты өз пікірле­рін әлеуметтік желілердегі жеке парақша­ларында ашық білдіріп жатыр. Соның ішінде 17 жылдан бері жұмыс істейтін «Дана» жекеменшік білім беру мектебінің басшысы Рената Төлегенова көпшілікке ұқсай қоймайтын ойын жазыпты.

«Жекеменшік мектептер арасында сөзбен емес, іс жүзінде білімді дамытуға үлес қосып келе жатқан, инфра­құ­рылымға, кадрларға, қауіп­сіздікке, оқыту сапасына инвестиция салатын, салықтарды дұрыс төлейтін адал, нақты жұмыс істейтін ұйым­дар бар. Біздің мектеп кейінгі бес жылда 1 мил­лиард теңгеге жуық салық төлеп, ашық қаржылық және басқа­ру үдерістерін құрып, мемлекет, ата-аналар мен балалар алдында толық жауап­кершілікті өз мойнына алды. Мұндай мектептер аз емес, шынымен де көп... Алматы қаласы мен облысындағы жекеменшік мектептер иелері қатысқан талқылауда бізде тәуекелдерді уақытында анықтауға және алдын алуға мүмкіндік беретін өзін-өзі реттеу тетіктерін құрма­ғанымызды мойындадық. Бұл жауап­кершілік – біздікі. Сондықтан біз бүгін жеке білім берудің кез келген түрін қор­ғау туралы емес, секторды сапалы тазар­ту мен жетілдіру қажеттілігі туралы айт­тық. Бұған жоғары және қатаң кәсі­би стандарттар, мемлекеттік талап­тар­дан жоғары болатын стандарттар, ішкі мо­ни­торинг, алдын ала аудит және өзара тек­серу жүйелері, кәсіби қоғамдас­тық­тың белгіленген стандарттарға сәйкес келмей­­тіндерді алып тастауға, тіпті қиын болса да дайын болғаны керек», дейді Р.Төлегенова.

Кейбір жекеменшік оқу оша­ғы иелерінің айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі жалға алып отырған ғимаратын мақсатты пайдалану тетігін ауыстырмаған мектептердің барлығы бұдан былай жабылатынын хабарлады. Олар мақсатты пайдалану тетігін өзгер­тейін десе, әкімдік мораторий тұрға­нын айтып ауыс­тырмайды. Өйт­кені Алма­ты қаласының бас жоспары өзгер­тіліп жатыр. Демек, жалдамалы жер­дегі жеке мек­тептер жабылады деген сөз. Елімізде жеке білім ұялары­ның 80 пайызы (785 мектептің 628-і) ғима­рат­ты жалға алып отырған көрінеді.
600-ден аса оқу оша­ғы жабылған күнде, ондағы мұғалімдер мен балалардың жайы не болмақ?

Түйін: Білім саласында мемлекет-жекеменшік әріптестігі жүйесі нақты нәтиже берген. Біз мұны «Балапан» бағдарламасы аясында жеке балабақшалардың көптеп ашылып, қазір 3–6 жастағы балаларды мектепке дейінгі ұйыммен 100 пайыз қамтуға қол жеткізгеннен көре аламыз. Кейінгі жылдары осы тәжірибе орта білімге де қолданыла бас­тады. Себебі оқушыларға әлі күнге дейін орын тапшы. Әлі күнге дейін үш ауысымда жұмыс істейтін, апатты жағдайдағы оқу ошақтары бар. Дамыған елдерде мектептер тек бір ауысымда оқытады, ал Қазақстанда екі ауысымға көшу мәселесі күн тәртібінде тұр... 

Соңғы жаңалықтар