Қоғам • 29 Қаңтар, 2026

Жалағаштағы жарқын істер

130 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көрікті Көлсайға жетелейтін күре жолдың бойында орналасқан Жалағаш ауылы – облыс орталығы Қонаев қаласынан 300 шақырымға жуық қашықтықтағы құтты мекен. Бүгінде 700-ден астам отбасы берекелі тіршілік кешіп жатқан елді мекеннің ажары жыл санап ашылып келеді. Алақандай ауылдың шаруасы шалқып, туризм мен кәсіпкерлік өрістей бастаған. Әсіресе, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда жұртшылыққа үлгі боларлық ілкімді істерді айрықша атап өткен ләзім.

Жалағаштағы жарқын істер

Табиғаты көркем, тіршілігі толымды Жалағашта мемлекет­тік бағдарламалардың игілігі айқын сезіледі. Ауыл әкімінің орынбасары Қуаныш Рысбетовтің айтуынша, ұлттық жобалар аясында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылішілік жолдар жөнделіп, көше шамдары орнатылды, әлеуметтік нысандар жаңғыртылды. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде ауызсу жүйесін жаңарту, инфрақұрылымды жақсарту шаралары қолға алынды. «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» бағытында тұрғындар мал, егін шаруашылығын өркендетіп, мемлекеттік грант есебінен шағын кәсіпкерлік нысандарын ашып жатыр. Сонымен қатар «Келешек мектептері», «Ауылдық ден­саулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында білім ошағы мен медициналық пунктті жөндеу мәселелері қарастырылған. Бұл бастамалар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға зор ықпал етіп отыр», дейді Қ.Рысбетов.

ва

Жалпы аумағы 31 мың гектарды алып жатқан елді мекенде экологиялық мәдениетті дамыту бағытындағы жұмыс та жүйелі. Мемлекет басшы­сының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақ­стан» акциясы мұнда тұрақты сипат алып, көпшілік белсене қатысатын игі дәстүрге айналған. Акция аясында ауыл тұрғындарының күшімен 11 200 түп ағаш отырғызылды. Бұл ауылды көгалдандыруға ғана емес, экология­лық сананы жаңғыртуға қосылған сү­бе­лі үлес. Өткен жылы акция аясын­да 21 сен­білік ұйымдастырылып, оған ­­640 адам қатысқан. Нәтижесінде, поли­гонға 230 тоннаға жуық қатты тұрмыс­тық қалдық шығарылды. Абаттандыру жұмысы барысында 3 шақырым ағаш отырғызатын аумақ қоршалды. Ұзындығы 32 шақырымды құрайтын 27 көшеге жарық шамдары орнатылды. Ауылдың орталық, шығыс, батыс аумақтарында 3 балалар ойын алаңы бой көтерді. Ересектерге арналған «Street Workout», футбол алаңдары салынып, «Жеңіс» аллеясы жаңартылды.

Инфрақұрылымдық мәселелер де кезең-кезеңімен шешімін тауып ке­леді. Округтегі тозуы 60%-ға жеткен электр желілерін (жалпы ұзындығы 45 км) жаңарту жұмысы жүргізіліп жатыр. 11 трансформатор күрделі жөн­­деу­ден өтіп, 1066 жарықтандыру баға­на­сының 320-сы сырланып, 62-сі жаңа­сына ауыстырылды. Ауылдағы 714 аулаға орталықтандырылған ауыз­су тартылған. 2013 жылы ұзындығы 38,6 шақырым су құбыры төселген еді. Былтыр 14 шақырымдық су жүйесін қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткен. Қаржы бөлінген жағдайда, биыл жүйе толық ауыстырылып, қосымша ­жерасты су көздері қосылады.

Жол сапасы мен байланыс жайы да назарда. Ауылдағы 35 көшенің 42,5 ша­қырымына асфальт төселген. Жол бо­йын­да аялдамалар, жасанды кедергілер мен жол белгілері қойылған. Бұл турис­тер легі толастамайтын аймақта жол қауіпсіздігін сақтауға септігін тигізеді. Сондай-ақ 534 аула толығымен сапалы интернет желісімен (4G) қамтылған.

ж

Әлеуметтік нысандар қатары да артып келеді. Былтыр 130 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл құны 1 млрд 67 млн теңгені құрай­тын 50 орындық спорттық-сауықтыру кешенінің іргетасы қаланды. Туризмді түлету мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша екі асхана, «Этноауыл» кешені жұмысын бастаған.

Таулы өңірдің ауыл шаруашы­лығы, кәсіпкерлік, туризм салаларына 136,6 млн теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде, өндіріс, өңдеу, қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлер қатары көбейді. Соның бірі – жеке кәсіпкер Сандуғаш Оспанова жетекшілік ететін «Шебер» тігін цехы. Жеті жыл бұрын ашылған цех бүгінде іргелі кәсіпорынға айналған.

– «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дейді халық даналығы. Ауылдағы ісмер қыз-келіншектердің басын қосып, қыз жасауын дайындаумен, құрақ көрпе, ұлттық нақыштағы киімдер тігумен айналысамыз. Мемлекеттік бағдарлама аясында алдымен қайтарымсыз 1 млн теңге грант, кейін 7%-дық мөлшерлемемен 2 млн 300 мың теңге несие алып, Қарағандыдан лазерлік станок пен тігін машиналарын сатып алдым. Қазір Ақмарал, Гүлжанат, Айжан бастаған он шақты шебермен бірге жұмыс істейміз. Өткен тамыз айында 11 қыздың жасауын да­йындап, рекордтық көрсеткішке жет­тік. Ұлттық бұйымдарымызға шетел­дік туристер ерекше қызығушылық танытады. Ресей, Аустралия, Түркия­дан келген меймандардан бөлек, еліміз­дің Ақтау, Атырау, Орал, Қарағанды секіл­ді қалаларынан тапсырыс қабылдай­мыз. Бұйымдарымызды насихаттауда әлеу­меттік желінің көмегі көп, – дейді көпбалалы ана, кәсіпкер С.Оспанова.

Жанға жайлы Жалағаштың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне әрбір тұрғын өз үлесін қосып отыр. Жасалған жағдай мен атқарылған жұмыс ауыл жастарының туған жерде тұрақтауына, елді мекеннің гүлденуіне берік негіз.

 

Алматы облысы,

Кеген ауданы

Соңғы жаңалықтар