Фото: apkpure.com
Бұл жағдай инвесторлардың АҚШ-тағы саяси және қаржылық ахуалға сенімінің әлсіреуінен туындап отыр. Bloomberg есептейтін Bloomberg Dollar Spot Index бір күннің ішінде 0,4% төмендеді. Осылайша доллар қатарынан төртінші күн қатарынан әлсіреп келеді. Әсіресе доллар жапон иеніне қатысты қатты арзандағаны байқалды. Нарықта бұл үрдіс кездейсоқ емес деген пікір басым.
Сарапшылардың айтуынша, доллардың әлсіреуіне ең алдымен АҚШ-тағы саясаттың тұрақсыз көрінуі әсер етіп отыр. Инвесторлар үшін белгісіздік көбейген. Дональд Трамптың Гренландияға қатысты мәлімдемелері, Федералды резерв жүйесінің тәуелсіздігіне қауіп төнуі мүмкін деген әңгімелер, бюджет тапшылығының ұлғаюы мен ел ішіндегі саяси бөлінушілік нарыққа қысым түсіріп отыр.
Сонымен қатар нарықта АҚШ билігі жапон иенін қолдау үшін валюта нарығына араласуы мүмкін деген қауесет тарады. Бұған Нью-Йорк Федералдық резерв банкінің қаржы ұйымдарымен доллар мен иен бағамы бойынша байланысқа шығуы себеп болған. Мұндай әңгімелердің өзі инвесторлардың доллардан сақтануына жеткілікті болды.
Долларға әсер етіп отырған тағы бір маңызды мәселе – Федералды резерв жүйесі төрағасының ауысуы. Қазіргі төраға Джером Пауэллдің өкілеттігі 2026 жылдың мамырында аяқталады. Нарық қатысушылары келесі басшы пайыздық мөлшерлемені төмендетуге бейім болуы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Бұл да доллар үшін жағымды белгі емес.
Бұдан бөлек, АҚШ-та үкімет жұмысының уақытша тоқтап қалу қаупі де сақталып тұр. Егер Конгресс 30 қаңтарға дейін мемлекеттік шығыстарға қатысты заң жобасын қабылдамаса, елде бюджеттік дағдарыс туындауы мүмкін. Мұндай жағдайлар инвесторларды одан әрі алаңдатып отыр.