Үкімет • Кеше

Мемлекеттік сатып алу: Реформа бюрократиялық кедергілерді жоя алды ма?

14 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент мемлекеттік сатып алу жүйесін жаңғырту міндетін қойды және 2025 жылғы қаңтардан бастап күшіне енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң қабылданды. Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл қабылданған шаралар нарық қатысушылары үшін де, жалпы жүйе үшін де айтарлықтай нәтиже көрсете бастағанын айтты. Заң тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді жеткізушілер үшін ашық әрі бәсекеге қабілетті жағдай қалыптастыруға мүмкіндік беріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтты, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мемлекеттік сатып алу: Реформа бюрократиялық кедергілерді жоя алды ма?

Фото: Қаржы мониторинг агенттігі

Оның айтуынша, реформаның басты нәтижесі сатып алу рәсімдерінің мерзімін түбегейлі қысқарту және артық бюрократиялық кедергілерді жою болды.

«Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде мемлекеттік сатып алулар туралы жаңа заң күшіне енді. Бұл заң сатып алу рәсімдерін жеделдету, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, сондай-ақ сатып алу процестерін одан әрі автоматтандыру бағытында маңызды бетбұрыс болды», деді ол.

Реформаның басты элементі – рейтингтік-балдық жүйе қолданылатын конкурстық рәсім, онда шешімдер адам қатысуынсыз, автоматты түрде, ЖИ элементтерін пайдалану арқылы қабылданады.

«Қорытындылар бес күн ішінде шығарылады. Рейтингтік-балдық жүйенің негізгі критерийлері: жұмыс тәжірибесі, компанияның қаржылық тұрақтылық көрсеткіші, белгілі бір әкімшілік-аумақтық бірлікке тиесілігі және т.б. Салыстыру үшін айтсақ, бұл заң қабылданғанға дейін конкурстық рәсімдер кемінде 60 күнге созылса, рейтингтік-балдық жүйе енгізілгеннен кейін бұл рәсімдер орта есеппен 5 күнде аяқталады. Рейтингтік-балдық жүйе қолданылмаған жағдайда, әдеттегі конкурстар 10 жұмыс күніне дейін созылады», деді Дәурен Кеңбейіл.

Рейтингтік-балдық жүйені қолдану тәжірибесі өңірлік деңгейде өз нәтижесін көрсете бастады, мысалы:

Ақмола облысында 6 жұмыс күні ішінде құны 1,8 млрд теңге болатын спорт кешенінің құрылысына қатысты мемлекеттік сатып алу бойынша жеңімпаз анықталып, мердігер ретінде Көкшетау қаласындағы жергілікті «Строй БК» ЖШС танылды.

Ұлытау облысында 5 жұмыс күні ішінде құны 1,1 млрд теңге болатын жалпы білім беретін мектеп құрылысы бойынша конкурс жеңімпазы анықталып, мердігер болып Жезқазған қаласындағы өңірлік «Астана Премиум Строй» ЖШС белгіленді.

Осылайша, вице-министр атап өткендей, жаңа заң бірқатар бюрократиялық рәсімді алып тастауға, сатып алуларды жеңілдетуге және мерзімдерді едәуір қысқартуға мүмкіндік берді.

Отандық тауар өндірушілер сертификат алу кезінде кедергіге тап болып отыр

Сонымен қатар реформа отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталды. Заңда компанияларды қамтамасыз етудің барлық түрінен босату, айыппұл санкцияларын азайту, тауар жеткізудің ең минималды мерзімін 15 күннен 60 күнтізбелік күнге дейін ұзарту, сондай-ақ төлем мерзімін 30 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін қысқарту қарастырылған.

Нысандарды салуда EPC және EPC-F келісімшарттары түріндегі жаңа құралдар енгізілді, бұл сатып алу процесін және жалпы құрылыс жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік берді. Бюрократиялық рәсімдердің қысқартылуы айтарлықтай экономикалық тиімділікке қол жеткізуді қамтамасыз етті.

Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң отандық компаниялар үшін маңызды преференцияларды бекітті. Соның арқасында отандық өндірушілерге келісімшарттар жасасу кезінде басымдық беру құқығы, шарт сомасының 50% көлемінде міндетті аванс төлеу, сондай-ақ банктік кепілдіктер ұсынудан босату және айыппұл санкциялары бойынша жеңілдетілген талаптар қарастырылған.

«Бұл шаралар отандық тауар өндірушілерді қолдауға, сондай-ақ отандық өндірісті ынталандыруға бағытталған. Аталған шаралар өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық өндірушілермен жасалған келісімшарттар санын едәуір арттыруға, сондай-ақ отандық өндірушілермен жасалған келісімшарттардың жалпы сомасын ұлғайтуға мүмкіндік берді», деп түсіндірді вице-министр.

Отандық тауар өндірушілердің тізілімі толықтырылды

Соңғы жаңалықтар