Бауыржан Омарұлы жыл соңында желідегі шағын жазбаларын іріктеп, «Желіде желген жазбалар» деген жинағын шығарды. Кітаптың көлемі – шағын, салмағы – жеңіл. Көлемі шағын болғанымен, көтерген тақырыбы ауқымды. Салмағы жеңіл болса да, арқалаған жүгі ауыр. Кітаптың көркемделуінен бастап жазбалардың жинақылығы өзіне бірден баурайды. Әсілінде, авторлар желідегі жазбаларына тақырып қоймайды. Ал Бауыржан Омарұлының әр жазбасының төбесінде жұп-жұмыр, әп-әдемі тақырып тұрады. Оны айтасыз, тақырыптың астына үйлесімді тақырыпша қойылатынын қайтерсің. Бұдан әдебиеттанушы ғалымның жазбаларына байыппен қарайтынын байқаймыз.
Фейсбуктегі парақшасына тұлғалар туралы толғаныстарын, тұтамдай тұжырымдарын, басқа да көрген-білген, көңілге түйген дүниелерін түртіп отырады. Жай ғана түртпейді, сол арқылы оқырманға түйдектей ой салады. Оның жазбалары көбіне замандастары, әріптестері, достары, қаламдастары және өз ортасы туралы. Бір жазбасында өзі туралы былай дейді: «Шынында да, кемпірдің қолында өсіп, шалдың шалғайына жармасқандардың мінез-құлқы бөлектеу болады. Ұясынан безген құс секілді үнемі саяқ жүресің. Бөтен қораның ботақаны тәрізді бұйығылау күй кешесің. Әсіресе кемпірдің көзі, шалдың өзі кеткенде сәл қиындау болады. Бірте-бірте кемпірдің баласы екенің «көркемдік шешім», ал қайдан шыққаның «өмір шындығы» екеніне илана бастайсың». Расында, мұндай сезімді өз басынан өткерген адам ғана түсінеді.
Бауыржан Омарұлы парақшасы арқылы туған күн иелерін құттықтауды да естен шығармайды. Ондай сәттерде туған күн иесіне ағынан жарылып, ақ тілегін аямай төгеді. Ал өмірден өткен жандардың жақсылығын көбірек айтып, қимастықпен қоштасады. Оймақтай ойлар, сырлы сюжеттер, бейнелі этюдтер, әдебиеттің желідегі көрінісі іспетті жұмыр жазбалар оқырманды ойландырмай қоймайды. Омарұлы осындай оқшау жазбаларымен, өзіндік жазу стилімен уақытқа үн қосып, желіде жаңа бір жанр қалыптастырып жатқандай көрінеді.
Жалпы, желідегі журналистердің жазбалары публицистикалық һәм көркем-публицистикалық жанрға келіңкірейді. Пікір, ой тудырудан бастап қоғамдық көзқарас қалыптастыру үшін жазатындар жоқ емес. Жазбаларын эссе, шағын әңгіме, мотивациялық мәтін түрінде түйетіндер де кездесіп қалады. Сол секілді ақпараттық (хабарлама, жаңалық, анонс), эпистолярлық (хат стиліндегі) жанрға жақындатып жазатындар да бар. Микрожанрға (афоризм, дәйексөз) мойын бұрғандар тағы бар. Ал Бауыржан Омарұлының ерекшелігі – осы аталған жанрлардың бір жүйесін тауып, журналистиканың жаңа бағытын қалыптастыра алғаны. Бір жағынан өзі журналист, эссеист, публицист, оның үстіне әдебиеттанушы ғалымға бұл аса қиын дүние емес. Бұл жайында өзі: «...Авторлардың ащы ішектей шұбатылған жазбаларын ешкімнің ықыластанып оқи қоймайтынына жұрттың көзі жетті. Демі бітіп қалатын дүниеге ден қойғанша, қысқа қайырымды күрмей салған мың есе артық емес пе? Желі жасты да, кәріні де осыған үйретті. Біз де сол сүрлеуге түстік. Ұзақ жыл бойы ұзақ жазуға дағдылансақ, қысқа мерзімде қысқа қайыруға бейімделдік», дейді. Шыны керек, қысқа қайырымды күрмей салу үшін де шеберлік қажет.
Желі – баспасөз емес. Желіде жеделдік һәм қысқалық керек. Қазіргі оқиға лезде ескіріп кетуі мүмкін. Бұл жағынан автор ештеңені қалт жібермей, қадау жазбаға айналдырып үлгереді. Желі – баспасөзден де жедел. Жариялаған жазбаң санаулы секундта оқырманның алдынан бір-ақ шығады. Желінің тағы бір артықшылығы – кері байланыс бар. Біреу жазбаны ұнатқанын білдіріп бармақ басады. Тағы бірі жылы пікірін қалдырады. Авторды арқаландыратын да осы нәрсе.
Расында, «фейсбукке мақала жазудың біреу-міреу нұсқаған өлшемі жоқ». Алайда белгілі бір тәртібі бар. Қысқа да нұсқа жазылған дүниенің желідегі ғұмыры ұзын. Бұл тұрғысынан да Бауыржан Омарұлының желі талабын өзгелерден бұрын меңгергені байқалады. «Қаламыңды құлаштап сілтеудің қажетсіздігін сезінесің. Ертеңнен салса, кешке озып, алыстан сермеу онша ұпай әпермейтінін ұғасың. Керісінше, ойыңды оймақтай етіп түсіруге бейімделесің. Толғамыңды түйіндеуге тырысасың. Оқығаның мен тоқығаныңды күрмеп отыруға ыңғайланасың», дейді ол.
Әлеуметтік желі – эксперимент алаңы. Соның арқасында әр адам өз бағытын, жанрын қалыптастырып келеді. Бауыржан Омарұлы да желінің басты талабы қысқалықты ұстанып, жылы жазбаларымен оқырманды баурап үлгерді. Енді, міне, сол шағын жазбалар жинақ болып оқырманға жол тартып отыр.
Біле білген адамға аз сөзге көп мағына сыйдыру да – үлкен өнер.