Денсаулық • Бүгін, 07:40

«Аңсаған сәби»: үкілі үміт, игерілмеген квота

11 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Аңсаған сәби» бағдарламасы мыңдаған отбасыға қуаныш сыйлады. Дегенмен, мемлекеттік квотаның игілігін толық көре алмай отырған өңірлер де бар.

«Аңсаған сәби»: үкілі үміт, игерілмеген квота

Сурет: aqshamnews.kz

Табиғи жолмен сәби сүйе алмай, алайда «өмірдің бір қызығы – баланы» көтергісі, көргісі келген жұптар барлық елдерде де көптеп саналады. Ғалымдар әйелді жасанды ұрықтандыруды алғаш рет 1973 жылы Аустралияның Монаш қаласында жасаған. Алғашқы тәжірибелер сәтсіз шық­қанымен, адамзатқа аса қажетті бұл әдіс жылдар бойы жетілдіріліп, қазір қатар­дағы медициналық үдерістің біріне айналды. Ал­ғашқы тәжірибеден бергі 50 жылдан артық уақытта «Экстракорпоралды ұрық­­тан­дыру» (ЭКҰ) деп аталатын бұл медициналық әдіс әлем ел­дерінде кеңінен қолданылып, дүниеге мың­даған адам келген.

Еліміздегі ЭКҰ тәжірибесі 1996 жылдан бастау алады. Бастапқыда қымбат процедура болғандықтан, оған көпшіліктің қолы жете бер­мейтін. Ал 2010 жылдан бастап мемлекеттік қолдау шаралары күшейтілді. Ресми ста­тистикаға сүйенсек, қазір елімізде 4 мыңнан астам ер адам мен 29 мыңнан аса әйел бедеулік дертімен есепте тұр.

Осы орайда 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен іске қосылған «Аңсаған сәби» бағдарламасының орны ерекше. Бағдарлама аясында МӘМС жүйесі арқылы 24 мыңға жуық отбасы тегін жолдама алды. Нәтижесінде, 8 мыңға жуық келіншек жүкті болып, 7 мың отбасы көптен күткен нәрестесін бауырына бас­ты. Мамандардың пікі­рін­ше, бұл – Еуропаның дамыған елдерімен деңгейлес көрсеткіш.

Алайда бағдарламаның орындалу барысында өңірлік сәйкессіздіктер де жоқ емес. Солтүстік Қазақстан облыстық перинаталдық орталығының директоры Елена Калюж­­наяның дерегінше, теріскейде кейінгі төрт жылда аталған бағдарламамен 334 сәби өмір­ге келген. Өкінішке қарай, бө­лінген квоталар толық иге­ріл­мей отыр.

Мәселен, 2021 жылы бөлін­ген 217 квотамен 110 сәби, 2023 жылы 190 квотамен 89 сәби дүниеге келген. 2024 жылы 169 квота бөлінгенімен, небәрі 65 нәресте туған. Бөлінген 887 жолдамадан төрт жылда 334 нәтиже шығуы – ойлантатын жағдай.

Бұл көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында сұ­ра­ныс­­тың төмендігін, ха­­лықты ақпараттандыру жұмы­сының кемшін екенін аң­ғартады. Сондықтан құзырлы органдар мемлекет қар­жы­сы­­ның тиімді жұм­салуын қа­да­ғалап, игерілмеген квота­лар­ды сұранысы жоғары өзге өңірлерге қайта бөлу мәсе­лесін қарастырғаны жөн сияқты.

 

Солтүстік Қазақстан облысы