Білім • Бүгін, 07:45

Шөлдала халқының қуанышы

11 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында біршама уақыт бұрын Тараз қаласына қарасты Шөлдала тұрғын алабында жаңа мектеп пайдалануға берілді. 600 орындық білім ұясы заманауи құрал-жабдықпен толықтай қамтылған.

Шөлдала халқының қуанышы

Суретті түсірген – Ақәділ Рысмахан

№70 орта мектептің ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы Ербол Қарашөкеев өңірде ағарту саласын өркен­дету мақсатында қолға алын­ған ауқымды жұмыс ілкі сәтке де тоқтамайтынын, жас­өс­пі­рім­дер­дің сапалы білім алуы үшін қолдан келгенше жағдай жасалатынын жеткізді.

«Мемлекет тарапынан бі­лім беру саласына көрсетіліп жат­қан қол­дау­дың нәтижесінде кейінгі жыл­­дары өңірде көптеген ауқым­­ды жұмыс атқарылғанын көзі қарақты жұрт көріп отыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бұған дейін 6 білім ордасы пайдалануға берілген болатын. Ауқымды жобаның арқасында облыста үш ауысымды мектеп мәселесі шешімін тапты.

Жалпы алғанда өңір халқы ұлттық жобаның шарапатын көріп отырғаны анық. Бүгін сол игі бастаманың жалғасы ретінде облыс орталығында тағы бір іргелі білім ұясы есігін айқара ашып отыр. Бұл – жас ұрпақтың сапалы білім алып, болашақта өз жолын нақты айқындауына бағытталған аса маңызды қадам. Осы бағыттағы жұмыс әрмен қарай да жалғасады», деді облыс басшысы.

Жаңа мектептің техникалық базасымен танысқан өңір басшысы оқу ордасының ұжымына интерактивті тақтаның сертификатын табыстап, білім алушыларға ізгі тілегін жеткізді.

Уақыт сұранысына сай салынған жаңа мектепте 33 оқу кабинеті, мәжіліс залы, асхана, екі бірдей спорт залы, STEM және роботтехника каби­неттері, екі компьютер сыныбы, кітапхана, үш зертхана, үш шеберхана және бес коворкинг орталығы бар.

Ресми дерекке сенсек, мектепте 723 оқушы білім нәрімен сусындап отыр. Толықтай жаңа құрал-жабдықпен қамтылған оқу ордасында 60-қа жуық білікті педагог жұмыс істейді.

 

Жамбыл облысы