Алаяқтар көбіне ақшаға мұқтаж немесе аңғал жандарды құрығына түсіреді. Әсіресе, жұмыс тәжірибесін талап етпейтін жеңіл табыс уәдесі студенттер мен мектеп оқушыларын да жиі қызықтырады. Олар табыс табудың оңай жолын ұсынып, адамдарды заңсыз әрекеттерге итермелейді.
Тек аударымды қабылдап, әрі қарай жіберу және сол үшін комиссия алғанда тұрған ешнәрсе жоқтай көрінеді. Алайда мұндай әрекеттер ауыр құқықтық салдарға, банк шоттарының бұғатталуына және қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Бұл жерде жауапкершілік тек ақшаны ұрлаған адамға емес, қаражат өткен карта немесе шот иесіне жүктеледі. Адам қаражаттың қылмыстық жолмен алынғанын білмесе де, оны дәлелдеу өте қиын болады.
Петропавлда 120 млн теңгені қолды қылған дропперлер сотталды
2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда дропперлік үшін жеке қылмыстық жауамкершілік енгізілді (ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы). Ол бойынша мынадай жаза түрлері қарастырылған:
-
Банк картасын немесе шотын үшінші тұлғаларға бергені үшін – 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
-
Өзгелердің мүддесі үшін аударымдар мен төлемдер жасағаны үшін – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
-
Қылмыстық схемаларда бөтеннің банк деректерін қасақана пайдаланғаны үшін – 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Сондықтан «оңай табыс» туралы уәделерге сыни көзбен қарау қажет. Мұндай «жұмыс» беделіңізге нұқсан келтіріп қана қоймай, ең қымбат құндылық – бостандығыңыздан айыруы мүмкін.