Театр • Кеше

Абай театры – Сингапурда

12 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры тұңғыш рет Сингапур еліне гастрольдік сапармен барды. Театр ұжымы Сингапур ұлттық университетінің (NUS) мәдениет орталығында өнер көрсетті.

Абай театры – Сингапурда

Абай театрының Сингапур­дегі гастролі – мәдениеттер то­ғы­сындағы маңызды оқиға. Бұл шығармашылық сапар ғана емес, Қазақстан мәде­ниетінің әлемдік кеңістікке нық енуінің айқын көрінісі. Географиялық тұрғыдан да, мәдени жағынан да алыс саналатын Сингапур сахнасында өнер көрсету – Абай театры үшін жаңа көрермен, тың талғам һәм айшықты мәдени диалог деген сөз. Ал Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең беделді мәдени әрі білім орталықтарының бірі NUS алаңында қа­зақ балеті­нің ұсынылуы ұлттық өнер­дің халық­аралық деңгейде сұра­ныс­­қа ие екенін аңғартады.

Гастрольдік бағдарлама­ның мазмұны бай, көркемдік ше­шімі жағынан салмақты. Театр сингапурлық көрерменге екі түрлі бағыттағы қойылымды ұсы­­нып, классикалық балет пен заманауи хореографияның үз­дік үлгілерін тоғыстырды.

Атап айтсақ, алғашқы бағ­дарлама — «Классикалық балет жауһарлары» атты гала-кеш. Өнер мерекесі әлемдік балет өнерінің алтын қорына енген таңдаулы шығармалар­дан құралған. Петр Чайковский­дің «Аққу көлінен» орындал­ған ­адажио – тазалық пен махаб­баттың рәмізіне айнал­ған мәңгілік лирика болса, роман­тикалық балеттің шыңы са­­на­латын «Силь­фида» қойы­лы­­мы арқылы көрермен нәзік сезім мен қиял­ға толы поэти­калық әлемге енді. Ал «Дон Кихот» балетінен ұсы­нылған үзінділер сахнаға шаттық пен жарқын әсер сыйлап, классикалық балет­тің темпераментке толы қырын әйгіледі.

Айтулы гала-кеш – тек әсем би ғана емес, орындаушылар­дың кәсіби деңгейін, сахна­лық мәдениетін, қазақ балет мек­тебінің қалыптасқан дәстүрін айқын көрсеткен көркем қо­йылым. Әрбір қимыл мен плас­тикалық шешім арқылы ұлт­тық сахнаның жоғары талғамы сезілді.

Гастроль аясындағы екінші бағдарлама – бір актілі «Кармен-сюита» балеті. Аталған туын­ды әлемдік хореография өне­рінде ерекше орын алады. Қойы­лымды әйгілі кубалық хореограф Альберто Алонсо сахналап, музыкасын ХХ ғасырдың көрнекті композиторы Родион Щедрин жазған. «Кармен-сюита» – классикалық балет канон­да­рын бұзған, жаңашыл көр­кем тілі­­мен ерекшеленетін шығарма. Кар­мен бейнесі ар­қылы сахнада еркін­­­дік­ке ұм­тылған рух, құмарлық ­пен тағ­дыр­дың тайталасы, махаб­­бат пен құр­бандық тақырыптары терең философиялық деңгей­де ашылды. Қойылымдағы өткір драматургия, мінезді пластика, эмоциялық қарқын көрер­менді бейжай қалдырмайды. Бұл ­балет – тек көркем туынды емес, адам болмысының күрделі табиғатын сахналық тілмен бей­нелейтін ойлы шығарма.

Тарихы терең, дәстүрі берік Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры бүгін­гі таңда ұлттық мәдениеттің бас­ты тіректерінің бірі саналады. Оның Сингапур сахнасындағы өнері – қазақ өнерінің әлемдік кеңіс­тікке батыл қадам басқаны­ның айғағы. Айтулы гастроль ұлт­тық мәдениетіміздің мәртебе­сін көтеріп қана қоймай, еліміз­ді классикалық өнер картасын­да айқын таныта түсті.