Үйірменің ашылу рәсімі облыстық Достық үйінде өтті. Аталған мәдени-спорттық іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 29 желтоқсандағы жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясын 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасында көрсетілген жастардың ой-өрісін кеңейту және қоғамдық келісімді нығайту міндеттері аясында ұйымдастырылды.
Тоғызқұмалақ – халқымыздың санғасырлық ой-өрісін дамытқан зияткерлік дода. Ол есепке жүйрік болуды, алдағы қадамды алдын ала саралауды және тактикалық ұтымды шешім қабылдауды қалыптастыратын ойын. Сонымен қатар тоғызқұмалақ – хакім Абайдың да сүйікті ойындарының бірі. Бұл туралы абайтанушылармен қатар М.Әуезовтің «Абай жолы» романында да көрініс береді. Сондықтан тоғызқұмалақ ойынының Абай елінде дамуы заңды құбылыс болса керек.
Үйірмені тәжірибелі жаттықтырушы Леонид Парфиев жүргізеді. Ол тоғызқұмалақ ойынымен 2000 жылдан бері айналысып келеді.
– 2016 жылдан бастап спорт мектебінде кәсіби жаттықтырушы ретінде жұмыс істедім. Кейінгі жылдары шәкірттерім халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Атап айтқанда, былтырғы жылдың қараша айында Малика Әсемханова әлем чемпионы атанды, – деді жаттықтырушы.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Әлин «тоғызқұмалақ ойыны жастар мен балалардың ойлау жүйесін дамытатын маңызды құрал», дейді.
Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Үйірменің ашылуына қатысқан Ульяна Абашева:
– Ойын барысында қатысушылар қарсыластың әрбір жүрісін талдап, дұрыс шешім қабылдауға, өз әрекеттерін алдын ала жоспарлауға үйренеді. Сабақ барысында барша қатысушылар белсенділік танытып, ойынға деген үлкен қызығушылық көрсетті. Алдағы уақытта үйірме жұмысына тұрақты түрде қатысып, тоғызқұмалақ ойынын тереңірек меңгеріп, ойын шеберлігін жетілдіргіміз келеді, – дейді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, үйірменің басты мақсаты – ұлттық зияткерлік ойындарды кеңінен насихаттау ғана емес, сонымен қатар этносаралық татулықты нығайтып, ортақ қызығушылық негізінде жастарды біріктіру. Тоғызқұмалақ адал бәсекені дәріптеп қана қоймай, жастардың бір-бірімен жақын араласып, ортақ іске ұйысуына мүмкіндік бермек.
Абай облысы