Денис 1997 жылы 7 тамызда Көкшетау қаласында дүниеге келді. Мектепте жүрген кезінде түрлі спорттың басын шалды. Каратэмен, жүзумен, шахматпен, тіптен тоғызқұмалақпен де шұғылданды. Кейіннен таңдауы шорт-трекке түсіп, оған мықтап ден қойды. Спорттың бұл түрінде Никиша елеулі табысқа қол жеткізді. Атап айтсақ, 500, 1000 метрлік сайыста ол 2014 жылы Сочи Олимпиадасында бесінші орын алып, Эрзурумде өткен жастардың әлем біріншілігінде қола медальды еншіледі. Келесі жылы Осакада сол көрсеткішін қайталады.
Ересектер дуына түбегейлі қосылғаннан кейін де жерлесіміз жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Ол соңғы екі әлем чемпионатында күміс медальды мойнында жарқыратты. 2014 жылы Роттердамда Қытайдың азаматтығын алған Оңтүстік Кореяның тумасы, Олимпия ойындарының жеңімпазы, 9 дүркін әлем чемпионы Линь Сяоцзюньнен ғана қалып қойды. 2025 жылы Бейжіңде Олимпиада мен әлемнің төрт дүркін чемпионы, канадалық Стивен Дюбуаға жол берді. Одан бөлек, Денис Дүниежүзілік универсиада да төрт рет үздік үштікті түйіндеп, Әлем кубогінде сан мәрте олжаға кенелді. 2018 жылы Пхёнчхан, 2022 жылы Бейжің Олимпиадаларында бақ сынады.
Бұл күндері Денис Ақ Олимпиадаға қызу даярланып жатыр. Оқу-жаттығу жиыны кезінде сұхбаттасқанымызда: «Дайындық жоспар бойынша жүзеге асып жатыр. Команда мүшелерінің көңіл күйлері көтеріңкі. Барлығымыз да Олимпиадада барымызды салып, жүлде алуды көздеп отырмыз. Менен көпшіліктің 500 метрлік сайыста жүлде күтетіні анық. Бұл – менің ғана емес, Абзал Әжіғалиевтің де оң жамбасына келетін қашықтық. Қазір екеуіміз бірге жаттығып, бір-бірімізге бәсекелес болып жүрміз. Одан ол да ұтады, мен де ұтамын. Бәсекелестік бар жерде нәтиже де болады. Сондықтан еш аянып жатқан жоқпыз. Менің де, Абзалдың да мақсаты – еліміздің Туын көкте желбірету, сәті келсе Әнұранымызды шырқату», деп ағынан жарылды.
Қазір еліміздің құрамасын білікті бапкер Пётр Гадимов жаттықтырады. Оған 2024 жылдан бері Нидерландтан арнайы шақырылған Вильма Бумстра көмектесіп жүр. Қызғалдақтар елінің өкілі кезінде АҚШ-тың ұлттық командасының бас бапкері болып, Еуропаның бірқатар мемлекетінде жемісті еңбек етті. Майталман маман кеңесші-жаттықтырушы қызметін атқарады. Шорт-трекшілеріміз Олимпиадаға 4 ақпанда аттанады. Спорттың бұл түрінен алғашқы жүлделер 10 ақпанда сарапқа салынады.