Спорт • Кеше

Денистің діттегені – жүлделі орын

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Апеннин түбегінде алауы тұтанатын XXV қысқы Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтеріледі деп сеніп отырған еліміздің басты үміттерінің бірі шорт-тректің хас шебері Денис Никиша екені сөзсіз. Бүгінгі мақаламызда сол спортшы туралы әңгіме қозғауды жөн көрдік.

Денистің діттегені – жүлделі орын

Денис 1997 жылы 7 тамызда Көкшетау қаласында дүниеге келді. Мектепте жүр­ген кезінде түрлі спорттың басын шалды. Каратэмен, жү­зумен, шахматпен, тіп­тен тоғызқұмалақпен де шұғыл­данды. Кейіннен таңдауы шорт-трекке түсіп, оған мықтап ден қойды. Спорттың бұл түрінде Никиша елеулі табысқа қол жеткізді. Атап айтсақ, 500, 1000 метрлік сайыста ол 2014 жылы Сочи Олимпиадасында бесінші орын алып, Эрзурумде өткен жастардың әлем біріншілігінде қола медальды еншіледі. Келесі жылы Осакада сол көрсеткішін қайталады.

Ересектер дуына түбегейлі қосылғаннан кейін де жерлесіміз жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Ол соңғы екі әлем чемпионатында күміс медальды мойнында жарқыратты. 2014 жылы Роттердамда Қы­тайдың азаматтығын алған Оңтүстік Кореяның тумасы, Олимпия ойындарының жеңім­пазы, 9 дүркін әлем чемпионы Линь Сяоцзюньнен ғана қалып қойды. 2025 жылы Бейжіңде Олимпиада мен әлемнің төрт дүркін чемпионы, канадалық Стивен Дюбуаға жол берді. Одан бөлек, Денис Дүниежүзілік универсиада да төрт рет үздік үштікті түйіндеп, Әлем кубогінде сан мәрте олжаға кенелді. 2018 жылы Пхёнчхан, 2022 жылы Бейжің Олимпиадаларында бақ сынады.

Бұл күндері Денис Ақ Олимпиадаға қызу даярланып жатыр. Оқу-жаттығу жиыны кезінде сұхбаттасқанымызда: «Дайындық жоспар бойынша жүзеге асып жатыр. Команда мүшелерінің көңіл күйлері көтеріңкі. Барлығымыз да Олимпиадада барымызды салып, жүлде алуды көздеп отырмыз. Менен көпшіліктің 500 метрлік сайыста жүлде күтетіні анық. Бұл – менің ғана емес, Абзал Әжіғалиевтің де оң жамбасына келетін қашықтық. Қазір екеуіміз бірге жаттығып, бір-бірімізге бәсекелес болып жүрміз. Одан ол да ұтады, мен де ұтамын. Бәсекелестік бар жерде нәтиже де болады. Сондықтан еш аянып жатқан жоқпыз. Менің де, Абзалдың да мақсаты – еліміздің Туын көкте желбірету, сәті келсе Әнұранымызды шырқату», деп ағынан жарылды.

Қазір еліміздің құрамасын білікті бапкер Пётр Гадимов жаттықтырады. Оған 2024 жылдан бері Нидерландтан арнайы шақырылған Вильма Бумстра көмектесіп жүр. Қызғал­дақтар елінің өкілі кезінде АҚШ-тың ұлттық командасының бас бапкері болып, Еуропаның бірқа­тар мемлекетінде жемісті еңбек етті. Майталман маман кеңесші-жаттықтырушы қызметін атқа­рады. Шорт-трекшілеріміз Олимпиадаға 4 ақпанда аттанады. Спорттың бұл түрінен алғашқы жүлделер 10 ақпанда сарапқа салынады.

Соңғы жаңалықтар