Палата спикері қатысушыларға ілтипат білдіріп, ел өміріндегі үдерістерді терең талдап, мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосуды көздейтін қоғамдастықтың қалыптасуы Сенаттың бес жыл бойы түрлі саладағы сарапшылармен жүйелі өзара іс-қимылының нәтижесі екенін атап өтті. Олар заң шығару бағытында бірлесіп жұмыс істеу, өңірлік жобаларды әзірлеп, іске асыруға септігін тигізген.
Сонымен қатар М.Әшімбаев Сенат жанындағы Талдау мектебі мен Сарапшылар клубы жас мамандардың аналитикалық қабілеті мен цифрлық мүмкіндігін кешенді түрде жетілдіруге, олардың бойына жасампаз құндылықтарды сіңіруге ықпал ететінін айтты. Мұндай қадам мемлекеттік басқаруды өзгертуге, оны одан әрі икемді, заманауи, инновациялық етуге мүмкіндік береді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аналитикалық қабілеттері жоғары, тың тәсілдерді меңгерген мамандардың жаңа толқынын даярлаудың маңызды екенін үнемі айтып келеді. Қазір кез келген шешім көптеген факторды ескеруді талап етеді. Ал аналитика басқару жүйесіндегі стратегиялық маңызды тетікке айналып отыр. Бұл ретте талдау қабілеті мен заманауи цифрлық мүмкіндіктің үйлесімі де аса маңызды. Талдау мектебі – осы бағыттағы мақсат-міндеттерді іске асыруға қосқан біздің нақты үлесіміз, – деді М.Әшімбаев.
Сенат төрағасы «ЖИ дәуіріндегі мемлекеттік басқару және талдау» тақырыбындағы дәрісі кезінде кәсіби кейстерге тоқталып, кеңестерін бөлісті. Сондай-ақ аналитиктердің отандық, сондай-ақ әлемдік тәжірибесінде қолданылатын трендтер мен пайдалы тетіктерге, үлкен деректермен жұмыс істеу әдістеріне тоқталды. Палата спикері әлемде болып жатқан үдерістердің өзара байланысына, олардың зерттеу кезінде ескерілуге тиіс екеніне де ерекше мән берді.
Мектептің биылғы дәрістер бағдарламасы «Smart Governance: тиімді басқару қажетті деректер, аналитика және жасанды интеллект» тақырыбы аясында әзірленген. Оның барысында «Урбанистика, болашақ қалалар және өңірлік даму», «Энергетика және орнықты инфрақұрылым», «Экология және климаттық саясат», «Агроөнеркәсіп және ауылдық жерлердің орнықты дамуы», «Инклюзивтілік және әлеуметтік саясат», «Білім және адам капиталы», «Проактивті мемлекеттік басқару» секілді 7 негізгі бағыт бойынша баяндамалар дайындалады. Әрбір топ командамен жұмыс тәсілдерін дамыта отырып, аналитикалық жобалармен жұмыс істейді. Сондай-ақ аналитикалық материалдар әзірлеу мен шешім қабылдау дағдыларын жетілдіреді.
Сонымен қатар тәлімгерлермен командалық жұмыс талдаушылар үшін кәсіби нетворкинг бағытында болмақ. Менторлардың қатарында өз салаларындағы жетекші мамандар – мемлекеттік құрылымдардың, ғылыми, халықаралық ұйымдардың өкілдері, отандық, шетелдік сарапшылар, сондай-ақ, оқыту модульдерінің әр бағыты бойынша тиісті орталық мемлекеттік органдардың басшылары бар. Олардың бәрі тәлімгерлікке волонтерлік негізде тартылады.
Соған сәйкес алғашқы күнде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, мінез-құлық ғылымдары және деректерді талдау саласының маманы, Smart-жүйелерді цифрландыру мен дамыту бағытында әлем мойындаған сарапшы, Сингапурдан келген доктор Рубен Энг, сондай-ақ, стратегиялық және дағдарыстық коммуникациялар жөніндегі сарапшы, модератор, командалық білім беру және бағдарды түсіну жөнінде стратегиялық сессия өткізген Ербол Исмаилов дәріс оқыды.
Бесінші кезеңдегі оқыту бағдарламасы сегіз аптаға жалғасады. Соның қорытындысы бойынша аналитикалық материалдар жинағы жарық көреді. Ұсынымдар жинақталған бұл қорытынды құжат Парламент депутаттарына, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдарға алдағы қызметте назарға алу үшін жолданады.
Сарапшылардың бұған дейінгі кезеңдер мен жаңа бесінші лек кезіндегі бейне дәрістерін Талдау мектебінің ресми YouTube арнасынан көруге болады.