Бас прокуратураның хабарлауынша, алаяқтық схемасы қарапайым. Пайдаланушыға Telegram арқылы шектеусіз қолжетімді үлкен кітапханаға кіруге болатыны туралы хабарлама келеді. Қажетті кітапты сұратқаннан кейін бот нақты сервиске ұқсас әрекет жасап, кітаптың қысқаша мазмұнын ұсынады. Алайда кітапты оқу немесе жүктеу орнына «арнайы қосымша» деген желеумен вирусы бар файл жібереді.
– Мұндай файлды орнату ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Атап айтқанда, парольдер мен ақша қаражатының ұрлануы, хат-хабарлар мен жеке фотосуреттерге қол жеткізу, смартфонды қашықтан басқару және жеке деректердің жоғалуы қаупі бар, – делінген хабарламада.
Жалған түбіртекпен дүкен сатушыларын сан соқтырған алаяқ ұсталды
Прокуратура өкілдері ресми емес дереккөздерден алынған бөгде қосымшаларды орнату киберқауіпсіздікке елеулі қатер төндіретінін ескертеді. Ведомство азаматтарды кибергигиена қағидаларын қатаң сақтауға және жеке сақтық шараларын күшейтуге шақырды.
Мамандардың айтуынша, жеке қырағылық пен қауіпсіздік талаптарын сақтау – мұндай интернет-қауіптерден қорғанудың негізгі жолы.