Саясат • Бүгін, 08:15

Отандық өнімдер әлемдік нарыққа таныстырылды

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Берлиндегі Grüne Woche көрмесінде Қазақстанның Ұлттық павильонын ашты.

Отандық өнімдер әлемдік нарыққа таныстырылды

Сурет: kaz.inform.kz

Grüne Woche көрмесі 1926 жылдан бері өткізіліп келеді. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген елдер өздерін­де өндірілген ауыл шаруашылығы өнім­дерін ұсынады. Соның аясында отандық өндірушілер тәжірибе алмасуға, өзгенің өнімін сынап көруге, тікелей іскерлік байланыстар орнатуға, еуропалық нарық талаптарын терең түсінуге мүмкіндік алады.

Ведомствоның дерегінше, 16–25 қаңтар аралығында өтетін көрме кезінде министр Арман Шаққалиев бастаған делегация «Жасыл апта» аясындағы аграрлық саясат, бизнес пен халықаралық ұйымдар өкілдерін біріктірген негізгі іс-шараларға қатысқан.

Көрмедегі басты оқиғаның бірі – Қазақстанның Ұлттық павильонының ашылуы болды. Павильон іскерлік диа­лог алаңы ретінде қызмет атқарып, экспорттық әлеуетті таныстыруға, өнер­кәсіптік кооперацияның келешегін талқылауға мүмкіндік берді.

Экспозицияда отандық ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіру, заманауи агротехнологияларды енгізу және агрожүйелерді дамыту бағытында қолға алынған жұмыстар кеңінен таныстырылды. «Павильон Германия және басқа да халықаралық серіктестер тарапынан жоғары қызығушылық тудырып, өнімдеріміз бен бірлескен жобаларға деген сұраныстың артып келе жатқанын дәлелдеді», дейді министрлік өкілдері.

GFFA аясында Арман Шаққалиев бірқатар халықаралық әріптестермен екіжақты кездесулер өткізді. Атап айт­қанда, Германияның Азық-түлік, ауыл ша­руа­шылығы және өңірлік сәйкестік жөнін­дегі федералдық министрі Алоис Райнермен, Германияның Экономика және энергетика федералдық министр­­лігі­­нің статс-хатшысы Томас Штефенмен, Неміс экономикасының Шығыс коми­теті­нің атқарушы директоры Михаэль Хармспен, сондай-ақ Дүниежүзілік сау­да ұйымы Бас директорының орынбасары Жан-Мари Паугаммен келіссөздер жүргізді. Тараптар сауданы кеңейту, кедергілерді азайту, азық-түлік жеткізу тізбектерінің тұрақтылығы мен өзара нарықтардағы байланыстарды күшейту мәселелерін талқылады.

Келіссөздердің жеке блогі аграрлық ынтымақтастық пен технологиялық әріптестікті дамытуға арналды. Отандық делегация Пәкістанның Ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі және зерттеулер жөніндегі федералдық министрі Рана Танвир Хуссейнмен, Германияның Ауыл шаруашылығы федералдық министр­лігінің мемлекеттік хатшысы Маркус Шикпен, Неміс агробизнес альянсының директоры Пер Бродерзенмен, басқа да лауазымды тұлғалармен мазмұнды келісімдер жасады. Жүздесу барысында өндірісті өркендету, ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту, неміс сапа стандарттарын енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту мен су үнемдеу мәселесі басты назарда болды.

Еліміздің делегациясы Неміс агробизнес альянсы ұйымдастырған салалық пікірталастарға да белсенді қатысты. Оның ішінде суды ысырапсыз пайдалану мен инновациялық агротехнологияларға арналған панельдік сессияға үн қосты.

Іс-шаралар барысында Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың нығайып келе жатқаны аталып өтті. 2025 жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 3,91 млрд долларды құрады. Қазақстанның Германияға экспорты 7,9 пайызға өсіп, 1,17 млрд долларға жетті. Бұл неміс нарығының отандық жеткізушілер мен жергілікті өнімдерге деген қызығушылығын көрсетеді. 

Соңғы жаңалықтар