Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:55

Көлік көбейген сайын қауіп күшейіп барады

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жолдағы қауіпсіздік қамы әлеммен бірге біздің елді де толғандырады. Алайда жыл өткен сайын жария статистика жағаңды ұстатады. Айдың-күннің аманында жол апатынан мыңдаған азаматтың ажал құшқаны алаңдатпай қоймайды. Жуырда Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында осы мәселеге тағы бір ой жүгіртіп, себебіне қатысты пікір білдірді.

Көлік көбейген сайын қауіп күшейіп барады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Әрине, жолдағы апаттың көбеюін полицейлердің немқұрайдылығымен ғана байланыстырғанымыз дұрыс емес. Мұнда фактор көп. Көбіне жүргізушілердің кінәсінен болып жатады. Мемлекет басшысы жол-көлік апатының тек бізде ғана емес, көптеген ел үшін өте өзекті мәселе болып отырғанын жеткізді. Ал оған басты себептің бірі деп автокөліктің көбеюін атап өтті.

«Инфрақұрылым жетілдірілді, бақылау күшейді. Айыппұлды өсіру туралы шешім де, ең алдымен, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданды. Соның нәтижесінде ахуал жақсарып келеді, көлік апаттарынан болған адам өлімі 9,4 пайызға азайды. Алайда қоғам жол ережесін сақтауға немқұрайлы қараса, қолға алынған шаралардың ешқайсысы тиісті нәтиже бермейді. Түптеп келгенде, жүргізушілер қарапайым, бірақ өте маңызды талаптарды сақтамағандықтан, жан түршігерлік апаттар болып жатады. Бұл жағдай көлік жүргізушілерінің жол ережесін білмеуінің немесе оны біле тұра елемеуінің кесірінен орын алады. Дәл осындай жауапсыз жүргізушілер адам өліміне әкеп соқтыратын апаттарға себепкер болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сұхбатында кейбір да­мы­ған елдерде көлік апаттарының ал­дын алу үшін жаңа тұжырымдама енгі­зіліп жат­қанын жеткізді. Соған сәйкес әр адам полиция қызметкерлеріне ұста­лып қалудан қорыққандықтан емес, өзінің және басқа адамдардың қауіпсіздігін ойла­ғандықтан, жол ережесін сақ­тауға тиіс екенін атап өтті. Бұдан бө­лек, Мемлекет басшысы бұл сала­ға жаңа технологияларды, соның ішінде әлем бар ынтасын салып отыр­ған жасанды интеллектіні кеңі­нен енгізген жөн екенін айтты.

Әсілінде, Президент сұхбатта айт­қан­дай, былтырғы ЖКО салдарынан болған адам шығыны азайғанымен, бұл төңіректегі жыл сайын өсіп келе жатқан жалпы статистика оңала қойған жоқ. Бас прокуратура Құқық­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми мәліметіне сүйенсек, кейінгі бес жылда көрсеткіш сатылап өсіп келеді. Мәселен, 2021 жылы – 13 940, 2022 жылы – 14 834, 2023 жылы – 15 886, 2024 жылы – 31 597, ал өткен жылы 36 146 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті.

Комитеттің елдегі жол апаттарынан жарақат алып, жантәсілім еткен адамдар санына да көз жүгіртсек, жағдай мәз емес. 2021 жылы – 2 270 (зардап шеккендер – 18 096), 2022 жылы – 2 425 (зардап шеккендер – 19 135), 2023 жылы – 2 543 (зардап шеккендер – 19 554), 2024 жылы – 2 579 (зардап шеккендер – 40 873), ал былтыр 2 330 (зардап шеккендер – 49 220) адам қаза тапқан екен. Бір қуанар­лығы, былтыр қаза тапқандар саны азайыпты. Дегенмен қалай қуансақ та, мыңдаған адам өлімі бәрібір қуанышыңды су сепкендей басады.

Бұл мәселеге Мемлекет басшысы 2024 жылғы халыққа арнаған «Әді­летті Қазақстан: заң мен тәр­тіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында да мән беріп, тиісті ведомство басшыларына тапсырма жүктеген. Отандастарымыздың күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатқанын, тіпті олардың арасында тұтас отбасылар да бар екеніне қын­жылыс білдірген Президент жүр­гі­зушілерді даярлау деңгейінің де тө­мендеп кеткені жасырын емес еке­нін айтты. Жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар бар еке­ніне тоқталған Мемлекет бас­шы­сы Үкімет, әкімдер, Ішкі істер ми­нистрлігі батыл қадам жасауы керек­тігін ескертіп, депутаттар да бұл мәсе­лені назарда ұстауға тиіс екеніне назар аударған-ды.

Оқиғалардың басым бөлігі негізі­нен жүргізушілердің жолда жүру ережелерін сақтамаудың, оларда заңға мойынсұну мінез-құлық қағидалары мен дағдыларының қалыптаспауының, жастардың жолда ұшқалақтап, зейін­сіз болуының, мас күйінде жолға шығу мен жаяу жүргіншілердің де рұқ­сат етілмеген кез келген тұс­тан кесе көлденең өте шығуының, қар­лы күндері жолдың дұрыс тазалан­бауы­ның, автомобиль жолдарында күні-түні малдың маң-маң басып, қараусыз жүруі­нің салдарынан екенін күнделік­ті жаңалықтардан көзіміз көріп, құлағымыз естіп отыр.

Жуырда алқа отырысын өткі­зіп, өткен жылдың жұмысын қорытын­дылаған Ішкі істер министрлігі біраз қылмыстың бетін ашқанын мәлім­деді. Отырыста министр Ержан Саде­нов былтыр құқықтық тәртіп пен қоғам­дық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды кезеңі болғанын атап өтті.

«Өткен жыл Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайту кезеңі болды. Осы бағытта министрлікте Про­филактика жылы жария­ла­нып, бұл жасалып қойған құқық бұзу­шылықтарға ден қою­дан олар­дың алдын алуға басым­дық беруге мүмкіндік туды. Жүйе­лі профилактика өз тиімділігін дәлел­деп, қылмыстың тұрақты түрде төмен­деуіне септігін тигізіп келеді», деді министр Е.Саденов.

Мұндай оң көрсеткіштер көңі­ліміз­ді көншітеді. Алайда жол-көлік оқи­ға­сын қалай азайтуға болады деген сұ­рақ күн тәртібінен әлі де түс­пей­тін түрі бар. Әдетте құзырлы орган­дар көр­сет­кіш­тердің оң динамика­сын алдын ала қолға алынған профи­лактикалық жұмыстардың нәтижесі деп түсін­діреді. Ал өлім-жітімнің, әсі­ресе көлік апатта­рының көбеюін поли­цейлердің қыра­ғылығы мен тынымсыз жұмысының арқасында көп тіркелді деп мәлімдеп жатады. Мүмкін солай да шығар. Бірақ қалай болған күнде де, өзекті өртер өкінішті фактінің артып бара жатқаны жанға батады.

Көлік саласындағы сарапшы мамандар да, полицейлер де нешеме кеңес беріп, ескертулерді айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ тыңдар құлақ бол­маған соң, нақты нәтиже еңсе көтер­тер емес. Мамандар максималды жылдамдықты 5 пайызға азайт­қан жағдайда, адам шығыны 30% кемитінін айтып келеді. Мектептер мен тұрғын үйлердің маңында жылдамдықты 20 км/с дейін азайту қажет. Алдыңғы орын­дықтағылар қауіпсіздік белдігін қол­данса, адам шығынын 50% азайтаты­нын зерттеулер дәлелдеген. Ал артқы орындықта қауіпсіздік белдігін тағу кісі өлімін 75%-ға дейін, сондай-ақ балаларға арналған қауіпсіздік құ­рылғылары олардың жол-көлік оқиға­сынан қаза табуын 54-80% деңгейде болдырмайды.

Оқиғалар кезінде отандастарымыз ешбір ғажайып жағдайларда қаза тауып жатқан жоқ. Сол баяғы жыл­дамдықты асыру, мас күйінде рөл­ге отыру, басып озу (маневр) ере­же­ні бұзу, қарама-қарсы жолға шы­ғып кету, жол қиылысы ережесін сақ­та­мау, қирап тұрған көлігімен жол­ға шығу, ара-қашықтықты сақта­мау, жол белгілеріне бағынбау, адам тасу ережесін бұзу, тіпті жаяу жүргін­шілердің де жолдан өту ережесін сақта­мауының арты орны толмас адам шығынын болдырып отыр.

Президент былтырғы Жол­дауын­да айтып өткендей, әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адам­дардың қауіпсіздігіне жауапты еке­нін сезінуге тиіс. Ал көлік жүр­гізу мә­дениетін бүкіл қоғам болып қалыптас­тыруымыз қажет. 

Соңғы жаңалықтар